Қалалық қоғамдық-саяси газет

Көгілдір экранда – «Абай» және «Әл-Фараби»

0 11

Тарихи тұлғаларды бұқара жадында жаңғыртудың бірден-бір игі әдісі – олардың образдарын кино арқылы дәріптеу. Мұны әлемнің мықты режиссерлері де мойындайды. Мысалы, Джеймс Марштың «Стивен Хокингтің ғаламы» картинасын, орыстардың «Есенинін», Роман Поланскидің «Пианист» картинасын қараңыз. Төрткүл дүние бас иген тұлғалардың образын айнытпай киносүйер қауымның назарына шебер ұсына білген. Бұл өнердің кереметі де сол – ескіге жан бітіріп, жақсылардың ұлы атын көрермен жадына сіңдіру.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Бір жеті бұрын ғана Тәуелсіздік күні қарсаңында «Qazaqstan» телерадиокорпорациясы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдық және ғұлама ойшыл, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына орай қалың көрерменге 6 бөлімді «Абай» және 7 бөлімнен тұратын «Әл-Фараби» телехикаяларын ұсынды. Төл тарихын ардақ тұтқан көрермендер үшін бұл қос туынды мереке қарсаңындағы тамаша тарту болғаны анық. Қос ойшылдың ізденіс пен тартысқа, тереңдік пен парасатқа толы ғұмырын көгілдір экран арқылы ел назарына ұсынуды Қазақстанның басты арнасы өткен жылдан бастап қолға алған болатын. Әлбетте, айтулы датада күллі қазақтың даңқын аспандатқан алыптар туралы туындыны экранға ұсыну оңай шаруа емес. Елімізде кино индустриясы енді-енді ғана қаз басып дамып келе жатқандықтан да болар, әуелде арнаның жариялаған байқауына небәрі төрт компания ұсыныс білдіріпті.

– Дәл мерейтой қарсаңында халық экраннан Абайды іздейтіні анық еді. Үлкен корпорация ретінде сериал түсіру бастамасын қолға алу қажеттігін түсіндік. Корпорация байқау жариялағанда, тек төрт компаниядан ұсыныс келіп түсті. Соның ішінен бұған дейін тарихи тақырыпта көп сериялы фильмдер түсірген режиссер Мұрат Бидосовқа сенім арттық. Жұмыс былтырғы жылдың қарашасында басталған болатын. Сериалдың сценарийін Көркемдік кеңесте саралап, абайтанушы ғалымдар мен зиялы қауым өкілдерінің пікіріне ұдайы жүгініп отырдық. Сценарий төңірегінде үлкен тартыстар болды. Соңғы нүктені жазушы-драматург Дулат Исабеков ағамыздың араласуымен қойдық. Арнаның бас редакторы, белгілі қаламгер, журналист Қайнар Олжай жаз бойы шығармашылық процестердің басы-қасында жүрді. Тарихи фильм болғандықтан, екі туындыда да көркемдік жағы басым түсіп, көпшілік күткен кейбір сәттер қамтылмаған болуы мүмкін, сондықтан қалың көрерменге қобалжи отыра ұсынып жатқанымыз мәлім. Телехикая о баста Абай топырағында, Жидебай мен Ералы жазығында, Шыңғыстаудың бөктерінде түсіріледі деп жоспарланғанымен, пандемияға байланысты түсірілім алаңындағы процестер сәт сайын өзгеріп жатты. Карантиндік шектеулер, қаланың жабық болуы, көлік қатынасының тоқтауы қалай да болсын кері әсерін тигізбей қоймады, – дейді «Qazaqstan» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай.

Расымен көптеген қиындықтарға қарамастан, алты бөлімге жүк болған ұлы философ туралы телеөнім өз көрермендеріне қарай сәтті жол тартты десе болатындай. Оның үстіне жаңа туындыны қалың көрермен экран алдына жиылатын сәтте жарыққа шығару әлеуметтік желіде де, БАҚ-та да түрлі ой-пікір қалдыруға мол мүмкіндік берді.

– Маған телесериал қатты ұнады. Тартыс бар, драма бар. Болат Әбділмановтың актерлік шеберлігі Абай әлемін барынша танытты, білем. Сезім де, жастық шақтың қуаты да, махаббаттың шынайылығы да өзара шендесіп, драмалық оқиғалардың өрбуі қызықтырып, жетелеп отырды. Сценарийі талай мәрте пысықталған болар. Түсіру көріністері қаралған шығар. Пандемия кезінде бас режиссердің таңдауына қиындық туған болар. Құнанбай образында қаталдықпен бірге бұл жолы ата мейірімі түскен тұсы, ақылман әкенің аманатты сөздері сәтті шықты. Бала Оспан, жігіт Оспан фильмнің өн бойында жүрді. Абай трагедиясы қамтыған дәуір үні сезілді. Оразбайлар бар. Тек жеке пікірім, Шәкәрім образы солғындау болған сияқты. Тұтастай алғанда, көрермендер «Абай» сериалы арқылы өздерінің рухани сұранысына қарай ұжымдық шығармашылықпен дүниеге келген туындының әділ бағасын береді деп ойлаймын. Көрнекті жазушы Дулат Исабековтің бас көркемдік кеңесшісі, талантты қаламгер-журналист Қайнар Олжайдың бас редактор болуы өте орынды болғаны көрініп тұр. Бас режиссері мен сценарий авторларына, барлық актерлер мен түсірілім ұжымын шығармашылық табыстарымен құттықтаймын, – дейді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Мейрамбек Төлепберген.

