Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көктей түс, көне қала!

0 183

Қаһарлы қыс кетіп, айналаға шуақты көктем мезгілі келді дегенмен, қыс ызғары әлі қайта қойған жоқ. Десек те, әр мезгілдің өзіне тән ерекшеліктері бар. Көктем келісімен, тұрғындар қолдарына кетпен-күректерін алып, ерте бастан шаруаларына кіріседі. Бұл уақытта барлық аумақта тазалық жұмыстары қарқын алып, көркейту, көгалдандыру, сонымен бірге көшет отырғызу науқаны басталады.

Арайлым Шабденова

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» десек те, ерте көктемнен бастап бау-бақшаның жайын келтіріп, ауланы тазалап, есіктің алдына тал-дарақтар отырғызатын мезгіл жетті. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» дейтін халқымыз тал отырғызу, айналаны көгалдандыру жұмыстарына салғырт қарамаған. Ал Таразда бұл жұмыстарды іске асыру үшін ауа райының өзі де оң қабағын танытып тұрғандай.

Көпке үлгі болуды көздейді
Көшет отырғызу демекші, осы мезгілде қала базарлары маңын көшеттер қаптайтыны белгілі. Жас шыбықтар базарларда сатылғандықтан, отырғызылған ағаштың көктеп кетуіне, саялы да мәуелі ағашқа айналуына немесе жеміс ағаштарының сапалы болуына ешкім кепілдік бере алмайды. Ал қалада қай көшетті қайда және қалай отырғызу керектігін, бақша күтіміндегі сіз бен біз білмейтін құпияларды ашу үшін газеттің тілшілері қала орталығында орналасқан «Нури» бақша орталығының жұмысымен танысып қайтты. Облыс орталығында тұрғындарға тал-дарақтарды, көшеттер мен гүлдердің сан түрін, жеміс-жидек талдары мен қылқан жапырақтыларды қолжетімді бағада ұсынып отырған сауда орны 2007 жылдан бастап жұмыс жасайды. Тараз қаласынан тамырын тартқан орталық Түркістан облысында қанатын кеңге жайып, Сарыағаш ауданында 10 гектар жерге жылыжай да салыпты. Бүгінде тек Қазақстанды ғана емес, алыс-жақын шет елдерді көшеттермен, раушан гүлдерімен және жасанды көгалмен қамтамасыз етіп отыр.

– О баста «Нури» бақша орталығы кішкентай сауда нүктесі ретінде жұмысын бастап, бүгінде нарықта үлкен сұранысқа ие болып отыр. Мұнда раушанның 170 түрі, қылқан жапырақты ағаштардың сан түрі, жидекті бұталар мен жеміс ағаштары бар. Тараз қаласындағы орталықта 6 сатушы, 10-ға жуық жұмысшы қызмет етеді. Біз көшет өсіруде заманауи технологиялар мен экологиялық талаптардың барлығын сақтаймыз. Сонымен қатар раушан гүлдерін Ресей еліне де жібереміз. Ал Бельгиядан алып келетін тұқымдарды будандастыру арқылы өңірдегі көшеттер мен түрлі ағаштардың кез келген ауа райына төзімді болуын қамтамасыз етеміз, – дейді «Нури» бақша орталығының директоры Алиакбар Алишеров.

Өздерінің басты мақсатын әр тұтынушымен жеке жұмыс жасау деп білетін орталық директоры салада кездесетін қиындықтарды да атап өтті.
– Жасыратыны жоқ, біздер өсімдікпен айналысып жатқандықтан, оларды шет елден де алып келеміз. Мәселен, Бельгиядан 5 наурызда келген тауар кедендік бақылауда әлі тұр. Олардың тексеруі ұзақ болғандықтан, өсімдіктер жеткенше кейбірі солып, жарамсыз болып қалады. Бәсекелестікке келер болсақ, тұтынушыларды алдай алмайсың. Мәселен, базарда саудаланатын көшеттердің басым бөлігі таулы аймақта өсірілгендіктен, олар аулаға отырғызылғанда, өсу-өспеуі екіталай. Ал біздегі көшеттер мен ағаштар есіктің алдында өсірілгендіктен, 99,9 пайызға өсіп-жетілетіндігіне кепілдік береміз. Күтімі жақсы болса болғаны, – дейді орталық директоры.

