Бюджет кірістерінің орындалуы бойынша Әулиеата өңірі республика көлемінде екінші орынға тұрақтады.

Толғанай АТАБАЙ

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз жиынында облыс әкімдігінің экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова айтты. Белгілі болғандай, жыл басынан бүгінгі күнге дейін облыстың даму қарқыны біршама артқан. Ал аймақ ахуалының артуында өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының үлесі зор. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы баяндаған басқарма басшысы әр салаға жеке-жеке тоқталды.
– Жыл басынан уақтылы қабылданған шаралардың нәтижесінде экономиканың барлық саласында өсу үрдісі байқалуда. Атап айтсақ, бірінші тоқсанның қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 301,4 миллиард теңгені құрап, 2,4 пайызға өсті. Есепті кезеңде өнеркәсіп саласында өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 4,3 пайызға артық өнім өндірілді, нақтыласақ 308,7 миллиард теңгенің өніміне қол жеткіздік. Бұл жақсы нәтиже бірінші кезекте өңдеу өнеркәсібі саласы есебінен қалыптасып отыр. Өндірілген өнімнің 75 пайызы осы салаға тиесілі. Одан кейін тау-кен өнімдері – 11, газ беру, сумен жабдықтау, кәріз жүйесі қалдықтардың жиналуын және таратылуын бақылау көрсеткіштің қалған пайыздарын құрайды. Ал өнеркәсіп саласындағы оң динамиканың қалыптасып, көрсеткіштердің көңілден шығуына Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған кәсіпорындар да өз үлесін қосып отыр. Айталық, биыл 693 жаңа жұмыс орнын құруды көздеп, жалпы құны 11,9 миллиард теңгені құраған 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олардың екеуі елден асып, экспортқа өнім шығаруға бағытталып отыр. Ал екі жоба қазіргі таңда тірлігін тіктеп, жұмысына кірісіп кетті. Соның бірі – бұған дейін жылыжай шаруашылығының тасын өрге домалатып, біраз табысқа кенелген қордайлық «GREENWILL» ЖШС. Бұл серіктестік былтырдан бері елімізде алғашқылардың бірі болып әлемдегі тың тәсіл – аквапоника технологиясы бойынша салат дақылдары мен балық өсіріп, одан өнім алуда. Шаруасын дөңгелетіп отырған келесі жоба – «Қордай сүт өнімдері» ЖШС. Жыл басынан 1,1 миллиард теңге қаржымен іске қосылған қос құрылымда 17 адам жұмыспен қамтылды, – дейді басқарма басшысы.
Аймақтағы ауыл шаруашылығы саласында да оң динамика қалыптасып отыр. Есепті мерзімде сала бойынша 131,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өсім 3,9 пайызды құраған. Өткен жылы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен жер алқаптарын арттыру үшін механикалық отрядтар құрылып, биыл 25 мың гектар егіс артығымен егілген. Бүгінгі таңда облыста дәнді дақылдар толығымен терілген. Өзге өңірлерге қарағанда, Түркістан және Жамбыл облыстары терім науқаны бойынша алғашқы орында тұр екен.
Сондай-ақ ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 70,1 мың бірлікті құраған. «Бизнестің жол картасы – 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға биыл 1777,3 миллион теңге бөлінсе, 1 қыркүйекке дейін 1688,8 миллион теңгесі игеріліпті. Баспасөз жиынында басқарма басшысы «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 48 жоба іске асырылып жатқанын тілге тиек етті. Олардың бірі көптен өзекті болып келген «Меркі-Шу-Бурылбайтал» көлік жолының құрылысы жүргізіліп жатқанын атап өтті. Одан бөлек, қала мен далада, ауыл арасында жалпы ұзақтығы 602 шақырымды құрайтын жолдар мен көшелер биыл жөнделіп жатқандығы айтылды.
Есепті кезеңдегі облыстың әлеуметтік көрсеткіштері де көңіл көншітерлік. Халықтың орта есеппен жан басына шаққандағы ақшалай табысы биылғы жылдың алғашқы тоқсанында 66361 теңгені құраса, орташа айлық жалақы 126,5 мың теңгені көрсетіп отыр. Ал аймақтағы жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрап отыр. Биыл өңірде 12147 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып жатқандығын айтқан баяндамашы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес келесі жылдан бастап ұстаздардың да жалақысы 25 пайызға артатынын, оған республикалық бюджеттен 30,5 миллиард теңге қаржы қарастырылғанын жеткізді.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған