Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Интернет арқылы білдік, үйге келіп ескертпеді»: Алматыдағы атыста қаза тапқан полицейді туыстары ақтық сапарға шығарып салды

0 111

Алматыдағы атыс кезінде қаза тапқан полицей Дархан Сүлеевті туыстары мен әріптестері ақтық сапарға шығарып салды,- деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Марқұм ақтық сапарға отбасымен бірге тұрған үйден шығарылды.

Полиция қызметкерлері жолдың екі жағына сапқа тұрып, марқұм әріптесіне құрмет көрсетті.

Дархан Сүлеевтің бөлесі Аманкүл, отбасында жалғыз ұл екенін, одан бөлек төрт қарындасы барын айтады. Қазір марқұмның артында үш қыз, екі ұлы қалды.

«Кішкентайы екі жаста. Кімге қалды бес бала? Үлкені енді 16 жасқа толған. Колледждің 2-курсында ақылы бөлімде оқиды. Бұл баланың бәрін енді кім бағады? Бәріміз интернет арқылы оқып-білдік. Төбемізден жай түскендей болды. Неге алдымен үйіне келіп естіртпеді? Бәріміз көшеден естідік. Содан кейін де оқиғаның қалай болғанын ешкім келіп айтқан жоқ. Министрдің орынбасары да, әкім де келді. Келгеннен не пайда?», – дейді әйел.

Оның айтуынша, туыстары әкімдік тарапынан марқұм полицейлердің отбасына баспана берілетіні туралы ақпаратты интернеттен білген.

«Үймен қамтамасыз еткелі жатқанын да интернеттен оқыдық. Берсе, екі бөлмелі үй берер. Бес балаға ол екі бөлмелі үй не болады? Өздері жалдамалы үйде тұрды, басында баспана да жоқ», – деп күйінішін жеткізді туысы.

Марқұмның өзге туыстары да қызмет барысында полицейлерді оқ өтпейтін кеудешемен қамтамасыз етпегенін айтты.

«Тек жұмыстың орындалғанын талап етеді, бірақ ешқандай жағдай жасамаған», – дейді олар.

«Аймақты білетін болғандықтан, көмектесуге кеткен»: Алматыдағы атыста қайтыс болған учаскелік инспектор жайлы әріптесі айтып берді
Алматы соты Ақбұлақта атыс шығарған азамат пен оның әйелі өз құқықтарын қорғауда қателіктер жібергенін мәлімдеді
Дархан Сүлеев құқық қорғау органдарында 18 жыл қызмет еткен.

1982 жылы 4 қаңтарда Жамбыл облысы Тараз қаласында дүниеге келген. 2002 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген. Полиция қызметінде 2003 жылдың қаңтарынан бастап жұмыс істейді.

Еске салсақ, 20 қыркүйек күні Алматының Алатау ауданындағы Ақбұлақ ықшам ауданында бес адамның өлтірілгені туралы белгілі болған. Ресми деректерге сүйенсек, сот шешімін орындаушылар екі адамның меншік құқығына қатысты дауға байланысты күдіктінің үйіне келген. Сот шешімін естіген азамат үйінен қару алып шығып, сот орындаушысына, учаскелік полиция инспекторларына және аулада болған басқа адамдарға қарудан оқ жаудырды. Нәтижесінде бес адам көз жұмған. Оның ішінде үйдің жаңа иесі мен тағы бір тұрғын бар.

21 қыркүйекке қараған түні Республикалық жеке сот орындаушылар палатасы жаппай кісі өлтіру болған Алматыдағы үйден бір отбасын шығару жағдайында атқарушылық өндіріс екі жеке тұлғаның дауы болып табылатынын мәлімдеген.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.