Ерке есілдің жағасына ел қонып, бабалар армандаған Астананың бой көтергеніне де ширек ғасырдан асты. Бүгінде гауһардай жанған бас қала от ауызды, орақ тілді ақындардың асқақ жырына арқау болды. 6 шілде – Астана күні. Атаулы күнге орай тараздық жалынды ақындардың елордаға арнаған өлеңдер топтамасын ұсынамыз.
Есет Досалы,
Мәдениет саласының үздігі
Астананың екінші аты – сұлулық
Әсемдіктің бағасын да білу – құт,
Бас қалам бар деп ойланып жүру –
құт.
Көрген көзге көп қуаныш сыйлайтын,
Астананың екінші аты – сұлулық.
Отанымды шыннан шексіз сүйіп тек,
Бағасын да, қасиетін де біліп көп.
Асқақ қала Астананы көргенде
Еңсе тіктеп, сала берем биіктеп!
Ой келеді басымызға не түрлі,
Беу, Астана өсті өнді, жетілді.
Есілдің қос жағалауын әсемдеп,
Қайраткерлер терін төккен секілді.
Назар тіккен әлемнің бар данасы,
Күннен күнге биіктеген бағасы.
Бас қаланың абыройына қуанам,
Себебі, ол – қалалардың қаласы.
Біз жүрейік бейбіт күнде ән салып,
Ізгі оймен жақсылыққа жол салып.
Жүре берсін жаһанның бар елдері,
Біздің сұлу Астанаға тамсанып!
Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы
«Дәстүр және өнер» бөлімінің меңгерушісі
Астанаға келгенде
Бір үміт, сан күндік, ақ арман –
Түкпірден арқалап келеміз.
Өткенім – бұлыңғыр көк тұман.
Ертеңмен көктейді төбеміз.
Бұл жердің құшағы кең ғой деп,
Жан-жақтан бақ сынап көреміз.
Астана талабы басқа деп,
Ендігі ешкімге болмайды өкпеміз.
Таласып, тырмысып, тіршілік
Жасаймыз бәрін де, сөкпеңіз.
Дәу қала талабы – тек тірлік!
Өтеуі уақыт пен шексіздік!
Бас қала,
біздің жоқ сенетін көкеміз!
Жылдар мен жолдарды оздырып,
Еңбекпен төріңе жетерміз!
Тек сонда, Астанам, айбынды
Бақытты дәуренді өткергіз!
Нұржан Қадірәлі,
Қазақстан Жазушылар
одағының мүшесі
Хауа анадай ханшайымы даламның
Беу, Астана, қасиеттім, ардақтым,
Сені мың жыл жүрегіммен толғаттым.
Асқақтығың – ар-намысы Алаштың,
Сұлулығың – хор қызындай жәннаттың.
Жұбатқансың, көкке ұмтылған аз ба
күн?
Жұбанышсың, мәңгі алауың маздасын.
Аққуларың қанатымен сүрткенде,
Есілдей боп аққан елдің көз жасын.
Тәңір берген тәжім сенсің, бағым да,
Құрбан болар ғашық ұлмын жолыңда.
Жан алысып, жан беріскем жаулармен,
Қол жеткізу үшін сендей аруға.
Мейіріміндей ұлы Ұмай анамның,
Періштедей сен де нұрдан жаралдың.
Уа, Астанам, рухтандырған ұрпақты –
Хауа анадай ханшайымы даламның.
Шаңырағыңа тәуелсіздік төккен нұр,
Бабаларға арман болған көктем бұл.
Алты құрлық Алты Алашқа ағайын,
Тереземіз төрт мұхиттай мөп-мөлдір.
Ұлт тағдыры ұрпағыңмен жалғасты,
Жалғызым сен, ең соңғы һәм алғашқы.
Дүр Астанам – бейбіт күнге бойтұмар,
Тәуелсіздік – болашаққа қолбасшы.
Көгіңдегі қыран да азат, күн де азат,
Хас сұлуым құлай сүйген мың қазақ.
Мына мендей Мәжнүн ұлдың бар
жыры –
Мәңгілік ел алдындағы мінәжат.
Жалғас ОРЫНБАСАР,
Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының ғылыми қызметкері
Құрдасымсың, Астана
Қысы да, жазы да суық еді Астананың,
Тәкаппар мінезі ме бас қаланың?!
Бірақ та жүрегіме ыстық қала,
Өзіңе арналады асқақ әнім!
Әлихандар сен үшін жасын төккен,
Хан Кененің сен үшін басы кеткен.
Мың батырдың ерлігі есіл кетпей,
Шуақ шашты далама жасыл көктем.
Жайнатқан Сарырқаның кең даласын.
Бар әлем де беріп жүр өр бағасын.
Тоқсан сегізде туғандар көп менің де,
Бірақ…
Мәңгі жасар құрдасым сен ғанасың!
Марал ХАНТӨРЕҚЫЗЫ,
облыстық Ш.Уалиханов атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың «Қаламгерлер» клубының
жетекшісі
Жауһар қала
Күлімдеп күнің, арайлап атқан
таңдарың,
Аспанмен тұстас ғимарат зәулім,
заңғарың.
