Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көлтоғандықтар келісімге келді

0 225

Көлтоған ауылы – шаһардың №13 аумақтық округіне қарайтын 730 тұрғыны, 172 түтіні бар шағын ғана елді мекен. Облыс орталығына жапсарлас жатқан бұл ауыл тұрғындарының жалғыз тілегі – көгілдір отын.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Талай жыл көгілдір отынсыз күнелтіп келе жатқан көлтоғандықтардың айлары оңынан туар күн жақындағандай еді. Талай мәрте қала басшылығының жыл сайынғы есебінде қозғалған газдандыру мәселесін біржақты ету үшін жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген-ді. Аталған сома жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуге бағытталған. Тап осы тұста тұрғындар арасынан жік шығып, мәселе ушыға түскен. Жеке меншік компанияға жүгінуге 32 үйдің иесі 50 мың теңгеден жинаған. Бірақ компания жұмысты басталмай жатып тоқтатуға мәжбүр болып отыр. Мәселені реттеу үшін ауыл тұрғыны Күнсұлу Өксікбаева аталмыш аумақтық округтің депутаты Жанар Бүркітбаеваға өтініш айтып, тұрғындардың алаңдаушылығын қала басшылығына жеткізуді сұрады. Хабарлауынша, тұрғындар бюджеттен бөлінген қаражаттың негізгі жұмсалу тетігін жете түсінбеген. Нәтижесінде көпшілік қос тарапқа бөлініп, өзара жанжалдасып, биыл да газдан қағылудың сәл-ақ алдында қалып отыр.
– Біз газды жеке меншік компания арқылы ақылы түрде жүргізіп алуға болатынын естіген күннен ауыл тұрғындары болып әр үй 50 мың теңгеден жинай бастадық. 32 адамнан жиналған қаражат тиісті мекемеге берілді. Газ құбыры ауылға жақындап қалды. Алайда үй арасында «газды Үкімет өзі жүргізіп береді» деген қауесет тараған. Осының әсерінен кейбір ақша қосқан үй иелері дау шығарып, берген қаражатты қайтаруды сұрап жатыр. Естуімізше, бізбен көршілес жатқан Шалғай Қарасу, Шөлдала ауылдары газды алаңсыз пайдаланып отыр. Тұрғындарға ауылға көгілдір отын қандай тәртіпте пайдалануға берілетінін түсіндіріп, мәселені реттеу үшін мен өзіміздің аумақтық округтің депутаты Жанар Бүркітбаеваға өтініш жасадым. Қыстың көзі қырауда. Ертең тағы да көмір іздеп сабылғымыз келмейді. Мән-жайды түсіндіріп берсеңіздер екен, – деді Күнсұлу Қуатқызы.
Ушыққан жағдайға байланысты тұрғындарға түсіндіру жұмысын жүргізу үшін ауылға қала әкімінің орынбасары Бейсенбек Жанбосынов пен осы аумақтық округтің депутаты Жанар Бүркітбаева келді. Жиында бірнеше тараптың тілегі тыңдалды. Бейсенбек Жанбосынов 9 миллион теңге қаражаттың қандай мақсатқа бөлінгенін тайға таңба басқандай етіп түсіндіріп берді.
– Көлтоғанды газдандыру мәселесі жыл басында қала әкімінің есебінде қозғалған болатын. Бөлінген 9 миллион теңге көлеміндегі қаражат жобалық-сметалық құжаттарына жұмсалады. Ал газды Үкімет бағдарламасы бойынша жеткізу үшін құрылыс жұмыстарына жұмсалатын қаржы көлемінің үлкен болуы себепті біз республикалық бюджеттен ақша сұрауға мәжбүр боламыз. Бұл шаруа тек 2021-2022 жылдары ғана жүзеге асады. Бүгінгі таңда көршілес ауылдар жеке меншік мекемелердің көмегіне жүгініп, газға қол жеткізіп отыр. Айта кететін жайт, қазір аталған компания көмегіне біріңіз жүгініп, біріңіз бас тартсаңыздар, келешекте бұл бұдан да үлкен дауға айналуы мүмкін. Себебі мемлекеттік бюджет есебінен газ жеткізілген уақытта бір көшеге екінші рет құбыр жүргізілмейді. Осыған байланысты бір рет шығындалсаңыздар да, жеке меншік компанияның көмегін пайдаланғандарыңыз абзал. Қазіргі таңда былтыр Үкімет тарапынан тартылған 20 шақырымдық газ магистралі ауылға жетіп тұр, – деді Бейсенбек Жанбосынов.
Өз кезегінде тұрғындармен жүздесуге арнайы келген «Байзақ Газ Сервис» ЖШС өкілі Бақытжан Солагаев жеке меншік тәртіппен газ жүргізуге қанша қаражат кететінін, төлем әдістерін кеңінен түсіндіріп берді.
– Негізі көлтоғандықтардың белгілі бір бөлігі 50 мың теңге көлемінде бастапқы қаражатты жинап берген болатын. Тек орта жолда арадан шыққан жанжалға және қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты құбыр тарту жұмысы тоқтап тұр. Ең төменгі бағамен есептегенде бір үйге газ кіргізу үшін 320 мың теңге керек. Біздің компания осы ауылдың әлеуетіне қарап бастапқы 50 мыңды бір жинап, қалған қаражатты 30 мың теңгеден пайызсыз бөліп төлеу әдісін ұсынып отыр. Бір ай көлемінде осы ауылды газбен қамтамасыз етіп, ары қарай жұмысты жалғастыруымыз керек. Қазіргі ушыққан жағдай жұмысымызға кедергі болып тұр, – деді Бақытжан Ескермесұлы.
Бұдан кейін тұрғындар шаһар басшысының орынбасары мен жеке меншік компания өкіліне көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, ашық пікірлесті. Өзара келісімге келген көлтоғандықтар көгілдір отынға қол жеткізу үшін жағдайды әрі қарай ушықтырмауға уағдаласты.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.