Жалпы мекеме қаланың көгалдандыру, абаттандыру жұмыстарында да белсенділік танытады екен. Сонымен қатар Түркістан облысындағы бірқатар мекеменің гүлдей жайқалуына өз үлестерін қосып жүрген қызметкерлер жылына 50 мың метр жасанды көгал төсейді. Ал көктемде 25 мың метр жасанды көгал қала көшелеріне жеткізіледі. Тіпті күні кеше ел игілігіне жаңғыртылып берілген «Жеңіс» саябағын көгалдандыру – осы орталықтың жұмысы. Сұқбат барысында Ұлбике ақын көшесінде отырғызылған қылқан жапырақты талдарды көзіміз шалды. Бұл да мекеме директорының бастамасымен көше тұрғындарына жасаған сый екен.

– Біздің қаланы «Жасыл қала» деп айтатыны баршаға мәлім. Өзімнің қалама да қолтаңбамды қалдыру мақсатында, өзім тұратын Ұлбике ақын көшесінің басынан аяғына дейін тал отырғыздық. Бұл жай талдар емес. Келер жылы Бельгиядан арнайы суретші шақырып, егілген аршалардан топиар кескіндерін жасауды жоспарлап отырмыз. Мен шет елдердің көшелерін, үйлерін көріп, неге біздің қалада осындай кескін мүсіндер болмасқа деп осы ісімді бастадым. Енді нәтижесін күтіңіздер, – дейді Алиакбар Алишеров.
Расында, егер бұл бастама іске асса, көпке үлгі болары сөзсіз.

Бағбандар не дейді?

Көктемде жеміс ағашының көшеттерін отырғызамыз. Бірақ бағбандар жеміс ағаштарын көктемде емес, күзде отырғызу жөн екенін айтады.
– Қазір егілген көшет көп күтімді қажет етеді. Яғни ағаштың тамыр жайып, жерсінуі үшін уақтылы суару қажет. Әйтпесе, төккен тер еш кетеді. Ал бізде қалай? Аптасына бір-ақ рет су құйылады. Бұл дұрыс емес. Әрине, бұл көктемде ағаш егуге болмайды деген сөз емес. Ең бастасы, күтім жасалса болғаны, – дейді бағбан Қанат Орынбаев.

Бағбанның сөзінше, жеміс ағаштарын, жүзімді күзде отырғызса, көктемге дейін тамыр жайып, жерсінеді. Күтімді де қажет етпейді. Күзде егілген көшеттердің 99 пайызы көгеріп, жеміс береді екен.Ағаш жерсіну үшін оны егуге алдын ала дайындап алу қажет. Ағаш отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Көшетті еккенде, бірінші кезекте оның тамыры мен ұзындығына да мән беру қажет екен.

– Көшетті отырғызар алдында ағаштың орталық тамырын 1 см-ге дейін қырқу керек. Сондай-ақ егер егілетін ағаш көшеті ұзын болса, оның артық бұтақтарын қысқартып, қырқып тастаған абзал. Әсіресе, астыңғы жақ шыбықтарын кесіп тастаңыз. Бұл ағаштың жақсы дамуына сеп, – дейді бағбан.

Артық болмас білгенің

Көктемнің алғашқы айларында әдетте жеміс ағаштары мен көкөністердің түрлерін еге бастаймыз. Өсімдіктерді түрлі әдістермен егуге болатыны баршаға мәлім. Ағаштарды отырғызбас бұрын алдын ала топырақты дайындап алу керек. Егер сіз ағаш отырғызбақ болсаңыз, ең алдымен жақсы дренаж жасап ашу керек. Ағашты суарғаннан кейін су төменге қарай ағып кетпесе, теректің тамырының айналасына жиналатын болса, онда тамырлары шіріп, өсімдік өліп қалады. Егетін жерге су құйып, судың қалай аққанын бақылаңыздар. Су ағып кеткеннен кейін жерді қазып қарауға болады. Егер су нашар ағатын болса, жоғарғы қабаттарға тұрып қалады да, топырақ сазға айналып, суды өткізбейді. Демек, топырақтың физикалық қасиеттерін өзгерту немесе оны алмастыру керек.

Тұзды жер асты сулары жақын орналасқан жерлер қайта сазданып қалмас үшін дренаждық қабат төсеуге болады. Ол түтіктер арқылы топырақтағы тұзды көтермей ұстап тұрады. Ол үшін қиыршық тастар, ұсақ тастар, ірі қиыршақ тастар, керамзит, уатылған кірпіш пен басқа да ірі түйіршікті материалдарды пайдалануға болады. Толтырғыштағы саңылаулар топырақпен бітеліп қалмас үшін дренаждық абатты топырақтан органикалық емес материалмен бөлу керек. Әдетте дренажды қабат шашақты тамыр жүйесі бар өсімдіктің (алма ағашының) түбіне төселеді. Ал өзекті тамыр жүйесі бар өсімдікті (алмұрт, шие) құрамында тұзы аз және тұзды жер асты сулары төмен деңгейде орналасқан учаскелерге отырғызған жөн. Әйтпесе, шыбық талдар өскеннен кейін тамырлары топырақтың төменгі тұзды қабаттарына немесе тұзды жер асты суларына жеткен кезде ағаш кеуіп, оны үнемі қиып отыру керек болады. Сондай-ақ жер асты сулары жоғары орналасқан жерлерде көшет отырғызылатын орындарды үйме топырақтармен көтеріп, үйме топырақтан егетін шұңқырлар жасаған жөн.

Топырақты ауыстыру немесе бар топырақты пайдалану кезінде өсімдіктің бой алып кетуіне жағдай жасау үшін мынадай әдістерді қолдануға болады. Тереңдігі 80-100 см болатын шұңқыр қазылады. Оның түбіне жоғарыда көрсетілгендей дренажды қабат төселеді. Дренажды қабаттың қалыңдығы 8-10 см болуы мүмкін. Содан кейін шұңқырға 3:1 есебімен көң араластырылған топырақ себеді. Қоспа үшін шіріп біткен көңді пайдаланған маңызды. Әдетте мұндай ұнтақталған көңнің иісі болмайды. Егер көң ескі болмаса, оны топырақпен араластырып, бірнеше ай қойған дұрыс. Топырақтың дренаждық қасиетін жақсарту үшін аз ғана ірі түйіршікті құм немесе құрамында тұзы аз «ПГС» топырағын (арнайы тыңайтқыш) қосуға болады. Отырғызатын шұңқырға топырақты сепкеннен кейін, оны суға толтыра алу үшін отырғызылатын шұңқыр көлеміндей қуыс жасалады. Жасалған қуыстарды кем дегенде 30-45 күн суару керек. Топырақты дайындау мерзімі неғұрлым ұзақ болған сайын, оның қасиеті де соғұрлым жақсарады. Суаруды күн сайын емес, отырғызатын қуыстағы топырақтың кебуіне қарай суарады. Осылайша, уақыт өте келе топырақтың қасиеті өзгереді.

Отырғызу үшін биіктігі 1,2-1,5 м болатын жас (2-3 жылдық) ағаштарды таңдаған жөн. Осындай өсімдіктердің жерсіну ықтималдығы көп жылғы өсімдікке қарағанда анағұрлым жоғары болады. Өсімдікті отырғызу – істің жартысы ғана. Енді оған күтім жасау керек. Суаруға қолайлы болу үшін суару қуысын (ағаш діңінің айналасына) жасау керек. Суару ағаш діңінің айналасындағы топырақтың кебуіне қарай жүзеге асырылады. Суару жиілігі мен мөлшері ауа райына байланысты анықталады. Ағаш отырғызылғаннан кейінгі алғашқы жылы тек органикалық тыңайтқыштарды ғана пайдаланған дұрыс. Ал минералдарды келер жылдары қосуға болады. Суарудан басқа өсімдікті байлау (тамыр жүйесін нығайту және желді күні қорғау үшін), жабындау (ағаш діңінің айналасында ылғалды ұстап тұру, тамыр жүйесі үшін көлеңке жасау, жазда шыжыған күн сәулесінен қорғану және суық кезде тамырларды жылыту үшін және т.б.), пішінін ретке келтіру үшін бұтақтарын кесу және тіршілік ету әрекетін жақсарту, жапырақтарын сирексіту, ағаштың басын және діңін зиянкестерден қорғау үшін түрлі препараттармен өңдеу, қыста тамыр жүйесі мен діңдерін аяздан қорғау керек.

Түйін: Көк желек отырғызу – игілікті іс. Ислами тұрғыдан да адамға ұрпақ өсіріп, үй салумен бірге, ағаш отырғызу да парыз. Тіпті Құран Кәрімде ағаш сөзі он тоғыз жерде кездеседі екен. Бұл ислам дінінде ағаш отырғызу және айналаңды көгалдандыру мәселесіне аса мән беруінен келіп туындаса керек. «Бір тал кессең, он тал ек» дегені де дәп осыны меңземей ме? Туған өлке табиғатын жандандыруға үлес қосу мақсатында қалада тазалық айлықтары жарияланып, көгалдандыру жұмыстары қолға алынып, елді мекендерде тазалық жұмыстары басталды. Әр сенбілік сайын бір отбасы балаларымен бірге бір ағаш отырғызса, «жасыл қала» атанған шаһарымыздың жақсы аты өшпейтіні анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.