Қалалық қоғамдық-саяси газет

Өңір дамуы – ортақ игілік

0 20

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков биылғы жылдың алғашқы тоқсанындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы БАҚ өкілдеріне баяндады.

Толғанай АТАБАЙ Суретті түсірген Ю.КИМ

Бекболат Серікбекұлының айтуынша, облыс экономикасының барлық салаларында оң динамика қалыптасып отыр. Мәселен, 2018 жылғы алдын ала деректер бойынша Жамбыл облысының жалпы өңірлік өнімінің өсімі 3,7 пайызды құраған.

– Жалпы өңірлік өнімнің құрылымында өнеркәсіп үлесі – 17,9%, ауыл шаруашылығы – 10,2%, құрылыс – 8%, сауда – 9,9%, көлік – 18,2%, байланыс – 0,7%, жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар және білім саласында 7,5 пайыз салымдарының өсімі байқалады. Ағымдағы жылдың қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша өнеркәсіпте 154 095,8 млн теңгенің, ауыл шаруашылығында 32 050,8 млн теңгенің өнімі өндірілді. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі тиісті кезеңмен салыстырғанда 14,6 пайызға артты. Құрылыс көлемі 17477,7 млн теңгені құрап, 1,2%-ға артты. Тұрғын үй құрылысында 125 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, – деген баяндамашы өзге де әлеуметтік маңызы бар салаларға жекелей тоқталып өтті.

Баспасөз мәслихаты барысында Бекболат Серікбекұлы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, соның ішінде атаулы әлеуметтік көмектің тағайындалу және төлену барысына тоқталды. Мәселен, облыс бойынша жыл басынан атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 15341 жанұядағы 79246 адамға ескі форматта 1 млрд теңге төленген. Ал 1 сәуірден бастап жаңа форматта берілетін атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаж 29650 отбасы анықталыпты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге көп дейді ол. Сондай-ақ жиында тұрғын үй, ауыз су мен қаладағы жаңадан қосылған алқаптардың мәселесін шешу жағы да нақтыланды.

– 2019 жылға республикалық бюджеттен Тараз қаласын сумен қамту саласы бойынша 2 жобаға 650 млн теңге, ауылдық елді мекендерді сумен қамтуға 10 жобаға 3440,2 млн теңге бөлінді. Осы жобаларға облыстық бюджеттен қосымша қаржыландыруға 10 пайыз көлемінде қаражат қарастырылды. Жыл соңына дейін орталықтандырылған сумен қамтылу көрсеткішін 56 пайызға жеткізу жоспарланып отыр. Ал жылыту маусымы өңірде 7 сәуірде тоқтатылды және ұзақтығы 180 тәулікті құраған болатын. Алайда ҚР құрылыс нормаларына сәйкес, ол көрсеткіш 164 тәулікті құрауы тиіс. Жылда жылыту маусымы аяқталғаннан кейін энергия өндіруші және энергия тасымалдаушы кәсіпорындармен магистралды және ішкі кварталдық жылу желілерін жөндеу және қысыммен тексеру жұмыстары жүргізіледі. Тасымалдаушы кәсіпорынның негізгі міндеті – тексеру жүргізу, жөндеу жұмыстарын ұйымдастыру және оны жүргізу, апаттық жағдайдағысын қалпына келтіру арқылы жылу энергиясын таратушы жүйенің жұмысын жақсарту. Осыған сәйкес, қаланың 712 көппәтерлі тұрғын үйін ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап ыстық сумен жабдықтау басталды, – дейді Бекболат Серікбекұлы.

Конференция соңында хабарламашы журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.