Қалалық қоғамдық-саяси газет

Індетке қалай тосқауыл қоямыз?

0 360

Пандемияға байланысты қазіргі елімізде болып жатқан жайды біліп, көріп отырып, бейжай сырттан бақылап отыруға дәтім шыдамады, арыма сыймады. Сөйтіп, қолыма еріксіз қалам алғызды.

Бұл күндері санасында саңлауы бар адамды күндіз-түні ойландыратын басты мәселе – елімізде күн санап ушығып, дендеп бара жатқан коронавирус инфекциясынан ел-жұрттың денсаулығын қорғап, одан аман сақтап қалу, індеттің жолын кесу. Өкінішке орай, әзірше оған қол жеткізу мүмкін болмай, ақыл-есіміз, дәрменіміз жетпей отыр. Бұл бүкіл адамзатқа үлкен сынақ болды. Көпшілікті әбігерге салып, тіпті үрей тудырып отырған кенеттен келген COVID-19 қауіпті індеті «жетілдік, көп дүниеге қол жеткіздік, кереметпіз, бүкіл әлемді билейміз, келе-келе бүкіл ғарышты (галактиканы, оның ішінде Марсты, Юпитерді) меңгереміз», «адамға табын, Жер, енді» деп кеудемізге нан пісіп, сандырақтап жүргенімізде, адамдардың уысынан шығып, халықты қынадай қыруда.
Соңғы мәліметтер бойынша коронавирус індеті құрық салған жандардың саны әлемде 12 миллионнан асып жығылып, 500 мыңнан астамы одан көз жұмыпты. Біздің елде де жағдай мәз емес. Күн сайын 1,5-1,7 мыңға жуық ауру тіркелуде, өлім-жітім де үрейлі цифрларға жетті. Күнделікті ақпарат құралдары арқылы беріліп жатқан статистикаға ел сенуден қалды. Денсаулық сақтау министрлігі толық мәліметті бермейтіні, оны жасырын-құпия етудің мәнісін ел-жұрт түсінбей, ашу-ызаларын тудыруда. Қазақта «Ауруын жасырғанды өлім әшкере етеді» деген сөз бар. Барды бар, жоқты жоқ деуге олардың батылдығы жетпей ме? Базбірде ой таразысынан өткізсең, уақыт өткен сайын билік (шенеуніктер) бір бөлек, халық бір бөлек болып, аралары қожырап, бір-бірінен алыстап бара жатқандай сезімде боласың. Өйткені халыққа дұрыс мәлімет беруден билік иелері жасқанатын сияқты: теледидарлар, баспалар шындықтан қашып, өтірік, жалған мәліметтермен халықты тыныштандырғысы келеді. Бірақ ел-жұрт ақымақ емес, олар елде, өңірлерде болып жатқан жайды бес саусағындай көріп, біліп, естіп отыр емес пе?
Осындай сәтте өмір бойы шырылдап шындықты іздеп кеткен, халқының сөзін сөйлеумен өткен асыл азамат Шерағамызды (Шерхан Мұртаза) еріксіз еске аласың. Арал өңірінің экологиясы бұзылып, жергілікті халықтың денсаулығына қасірет туғызып жатқанын естіп-білген «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақтан») газетінің сол кездегі бас редакторы Ш.Мұртаза қол астында еңбек етіп жүрген журналистің бірін шақырып алып, Арал өңірінің жағдайын жазып келуді тапсырады. Мақала дайын болып, газет бетіне беруге дайындағанда, цензура қызметкері оны жариялауға тыйым салып, ашық баспаға жібергісі келмейді. Сонда ер Шерағамыз: «Халқының қасіретін жасырған үкіметтің атасына нәлет!», – деп газетке қол қойып, жариялатып жібереді. Содан кейін-ақ компартия мен сол кездегі Үкімет Шерағаңа көздерін алартып, сөгіс жариялап, қуғынға түсіреді. Ойлап отырсаң, бұл нағыз ерлік, халқы үшін басын бәйгеге тігу емес пе?! Шераға сияқты жүрегінің түгі бар батыл редакторлар, журналистер қазір бар ма? Әй, қайдам, күмәнім зор. Бәріміз аузымызды буып немесе құр шөппен сүртіп, жалған сөйлеуді, жалпақтауды, құрдай жорғалауды өте жақсы меңгеріп алдық, тіпті құрық бойламайды. Керек кезде шын сөйлеуден тайғанақтап, жалтарып, «сен көрмесең, мен көрмедім, бадырақ көз» деп бұғып қалғанды үйрендік. Билік басындағыларды өтірік мадақтауды, мақтауды жас ұрпағымызға жақсылап үйреттік, бойларына сіңірдік. Әрине, күн көру, қызметімізді жоғарылату, атақ алу, мемлекеттік наградаға қол жеткізу жолында… Қазақтың «Ішің қыж-қыж қайнайды, әттең, атқаруға дәрмен жоқ» деген тәмсілі, сірә, осындайда айтылған болу керек.
