Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Инстаграмның арқасында мұқтаж жандарға баспана алып берудеміз»

0 701

Бүгінде өңіріміздің атымтай жомарт азаматтары игі істерге мұрындық болып, қайырымдылық жұмыстарымен айналысуда. Мұқтаж жандардың баспаналы болуына, балалардың шетелден ем алуына қомақты мөлшерде қаржылай көмек көрсетуде. Солардың бірі журналист, блогер – Мөлдір Анарбаева. 

– Мөлдір Нұрланқызы, халық арасында «Instagram» желісі арқылы танымалдылыққа иесіз. Одан бөлек мұқтаж жандарға қол созып, қайырымдылық шараларыңызбен де көзге түсудесіз. Журналистикаңыз өз алдына бір төбе. Сондай-ақ ұлттық дәстүрімізді насихаттаған бірнеше жобаға да жан бітірдіңіз. Айтыңызшы, бір үйдің келініне осынау жұмыстардың барлығын алып жүру қиын емес пе?
– Адам өзі сүйген ісімен айналысса шаршауды ұмытады. «Instagram» – менің хоббиім. Қалаған уақытымда белсенді түрде жұмыс жасаймын, кейде демаламын. Жұмыстан шаршап келіп, ас үйге кірген сәттен бастап өзімнің сүйікті оқырмандарыма көңіл көтеретін қарапайым дүниелерді түсіремін. Сол арқылы барлық мәселелерімді ұмытамын. «Instagram» мен үшін ешқашан қиындық туғызған емес. Одан бөлек «Мұрагер» фотостудиясы ұлттық киімдерді жалға беру орталығында жұмыс істеймін. Бұлар блогерлікке қарағанда аз пайда әкелсе де уақытымның көп бөлігін осы жобаларға арнаймын. Келіндік міндеттерім үшін ешқашан шағым айтқан емеспін. Бұртиып өкпелеп қалу, ренжіп сөйлемей қою менің болмысыма жат нәрсе. Мінезім ашық болғаннан кейін барлығымен тіл табысамын. «Әйелдің қырық жаны бар» деп үлкендер бекер айтпаса керек…
– Оқырман арасында Мөлдірдің жеке өмірі туралы білгісі келетіндер көп. Туып-өскен өлкеңіз, шыққан ортаңызға тоқталып кетсеңіз…
– Ауылдаң қарапайым қызымын. Шу қаласында үлкен отбасыда дүниеге келдім. Ата-әжем, әкем-анам, бауырларым бар. Төрт көзіміз түгел. Кішкентай күнімнен ештеңеден таршылық көргенім жоқ. Үлкендер еңбекке көп баулыды. Қыздың шыққан тегі жақсы болса, барған жерінде бағы жанады деп ойлаймын. Бастысы тәрбиенің не екенін біліп өстік.
– Қайырымдылықпен айналысып 5 отбасының баспаналы болуына мұрындық болдыңыз. Одан бөлек Байзақ ауданына да жарылыстан кейін қаржылай көмек көсеттіңіз. Мұнша қаржыны қалай жинадыңыз?
– Бұл баспаналардың барлығын менің «Instagram» желісіндегі оқырмандарым алып берді. Мен тек себепкер болдым. Ең әуелі жетім балаларға №7 ықшам ауданынан баспана алып беруге ұйытқы болдым. Жалғыз басты аналар, кішкентай бүлдіршіндерімізге де барынша көмек көрсетіп келеміз. Жарылыс болған Байзақ ауданы үшін кезекті жинаған қаражатымыз 1 тәулікке жетпей 6 миллион теңгені құрады. Зардап шеккен ауыл тұрғандарының әр оқушысына 50 мыңнан, әр отбасыға 200 мыңнан, сондай-ақ бір үйде 4 оқушы болса қосымша 200 мыңнан үлестірдік. Көмекті ақшалай беруді жөн көрдік.
– Мұндай шаруа екінің-бірінің қолынан келмейтіні белгілі. Алдағы уақытта арнайы қайырымдылық қорын ашу жоспарыңызда жоқ па?
– Мұндай жоба ойда бар. Алайда ол кезде жауапкершілік жүгі артады. Бұдан бөлек өзге де қиын тұстары көп. Жұмыспен қамту, есеп беру деген сияқты. Дегенмен «нар тәуекел» деп бір қор құрсам деп отырмын.
– Қайырымдылықпен қай уақыттан бастап айналысып келесіз?
– Нақты қай уақытта екені есімде жоқ. Оқырман саны көбейіп, ел-жұрт жиналған сәттен бастадық. «Жасаған жақсылығыңды ұмыт» дейді ғой. Жіпке тізгендей есіме сақтамайды екенмін. Қайырымдылықпен тұрақты түрде айналыспаймын. Себебі оқырмандарымның барлығы қарапайым. Халықтан қайта-қайта ақша жинай беруге де болмайды. Дейтұрғанмен әр жұма сайын балалардың еміне, түрлі жағдайларға байланысты мұқтаж жандарға қаржылай көмек көрсетуді әдетке айналдырдық. Өзімнің жеке көмекшім бар. Келіп түскен хаттардың барлығын көріп, зерттеп, тізім жасап қойған. Сол бойынша қаражат жинап бір адамның болса да көңіліне үміт сыйлаймыз.
– Жалпы жеке блог жүргізу оңай ма? Кейінгі жастар сіздің жолыңызды таңдағысы келсе, қандай кеңес бересіз?
– Блог жүргізу оңай емес. Елдің алдында жүргеннен кейін түрлі пікір қалыптасады. Көңілге тиетін кейбір сөздер айтылады. Осы образды таңдап, күйбең тіршіліктегі оқиғаларды әңгіме ретінде келтіріп айтуды халық о баста қабылдағаннан кейін, теріс пікірлерді ойыма сақтамаймын. Бұл салаға алдымен Алланың, сосын жақындарымның ақ батасының арқасында келдім деп білемін. Блог жүргізу маған тек жақсылығымен келуде. Бастысы елге көмек қолын соза алатыным үшін бақыттымын. Егер кейінгі жастардың да ойы дұрыс болса, бұл салаға жол салып көрсе болады. Алайда ең бірінші тазалық пен әділдік керек.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.