Расымен, Абай образын айшықты алып шығу кез келген актердің қолынан келмейді. Бұл тұста Болат Әбділмановтың камерадағы шеберлігіне түрлі пікірлер айтылып жатқаны жасырын емес.

– Қолымыздан келгенше барлығынан бас тартып, тек қана осы сериалдың атмосферасында жұмыс істеуге тырыстық. Сондықтан да түсірілім барысындағы сәттерді өнердегі ең бақытты сәттерім деп еске алатын боламын. Мұндай бақыт актерге әр кино сайын келе бермейді. Өйткені өзіңнің армандаған рөліңді экранда сомдау – ерекше нығмет. Сондықтан да бұл кеңестік дәуірдің идеологиясына бұрмаланған Абай емес, тәуелсіз рухты бүгінгі күннің Абайы деп есептеймін. Бұл міндетті мойнына алған «Qazaqstan» телерадиокорпорациясына артылар жүктің ауырлығын ұмытпау керек. Көзі қарақты көрермен туындыға өз бағасын береді деген сенімдемін, – дейді актердің өзі.

Шынында, кеңестік идеологияға бұрмаланған Абай емес екенін бірнеше фактімен дәлелдеуге болады. Мысалы, бала Абайдың қаладан келгенде, әуелі Зере әжесіне сәлем беруі. Бұған дейінгі фильмдерде әкесі Құнанбайға амандасатын. Абайдың заңгерлігі, би болғаны. Ақынның осы қырлары көп айтыла бермейді. Шын мәнінде, Абайдың ең әділ би болғанын қазақ жақсы біледі. Ойшылдың айтқан биліктерін Салық Зиманов жинақтаған. Сериалда ақынның қайраткерлігіне көңіл бөлінгені де қуантты.

Ал адамзаттың екінші ұстазы әл-Фараби туралы туындының жөні тіптен бөлек. Бұл – отандық киноиндустрияда ғұлама ойшыл туралы түсірілген алғашқы телесериал. Фильмде әл-Фарабидің бала кезінен бастап, адамзатқа танылған ғұлама шағына дейінгі өмірі қамтылды. «Әл-Фараби» сериалының түсірілім жұмыстары Түркістан, Отырар қалашығы, Түркістан облысының Бәйдібек ауданы Аппақ Ишан медресесі, Ысқақ баб медресесі, Қарнақ медресесі, Қапшағай, Түркістан қалашығы, Хиуа, Дамаск қалаларында өтті. Басты рөл ғұлама Фараби рөлін Р.Сейтметов атындағы «Түркістан» театрының актері Айдар Наурызбаев, жас әл-Фарабиді Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, актер Бекзат Жүнісов сомдап шықты.

– Жалпы жоба барысында өз бетімізше көп ізденіп, әл-Фараби еңбектеріне тереңінен үңілуге тырыстық. Сонымен қатар ғалымдардың, жазушылар мен этнографтардың кеңесіне жүгіндік. Түсірілім кезінде бірқатар проблемалар болып, телехикаяның сапасына тікелей әсер еткенін жасырмаймыз. Оған себеп – әлемді жайлаған індеттің қойған тосқауылы болды. Тіпті түсірілім тобының мүшелері мен басты рөлді сомдаған актерлер сырқаттанып, біраз уақыт жұмысты тоқтатуға тура келген сәттер болды. Бірақ шығармашылық топ барлық қиындықтарды жеңе біліп, жобаны уақытында аяқтап шықты. Ендігі бағаны көрермендерден күтеміз, – дейді «САҚ» киностудиясының продюсері Нұриддин Паттеев.

Анығында, әлемнің Аристотельден кейінгі ғұламасы атанған әл-Фараби бабамыз хақында сериал түсіру үлкен жауапкершілік жүктейді. Ал оның образы мен ғасырларға жүк болған тағылымға толы ғұмырын алты бөлімге сыйдыру қаншалықты мүмкін болғанын сериалды тамашалаған адам саралайды деп сенеміз. Қалай болғанда да, қазақтың қатпар-қатпар тарихы осындай өнімдер арқылы қалың елге толассыз ұсынылатын болса, сапалы дүниелер өмірге молынан келер болса, келер ұрпақтың алдына тосар құнды қазынамыздың қоры молая түсетіні анық.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.