Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ілкімді жобалар іске асып жатыр

0 141

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың 2018 жылғы 5 қазандағы жолдауында 2019 жыл «Жастар жылы» болса, 2020 жыл «Волонтер жылы» болып жарияланды. Елбасы өз сөзінде жастардың барлық санатын қолдауға арналған бағдарламалар әзірлеп, жан-жақты қолдау көрсетіп, қоғам өміріндегі белсенділігін арттыруды нықтап тапсырған болатын.

Осы орайда, қаламызда жастарды қолдау мақсатында бірқатар жобалар мен бағдарламалар іске асырылуда. Мәселен, «Жасыл ел» еңбек жасағы қоршаған ортаның көркеюіне, қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз етуге өз септігін тигізіп келеді. «Жасыл ел» кешенді бағдарламасы 2005 жылдан бастау алып, осы бағдарлама аясында 370 жас қаламыздың көркеюі бағытытындағы ілкімді жұмыстарға жұмылдырылды. Аталған бағдарламаны іске асыруға жергілікті қала бюджетінен 24,8 млн. теңге қарастырылды. Сонымен қатар, қоғамдық сананы жаңғырту, патриоттық сезімді арттыру мақсатында жастар орталығының іс-шараларын ұйымдастыруға 13 млн теңге бөлінді.

Бүгінгі таңда, жастар саясатының негізгі мәселелерінің бірі – жұмыспен қамту болып отыр. Жастарды еңбекке баулу мақсатында және бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтау үшін «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы іске асырылуда. Аталған бағдарламаға Республикалық бюджеттен – 83,7 млн. теңге бөлініп, биыл 350 жас түлек жұмыспен қамтылады. Ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың 2020 жылға арналған бағдарламасы қарқынды жүзеге асырылып келеді. Бағдарлама аясындағы жобаларды қаржыландыруға 16,9 млрд. теңге бөлініп, 3 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылса, оның 1 мыңнан астамы жастарды құрап отыр.

Елбасы жолдауында бұқаралық дене шынықтыруды өркендету ісі жаңа чемпиондар шыңына шығатын пирамидаға айналуы тиіс, бұл салауатты әрі белсенді жастардың, қуатты ұлттың негізін қалыптастыратыны көрсетілген. Бүгінгі таңда, балалар мен жасөспірімдерді спортқа тарту мақсатында ұлттық және бұқаралық спорт түрлерін дамытуға 3,0 млн. теңге, спорттық жарыстар өткiзуге 6,7 млн. теңге, әртүрлi спорт түрлерi бойынша құрама командалардың мүшелерiн дайындауға және олардың облыстық спорт жарыстарына қатысуын қамтамасыз етуге 3, 8 млн. теңге қаралып отыр. Бұдан бөлек, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша 80,4 млн. теңгеге 9 жасанды төсеніші және қоршауы бар заманауи спорт алаңшалары орнатылуда.

Нұрбол Әкек,
Тараз қаласы әкімдігінің экономика және бюджеттік
жоспарлау бөлімінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.