Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Иманғали арқасын тосты»: Досхан Жолжақсынов Нұрғиса Тілендиевке қалай атақ сұрап берген

0 392

Әйгілі қазақ композиторы, дирижер Нұрғиса Тілендиев қайтыс боларының алдында «Халық Қаһарманы» атағын алды. Көзі тірісінде атақ алып үлгеруіне актер Досхан Жолжақсынов пен Иманғали Тасмағамбетов себеп болыпты. Бұл туралы Жолжақсынов Qasqa Jol Youtube арнасында журналист Абай Сейфулллаға берген сұхбатында баяндады,-деп хабарлайды «Jambyl-Taraz» ақпарат агенттігі Stan.kz сайтына сілтеме жасап.

Тілендиев 1998 жылы қатты сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалған. Сол шақта Тасмағамбетов пен Жолжақсынов композитордың халін сұрап, ауруханаға күнде барады екен. Бір жолы дәрігер Тасмағамбетовке «Тілендиевтің екі апта ғұмыры қалғанын» айтқан.

«Былай шыққан соң қатты қысылып, көзімнен жас шығып кетті. Нұрағаңдай арыстың кетіп бара жатқанын көзге елестету қиын еді. «Шіркін, неге осы кісіге, қанша буынды қалыптастырған қаһарманға Халық Қаһарманы атағы берілмейді?!» деп едім, Имекең маған оны хат етіп жазу қажеттігін айтты. Бір екі күннен соң Сыздық Жұматайұлы қайтыс болып, мен директор болып тұрған Жасөспірімдер мен балалалар театрынан шығаруға шешім қабылданды. Елбасының өзі қатысатын болды. Ал мен әлгі хатты жазып, дайындап қойғанмын», – дейді Досхан Жолжақсынов.

Актер Ермек Серкебаев, Манаш Қозыбаев, Қалтай Мұхаметжанов, Әлібек Дінішевтермен келісіп, атақты беру туралы келісімдерін алған.

“Содан хат жазылған қызыл папканы дайындап қойғанбыз. Елбасын қарсы алып, Сыздық Жұматайұлын жерлеп келе жатқанымызда Иманғали Елбасыға «Сізге Досханның сізде бір ауыз әңгімесі бар» деп еді, Нұрсұлтан Әбішұлы тоқтап бұрылды. Мен «19 ғасыр бізге Құрманғазыны беріп еді, 20 ғасыр Нұрғиса ағамызды берді. Өзіңіз бастаған қаншама буын осы кісінің ән-күйімен рухтандық. Мен атақ сұраймын, Халық Қаһарманын сұраймын» дедім. Елбасы құжатты сұрап қарады да «Бұған  қол қою керек, ауызша болмайды» деп айтты. Содан Елбасы қойнынан қаламын суырып маған берді, Иманғали жүгіріп келіп арқасын тосты, мен «Қазақстанның Халық әртісі  Досхан Жолжақсынов» деп жазып, өз қолымды қойдым. Сөйтіп, ол қағазды Нұрсұлтан Әбішұлы бір кісіге тапсырды», – дейді актер.

Көп ұзамай, сүйінші хабар жеткен.

«Сол кеште Иманғали екеуміз бильярд ойнап жатыр едік. Сағат 21:45-те Нұртай Әбіқаев Иманғалиға телефон шалып, «Қайырлы құтты болсын, Елбасы Халық Қаһарманы атағына қол қойды» деді. Сол сәтте көзімнен парлап жас кетіп, бұрышқа барып еңіредім. Имекең «Қой, енді неге жылайсың» деп жатты. Мен тұрып: «ертең ұрпағым жақсы актер, режиссер болдың дер. Бірақ елдің көкірегінде таңбалы болып қалардай не бітірдіңіз десе, Ұлы Нұрғиса Тілендиевтің Халық Қаһарманы атағын алуына дәнекер болдым деп айтамын дедім», – деді Жолжақсынов.

Атақ алғаннан кейін, екі апта өмір сүреді деген композитордың ғұмыры екі айға созылған. Тілендиев 1998 жылдың 15 қазанында дүниеден өтті. Жолжақсынов бетін кері қайтармаған Назарбаевқа ризашылығын білдірді.

«Тілендиевке Халық Қаһарманы берілмесе де жұрты мойындаған, халқы бар атақты өзі беріп қойғандай адам. Дегенмен менің қолымды қақпай, уәжіме тоқтауы Елбасының да кемеңгірлігін, тұлғалығын, болмысын білдіреді. Әйтпесе, ол кісі «Сенің онда шаруаң қанша, өз жұмысыңды істе» десе не болады? Мен емес, ар жағында ұйытқы болып жүрген Иманғалидың күні не болар еді», – деді Жолжақсынов.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.