Асықпай аққан сызылып қыздай
Есілің,
Секілді маған асқақ та асау арманым.
Әсерді әсем, сөзіме маржан жалғайын,
Өзіңде өткен әр күнім шәрбат, бал
дәйім.
Көркіңе көркем көз тоймас көрген
адамның,
Шайқалтып басын, қаққызбай қоймас
таңдайын.
Жұлдыздай жарық, шырақтар самсап
ілінген,
Келбетің жайнап алуан өрнек
гүліңмен.
Самал жел тербеп нәзік қып беттен
өпкенде,
Сарыарқа төсі, ауасы бірден білінген.
Сезімдер іште бұғумен үнсіз
жатпаған,
Күй кернеп жанды, әуенді әуез
қаптаған.
Жасай бер, жаса, есімің дәуір
өшпестен,
Гүлденген сұлу, Астана атты бақ
қалам!
Тамсанып талай, жоғалтқан сенде
жиі есін,
Бесігі алтын қазаққа әрбір киесің,
Астанам көркем, шаһарым алып, кең
байтақ,
Жүрекке мәңгі бір өзің ғана иесің!
Нұрсұлтан РАХЫМБАЙ
«Aulieata-media» ЖШС цифрлық контент орталығының
жетекші-редакторы
Астанаға сәлем
Ерке Есілмен ескі достай сырласып,
Мейір таппай ұсынарға бір қасық.
Астанаға бақыт іздеп келіп ем,
Қолда барды сырып тастап, қыр
асып.
Толарсақтан саз кешкенді ұнатқан,
Баспана іздеп, баз кешкенді жұбатқан.
Талапты ұлдан үмітті ме бұл қала:
– Кетпе, – дейді, қалшы қалқам,
тұрақтан.
Жігіт едім тәукелге бас ұрған,
Үсік қолын жең ішінде жасырған.
Қаратаудан көш түзеген Бетпаққа,
Армандарын Алатаудан асырған.
Сары аязы салғандай-ақ сынаққа,
Салқын көңіл сезілмеді бірақ та…
Бір білгенім – адалдық пен адамдық,
Ерді еңбек жеткізеді мұратқа.
Қайырлы ұлдан қай қазақта дәмелі
Сақтай келіп Әулиеатаның әдебін.
Сарысуым, сағынышпен қабыл ал,
Астанадан асқақ ұлдың сәлемін!
Мерейхан РАЙМБАЕВ,
облыстық «Jambyl» телеарнасының
редакторы және тележүргізушісі
Жырыма арқау – Астана
Көк туды мүсіндеп атар күн,
Көк бөрі – Алаш боп атандым.
Арманы асқақтап барады,
Шамдары сөнбейтін шаһардың.
Бәйгеге қосылса құлыны,
Тақымын қысқан жұрт – шын ұлы.
Қақ бөліп төгілген тобыққа,
Ерке Есіл, ерке қыз бұрымды.
Жылатса жұртымды талай мұң,
Ол менің мұңым деп санаймын.
Мен енді әлемге айбарлы,
Бәйтерек үстінен қараймын.
Қорықпай Қорқыттың түсінен,
Жерұйық тапқан ел ішінен.
Алашқа тек жеңіс тілейміз,
«Астана Арена» ішінен.
Қара бұлт аспанын баспаған,
Тұлғасы өзгеше басқадан.
Оюлы ойлардың жемісі,
Армандай тым биік Астанам!
Жасай бер мәңгілік, бас қалам!
Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ,
«Авангард» поэтикалық жобасының, «J.A.S» жыр жинағының авторы
Шайыр шаһарға сыр
Жанымды жайқалтатын жыр
аңсаған,
Құбылып құйқылжиды құлын санам.
Астана,
Алабұртқан шағымда бұл,
Арманның асқақ көшін бұрам саған.
Шертіп сан түндерге сыр, күндерге
мұң,
Сарсаң санам сал болып кімге
ермедім?!
Бесігі сен шығарсың әлдилеген,
Бейуақта бақыт іздеп жүргендердің.
Күнге құлаш жайғанда төсің жазық,
Көгіңе көңілім ауды есімді алып.
Жұмыр қанат, сыралғы сеніміммен,
Есілге сыр ақтардым кеш ырғалып.
Сый аңсап құлазыған күндерімнен,
Табаным саған тиіп, гүлдеді іргем.
Саған қарай нұсқады жолдың бәрі,
Жұмақ іздеп кеткенде жұмыр
жерден.
Болғанымен боз дүние, өре ғаріп,
Дәуірге дүр тән дейді кереғарлық.
Ширек ғасыр дәл сенің дәргейіңнен,
Дәрменіме дем беріп келем анық.
Бақытына арқаға ауған елдің,
Тарам жолын тағдырдың талғап
өрдің.
Қыран болсам келеді қанат жайып,
Сенің ғана көгіңде самғап өлгім!
Шартарапқа ән боларға сай үні,
Тамырына қуат бермес қай ұлы?!
Алты Алашқа құбыла боп құлпырғай,
Шаһарлардың ішіндегі шайыры!