Денсаулық сақтау саласында 45 жыл еңбек етіп, шама-шарқыма қарай халқыма қажетті медициналық көмек беріп келемін. Әрдайым халықтың өтінішін, мұңын, жанайқайын түсініп, қолдан келсе, бар көмегімді аямаймын. Анда-санда қолыма қалам алып, өмірден көрген-түйгендерімді, ой-пікірлерімді ақ қағазға түсіретін бала кезден сүйегіме сіңген әдетім бар. Пандемияға байланысты қазіргі елімізде болып жатқан жайды біліп, көріп отырып, бейжай сырттан бақылап отыруға дәтім шыдамады, арыма сыймады. Сөйтіп, қолыма еріксіз қалам алғызды. Мысал үшін алысқа бармай-ақ, өзім қызмет істейтін Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханада болып жатқан жағдайды баяндайын. Заман дәуірлеп тұрған кезде бұл аурухана өңірдегі ең айтулы, көпшіліктің аузында жүретін емдеу орны еді. Медицинаның әр саласы бойынша жаңа бөлімшелер (гематология, эндокринология, гастроэнтерология, ревматология, кардиология, неврология, қан-тамыр хирургиясы, проктология және т.б.) ашылып, өзінің құрамында консультативтік емхана қызмет етіп, төсек саны 720-ға жеткен еді. Орталық клиникаларға (Мәскеу, Санкт-Петербург, Киев, Минск, Рига, Алматы, Ташкент, Харьков, Ереван және басқа) маман-дәрігерлер оқуға жіберіліп, білімін жетілдіріп, тәжірибе жинақтап қайтатын. Білімді, білікті мамандарды халық ерекше сыйлап, құрметтеп, шексіз алғыстарын жеткізіп жататын. Сол кеңшілік заман уақыт келе көзден бұлбұл ұшты. Елімізде реформалар басталды. Денсаулық сақтау саласы да одан құр қалмады. Билікке келген әр министр реформа жасап, Президент пен Үкіметке жақсы көріну үшін барын көрсетіп бақты. Бірте-берте балалар емханасы, әйелдерге кеңес беретін (женская консультациялар) және басқаларын бір шаңырақ астына жинап, емханалар елге қызмет ете бастады, берекесіздік жайлап, арыз-шағым, айқай-шу көбейді. Ауруханалардан да маза кетті: төсек саны қысқартылып, күндізгі стационарлар ашылды. Сөйтіп, біздің еңбек ететін ауруханадағы әжептеуір қызмет етіп тұрған эндокринология, гематология, ревматология, гастроэнтерология сынды бөлімшелер жабылып (төсек саны бар болғаны 240-қа түсірілді), ол төсектер терапия құрамына енгізілді, білгір маман-дәрігерлер саны қысқарды. Олардың біразы нәпақасын табу үшін жеке клиникаларға кетті. Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларына қоныс аударды. Емханаларда (поликлиникаларда) ол мамандар бүгіндері жоқтың қасы. Науқастар не істерін білмей, далада қалды. Күндізгі стационарларға алыс ауылдан келгендер жатып, ем-дом алайын десе, түнде қай жаққа барарын білмей әуре-сарсаңға түседі. Қонақ үйге баруға қалтасы көтермейді. Ағайын-туыстың, танысының үйіне барайын десе, ауру адамды кім құшақ жая қарсы алады?!
Облыстық психиатрия мен облыстық наркология диспансерлері қосылып, мамандар саны, төсек орындар шегерілді. Психиатрлар емханаларда ашылған кабинеттерге жіберілді. Бірақ онсыз да тапшы дәрігер-психиатрлар кімге жете берсін, біраз емханалар мамансыз отыр. Әрине, бұл да халық наразылығын орынды туғызуда.
Жедел жәрдем станцияларының қызметі де қазір керемет деп айтуға аузың бармайды. Кезінде әр аудандық аурухана жанында жедел жәрдем (қазіргі «103») бригадасы күні-түні қызмет көрсетті. экс-министр Елжан Біртановқа бұл қызмет «ұнамаған» болу керек, бұйрық шығарып, барлық «103»-ті облыс орталығы арқылы қызмет етуді енгізді. Автотранспорттар жетпей жатқан кезеңде халыққа бұл да ауыр тиді.
Әлгі Е.Біртановтың ақылы жетіп жасаған тағы бір тың «жаңалығы» – қалалардағы ауруханаларды біріктіріп, әкімшілік санын қысқарту, яғни сөйтіп қаржы үнемдеу. Е. Біртановтың бұл бұйрығына сәйкес, облыс әкімі Б.Сапарбаев 2020 жылдың басында облыс орталығы Тараз шаһарындағы 9 аурухананың басын қосып, бар болғаны 3 көпсалалы ауруханаға айналдырды. Атын атап, түрін түстесек: облыстық аурухана, облыстық онкодиспансер және облыстық перинаталдық орталық (перзентхана) облыстық көпсалалы аурухана атанды. Миға сыймайтын бір нәрсе, үш емдеу орны қаланың әр бұрышында, аралары жер мен көктей. Осындай сәтте аурухана басшысы емдеу сапасын, күнделікті проблемалар мен туындап жататын ішкі істерді, кадрлармен жұмыс істеу қызметін қалай қадағалайды, қандай тәртіп болады? Алаөкпе болып, табанынан тозбайды ма?
Облыстық және қалалық балалар ауруханалары, инфекциялық аурухана қосылып, бір бас дәрігердің уысына тапсырылды. Ал қалалық №1 және №2 ауруханалар, қалалық перинаталдық орталық та (перзентхана) біріктіріліп, қалалық көпсалалы аурухана атанды. Бұл күндері барлық жерде берекесіздік жайлады, ем-домның сапасы төмендеді, көпшіліктің шағымы көбейді. Міне, бұл – халықтың денсаулық сақтау ісін үш жыл басқарған Е.Біртановтың елді қан қақсатып кеткен ылаңы. Өзінің енгізген берекесіз реформаларымен медицина саласын тұралатып, бүкіл дәрігерлерді жерге қаратып кеткен ойсыз, тәжірибесі мен түйсігі таяз, бойында ұлттық намысы, ар-ұяты жоқ шенеуніктің ел-жұрттың басына түсірген қиянаты. Елді күйіндіретіні – Е.Біртановтың қол астында жасалынып жатқан масқара былықтарды көрмеген, білмеген болып, тымпиып Парламент алдында жалған сөйлеп, қайта-қайта теледидарға шығып, өзін халыққа «ақылды, парасатты, ойлы» министр етіп көрсетуі. «Коронавирустан қорғануға дайынбыз, дәрі-дәрмек, тыныс беру аппараттары, зертханалар, тест-экспрестер жинақталды, қорымыз жетеді, халқымызды ол індеттен сақтап қаламыз» деген өтірік мәліметтері далада қалды. Елімізде COVID-19 және вирустық пневмония дендеп, қамысқа тиген өрттей икемге көнбей, ел-жұрт қатты күйзеліп, бойларын қорқыныш пен үрей билеп, мазалары кетіп, жүйкелері сыр беріп, біраздары ағайын-туыстан, жақындарынан айырылып, жандарына батып, көздері жәудіреп дәрігерлерден көмек сұрап, дәріханалардан маска, керекті дәрі іздеп сарсаңға түсті. Министрліктегілер пандемияға еш дайындықсыз отырғанын өмір көрсетті. Көп уақыт өтпей Е.Біртановтың өзі (рас болса!) коронавирусқа шалдығып, соны себеп қылып өз еркімен қызметтен кетті. «Көтере алмаған шоқпарды беліңе байлама», «Жалған сөз жарға жығады» деген қазақтың дана сөздері еріксіз ойға түседі. Біртановтың соңынан былықтары белгілі болған «СК-Фармация» компаниясының басшысы Берік Шәріп пен Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басқарма төрағасы Айбатыр Жұмағұловты Президент Қ.Тоқаев қызметтеріндегі кемшіліктері мен былықтары үшін сынап, 10 шілде күні Премьер-Министр А.Мамин оларды қызметтерінен босатты. Бұл – өте дұрыс шешім. Халық соқыр емес, кімнің қалай қызмет етіп жатқанын әр кез сезініп отырады, олардың төңірегінде қаңқу сөздер көбейіп, көптің ашу-ызасын тудырады. Сондықтан, көптің пікірінше, жетіп жатқан деректер бойынша билікте отырғандардың басым көпшілігі ардан безген, ұяттан жұрдай жебірлер, тойымсыз ашкөздер болып көрінеді. Әрине, халқына адал қызмет етіп жүргендері де бар, бәріне күйе жаға беру орынсыз болар. Әйтеуір, өкінішке орай, бұл заман түсініксіз, мейрімсіз, арсыз, тәкаппар, бұлыңғыр дүниеге айналып барады…
Пандемия қасіретін көріп отырып, өзіміздің қазақтардың бұл өте қауіпті індетке бейжай қарауы ызаңды келтіріп, ашу шақырады. Қанша айтсаң да сөз өтпейтін қазіргі қазақты түсіну тіптен қиын. «Далада маска киіп жүр, көпшілік жиналған жерден аулақ бол, қолыңды жиі-жиі антисептиктермен, сабынды сумен жу» деген ұсыныстарды қаперіне ілмей, көшеде қалай болса солай, ашық-шашық жүріп (кейде бесіктегі жас балаларымен), қазақтың дәстүрлі беташар, шілдехана, туған күн, жаназа сияқты шараларына тартынбай барып, дәмханалар мен кафелерде бас қосып, ауруды жұқтырып, одан отбасындағыларға, қызмет орындарындағыларға таратып, ауруханаға қиын жағдайда түсіп жатқанына куәгерміз.
