Қалалық қоғамдық-саяси газет

Интернет-алаяқтықтан сақтан!

0 9

Жамбыл облысының Полиция департаменті криминалды полиция басқармасының қызметкерлері ақпан айында интернет пайдаланушыларына қатысты алаяқтық әрекетінің 137 дерегін анықтады.

Арайлы СЕРІКҚЫЗЫ

Нәтижесінде 10 қылмыстық іс өндіріспен аяқталып, 22 қылмыстық істің мерзімі тоқтаған. Аталған қылмыс түрлерінің ашылуы 30,3 пайызды құраса, ауыр санаттағы 28 қылмыс тіркелген. Мұның ішінде 60 қылмыс ашылып, оның 39 интернет-алаяқтық дерегі ҚР ҚПК 300-бабы бойынша прокуратураға жолданған. Мәселен, ағымдағы жылдың 8 ақпанында Тараз қаласында тұратын А. есімді азаматтың «Финкап» интернет қосымшасы арқылы жергілікті тұрғынның атына 40 мың теңге көлемінде онлайн кредитті рәсімдегені анықталды.

Бұдан бөлек, 1995 жылы туған Тараз қаласының тұрғыны Қ. есімді азаматша 4 алаяқтық дерегін жасаған. Ол «Instagram» интернет қосымшасында киім сату туралы жалған жарнама орналастырып, төрт сатып алушыдан жалпы көлемі 44 мың теңгені «Каспий голд» карточкасына аудару арқылы заңсыз иемденген. Тексеру барысында Қ. есімді азаматшаның бұрын да осыған ұқсас (ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі бойынша) тағы төрт алаяқтық дерегіне қатыстылығы анықталды.
Алаяқтық әрекетін жасаған барлық азаматтар ұсталып, Жамбыл облысының ПД КПБ қызметкерлерімен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің нұсқауына сәйкес, 2021 жылдың ақпанында Жамбыл облысының аумағында республикалық маңызы бар «Anti-fraud» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілген еді. Аталған іс-шара ақпараттық технологияларды, оның ішінде интернет-алаяқтық жолмен жасалатын құқық бұзушылықтарға қарсы күрес шараларының тиімділігін арттыруға бағытталған.

Интернет-алаяқтықтың күрт өсуі жылдан-жылға интернет қолданушыларының кең таралуынан, азаматтардың интернет саудаға көшуімен тығыз байланысты. Сипатына қарай интернет-алаяқтық төмендегідей сценарий бойынша өрбиді:

  • банк қызметкері ретінде қоңырау шалып, жәбірленушілерге карталарымен күдікті операциялар жасалып жатқанын хабарлап, ақшасын қауіпсіздік шотына салуды ұсыну;
  • интернет сауда сайттарында, тауар төлемін алу онлайн рәсімдеу деп сатушының сеніміне еніп, банк карточкасының мәліметтерін иеленіп, ақша жымқыру (Olx.kz, Kolesa.kz, Krisha.kz);
  • азаматтардың құжаттарының және банкомат карталарын иелену арқылы онлайн несие рәсімдеу;
  • интернет сауда жасау арқылы тауарды арзандатылған бағамен ұсынып, алдын ала төлем талап ету;
  • әлеуметтік желілерде ақша еселеп беремін деп алаяқтық жолмен ақша иелену;
  • қайырымдылық шараларына деген сылтаумен алаяқтық жолмен ақша иелену.
    Жамбыл облыстық полиция департаменті жамбылдықтарды барынша сақ болуға шақырады.
Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.