Қалалық қоғамдық-саяси газет

Әйтеке би 30

0 667

Таза қала таза ауладан басталады

Аула десе, ауыл еске түсетіні анық. Ал қалада ше? Биік-биік ғимараттар мен бетондалған жолдарды көрген көпшілік «аула» деп саябақтар мен скверлерді танып жатады. Алайда біз көпқабатты тұрғын үйдің ауласын көкмайсаға айналдырып, тіпті түрлі ағаштар егіп, гүлге көмкеріп қойғанын көріп, таңдай қақтық.

Шапағат Әбдірұлы

Қала тазалығын сақтауға өз үлесін қосып жүрген тұрғындармен кездесуге шыққан біз былтыр «Үздік аула» конкурсының жеңімпазы атанған Әйтеке би көшесі №30 үйдің ауласына ат басын бұрдық. Барсақ, аула – аула емес, кәдімгі жайлау сияқты. Ақ қайыңнан бастап қарағай, шыршаға дейін жап-жасыл болып манаурап көз тартады. Ал басынан балағына дейін гүлдейтін неше түрлі гүлдер мен жарамсыз заттардан жасалған әсемдік бұйымдары жарасым тауып-ақ тұр. Жер үй болса бір сәрі, бес қабатты тұрғын үйлердің алды мұндай жайқалып тұрады деп үш ұйықтасаңыз түсіңізге кірмейді. 198 тұрғыны бар, оның ішінде қазақ, орыс, өзбек ұлттары тату-тәтті тұрып жатқан бұл алаңшаның аумағы небәрі 1999 шаршы метр. Әр ұлт өкілі анардың дәніндей болып біріккен ауланың ауасы да өзгеше. Тіпті шыжыған шілденің ыстығында да өздері баптаған ағаштың түбінде шай ішіп мәре-сәре болады екен.
– Ауланы тазалау ол, біріншіден, ұл-қыздарыңа еңбекқорлықты үйрету. Таза жүріп, салауатты өмір салтын көрсету. Біз бұл ауланы тазалағанда анау шықты, мынау шықпады деп қарап тұрмаймыз. Кімнің қолы бос сол суын құйып, гүлдердің арам шөбін жұла береді. Бұл, біріншіден, денсаулыққа да пайдалы. Неше түрлі гүлдерден шыққан иіс бізді сергітеді. Бір жағынан, қол-аяғымыз қимылдап, демалу үшін саябақтарға қыдырудың керегі жоқ, өз ауламыз өзімізге жетеді. Әркім өзі жақсы көретін ағашты немесе гүлді отырғызып, соны өздері баптап, бағып өсіреді. Бір сөзбен айтқанда, бұл ауланың әр адамы еңбекқор, әр баласы бағбан, – дейді тұрғын Раушан Заутбекқызы.
– Мен бұл үйде 1986 жылдан бері тұрамын. Ауламыз күн санап өзгеріп келеді. Жақсы-жаманның бәрін көрдік. Дәл осындай бейбіт күнде өмір сүріп жатқан халықтың арманы жоқ шығар, сірә. Мен, біріншіден, балаларға ойын алаңшасын салып берген әкімдікке алғысымды айтқым келеді. Одан кейін тұрғын үйлердің сыртын бір жаңартып берсе деген тілегім бар. Сыртқа шығып серуендегенімде, осы ауланың балалары мен көршілерімнің жасап жатқан тірліктеріне қатты риза боламын. Бірақ кей кездері азанмен есік алдына шықсаң, жәшіктерге тасталған қоқыс сыртына тасып жатады. Өйткені басқа жақтан келген жастар есік алдында отырып, ішіп-жеген дүниелерінің қағаздары мен қоқыстарын арнайы қоқыс жәшігіне салмай, сыртына тастап кетеді. Осы дүние қатты қынжылтады, – дейді тағы бір тұрғын Евгений Семёнов.
Ал қоқыс тастап кететіндер өзінің қылығына қымсынудың орнына үлкендерге кіжініп кететін де көрінеді.
– Біз еңбек етіп күнде тазалаймыз. Ал оны біздің балалар да, үлкендер де түсініп, тазалықты барынша сақтайды. Алайда аулаға кеш бата сырттан көптеген жастар келеді. Азанда тұрсақ, отыратын жердің бәрін шемішкенің қалдығына, алкогольді сусындардың бөтелкелеріне және темекі тұқылдарына толтырып тастайды. Отырған жерлерін жинап кетсе болады ғой. Оның үстіне менің немерелеріммен жасты балалар кейде «Бұл сенің жекеменшік аулаң ба? Қоғамдық орында қалай отырам өзім білемін, онда шаруаң болмасын» деп зекігенде, жүрегім қатты ауырады, – дейді Мәрия Жармаханбетова.
Дегенмен өз еңбектерінің жемісін көріп, сыртқа шықпаса да, ауланың әдемі көрінісінен үйде отырып-ақ ләззат алып, гүлдердің хош иісімен демалғанда, барлық шаршағанын ұмытып кететіндерін де тұрғындар жасырмайды.
– Біздің аула тек жап-жасыл болып тұрмайды. Әр мезгілде әр түске боялады. Көктемде жасыл, күзде қызыл-қоңыр болып, ағаштардың да мезгіліне қарай жапырақтары неше түрлі түске ауысып отырады. Көктемде бір мезгіл тіпті сакура ағашы да осында гүлдейді, одан кейін сирен жұпар шашып, адамды өзінше бір жағымды иісімен сергітеді. Мен жоғары қабатта тұрамын, кейде терезеден сыртқа қарасам, өзімді осы ауланың тұрғыны болғаныма бақытты санаймын, – дейді көпқабатты үйдің төрайымы Раушан Жұматаева.
– Аядай ғана ауламызда болатын қызықтар да аз емес. Бірде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев келетін болып, қызу дайындық жүргізіп, аулаларымыздың аурасын жақсартып қойғанбыз. Алайда кешке қарай қандай адамдар екені белгісіз, біздің қолдан жасаған әдемі аққуларымызды ұрлап кетіпті. «Енді қайттік» деп осындағы тұрғындар жиналып, көліктің жарамсыз доңғалағын тауып, таңға дейін жаңа аққулар жасап шығардық. Осылайша, облыс әкімінің алдында ауламыздың абыройын сақтап қалдық, – дейді тұрғындардың тағы бірі.
Мұндағы халық былтырдан бастап дендеген дерттің салдарынан аулаларында жиналып отыра алмай қалғандарын айтады. Алайда аулаға қойылған дүниелерді хлорлы сумен сүртіп, түрлі дезинфекциялар жасап, кезектесіп шай ішетін амалын тауыпты.
Иә, бүгін бір ағаш отырғызсаң, ертең соның саясында балаларың демалады. Сондықтан үздік аула тұрғындарының тірлігі – көпке үлгі, кейінгі ұрпаққа өнеге.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.