Ар-ұятты түріп тастап, табыс үшін бизнесін алға жылжытып жатқандарды көріп, жаның ауырады. Мысалы, Тараз қаласының қақ орталығында «Киш-миш» деген атақты кафе бар. Иелері – өзбек ағайындар. Санитарлық бас дәрігердің қаулысына құлақ аспай 11-ден 20 сағатқа дейін есігін айқара ашып, сансыз клиенттерге қызмет етуде. Оның алдына жиналған қазақтардың (бала-шағаларымен) қарақұрым кезегін көріп түңілесің. Арақашықтықты еш сақтамайды, басым көпшілігінің маскасы жоқ, ішкі тәріп те мәз емес. «Сіздерге бас санитар дәрігердің бұйрығы жүрмей ме? Неге жабық кафе жұмыс істеп жатырсыңдар?» деп қынжылсаң, «біздің кафенің ашық балконы бар, сондықтан бізге рұқсат» деп құтылады. Сөзге құлақ аспайтын, індеттің қаупін ұқпайтын, жиылып кафеге тынымсыз келіп жатқан қазақтардың мына ісіне қынжылып, Ішкі істер департаментінің «102» нөміріне бірнеше рет телефон шалдым. Ондағылар самарқау тыңдап, арнайы мобильдік топты жіберудің орнына учаскелік полиция қызметкерін жіберумен шектелді. Сөйтіп, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. «Киш-миш» тоқтаусыз қызмет көрсетіп, халық арасында коронавирустың кең таралуына ұйытқы болуда. «Қазаннан қақпақ кеткен» заманның кері келді ме?
Байқаңызшы, ауырып, жан тәсілім етіп жатқандардың арасында орыс, кәріс, неміс халқы жоқ десек те болады. Өйткені олар қауіптің қайдан келетінін біледі, сақтанады, қорғанады, алдын алу шараларын түсінеді. Ал айналайын қазағым «Құдай сақтасын» деп қойып, болып жатқан іске енжар қарап, айтылып жатқан шараларды орындамайды. Онсыз да аз халықпыз, елді қырып алсақ не болады? (Базбір көріпкелдер «елімізде COVID-19 бір жылда 100-120 мың адамды жоқ қылады» деп болжам жасауда. Беті аулақ, тілдері тасқа, ондай болмай-ақ болсын!).
Жедел жәрдем станцияларының қызметкерлері шақыруларға үлгермей, ауруханаларда орын жетпей жатқаны арқамызға аяздай батады. Медицина қызметкерлері соғыс кезіндей бір тыным таппай қажырлықпен еңбек етуде. 12 сағат бойы ыстық күнде синтетикалық қорғаныс костюмінде, бетперде мен көзілдірікте, резиналық етікте жүру жеңіл ме?! «Көйлегіміз денемізге жабысып, смена соңында резеңке етігіміз шылқылдаған терге толып, денеміз ақжем болып кетеді. Бірақ қолдан келген көмегімізді аямаймыз. Халқымыз аман болсын», – дейді медбикелер мен дәрігерлер. Ауруханалардың басым көпшілігі инфекциялық ауруханаларға айналдырылды. Ауруханаға енсең, жаны қиналған, демі жетпей қара терге малынып жатқан аурулардың жантүршігерлік дауысын, ыңқылын естігенде, бүкіл денең түршігіп кетеді. Өмір мен өлім арпалысын өз көзіңмен көру жеңіл емес. Дәрігерлерде де жүрек бар, жүйке бар. Үйлеріне айлап бармай, бала-шағасын тек телефон арқылы көріп, олардың өкпе-назын, көз жасын көріп, жүректері езіліп, жандары қиналып жүрген дәрігерлердің еңбегін орынды бағалаңыздар, қолдаңыздар мына қасіретті кезеңде. Волонтерлер де бұл істен шетте қалмай, барынша көмегін аямай, қол ұшын беріп жүр. Қаржысы бар саналы азаматтар да керекті дәрі-дәрмектермен, оттегі беретін аппараттармен (ИВЛ, оттегі баллондары және т.б.) шамасына қарай ауруханаларды қамтамасыз етуде. Тіпті дәрігерлерге арнайы тамақ жеткізіп жүрген қолы ашық, жүрегі нәзік жандарды да кездестірудеміз. Мысалы, тараздық кәсіпкер Мира Ештаева тамақ әзірлеп, ауруханадан шықпай еңбек етіп жүрген дәрігерлерге күнделікті жеткізіп жүр. Ақтөбе өңірінің еріктілер қоғамы да қолдарынан келгенше дәрігерлерге көмек қолын созып, барынша жәрдем беруде. Оларына шексіз рақмет. Елін, халқын сүйетін патриоттар игілікті іс-шаралардан осындай қауіпті кезеңде сырт қалмайды деп ойлаймыз.
Мына күндері қиналған халықтың қалтасын қағып, дәрі-дәрмектерді саудаға салған, ұят-ардан, адамгершіліктен безген жандардың мына індет кезіндегі теріс іс-әркеттеріне қапа болып, аталарына лағынет айтасың. Мысалы, 10 шілде күні Алматы қаласында аудандық аурухананың реанимация бөлімінің меңгерушісі 90 флаконнан астам коронавирусқа қарсы қолданатын «Севофлуран», «Цефтриаксон», «Меобактрин», «Альбунорм», «Неоцитотект», «Октагам», «Архимакс», «Меропенем», «Годовист», «Пропофол» дәрілерін сатып жүрген жерінде полиция қызметкерлерінің қолына түсті. Тексеру кезінде оның қалтасынан дәрі-дәрмектер сатудан түскен 1 миллион 370 мың теңге табылды деп жазады дерек көздері (факт ғаламторда жарияланған). Осындай жиіркенішті жайды біліп, жаның түршігеді. Иә, ой қуа берсек, күйіндіретін, жүрегіңді ауыртып, жаныңды қинайтын мәселе аз емес мына күндері. Осындай аласапыран кезінде қол ұшын созып, гуманитарлық көмек беріп жатқан басқа ел өкілдеріне (Ресей, Өзбекстан, Қытай, Катар және басқаларына) шексіз ризамыз. «Сабыр түбі – сары алтын» деп өзімізді-өзіміз сабырға шақырғаннан басқа шара жоқ бізде, қарапайым халықта…
«Денсаулық – баға жетпейтін жалғыз ғана асыл дүние. Ол жақсы болу үшін не уақытты, не күш-жігерді, не еңбекті, тіпті барлық дүниені аямай жұмсау керек. Денсаулық үшін өмірдің бір бөлігін қиюға болады. Денсаулықсыз өмір қызықсыз әлем деп есептеймін», – деген екен М.Монтель. Санасында саңлауы бар адамды еріксіз ойға жетелейтін орынды айтылған ой-пікір. Денсаулығың болмаса, жинаған байлығың көк тиынға да тұрмайды. Оны мына беймаза қазіргі дүниеден көріп жүрміз, естіп жүрміз, куәміз. «Денсаулық – басты байлық» деп қазақ атам бекерден-бекер айтпаған. Сондықтан денсаулық сақшылары – дәрігерлердің еңбегін орынды бағалап, қоғам олардың қызметіне тиісті бағасын бергені жөн. Олар оған әбден лайық және қолдау да талап етеді.
Індетпен күресіп жатқан əрбір жанға күш-қуат бергей, Алла Тағала! Барлық сақтық шараларын орындап, абай болайық, ағайын! Халқымызға амандық тілеп, карантин шараларын қатаң сақтауға, ал тиісті мемлекеттік органдарды өз қызметіне қырағы жауапкершілікпен қарап, халықтың жағдайын жасауға міндетті. Өйткені біздің мемлекетіміздің ең қымбат қазынасы – халқымыз, оның денсаулығы!
Дүйім халық болып, күш біріктіріп мына ауыр індеттен халқымызды сақтап қалу үшін бар күшімізді, білімімізді, қаржымызды да аямайық. Барлығымыз біріксек, індет те аяғын тартады, халқымызды сақтап қаламыз. Ел-жұртымыз аман болсын!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының
докторы, профессор,
Журналистер одағының мүшесі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.