Қалалық қоғамдық-саяси газет

Харассмент «ұят боладыға» көнбейді

0 2  308

Харассмент жайлы соңғы жылдары көбірек айтыла бастады. Аталған термин қолданысқа енді ғана енсе де, қылмыстың бұл түрі біздің қоғамда бұрыннан бар. Бұған бала күнінде жыныстық қысымға ұшырап, есейгенде жеке шекарасының бұзылғаны жайлы жиі айтып жүрген қыз-келіншектердің әңгімесі дәлел. Дегенмен харассментке ұшырағандардың көбі көрген қорлығын айтудан ұялады. Себебі Қылмыстық кодексте харассментке қатысты бірде-бір норма жоқ. Харассмент – орын таңдамайтын қылмыс. Жақында әлеуметтік желіде Айсұлу есімді қыз қоғамдық көлікте бейтаныс адамнан көрген қорлығын айтып берді. Ығы-жығы адамның арасында кімнің не істеп тұрғанын ешкім байқамайды. Сол мезетте қара киінген, орта жастағы жігіт оқушы қызға барынша жақындап, денесіне қол жүгіртеді. Қыз айғайлайын десе, қасындағы достарынан ұялады. Ал басқа жаққа орнын ауыстыру мүмкін болмайды. Осылайша, автобустан түскенше бейтаныс адамның дегеніне көніпті. Мұндай оқиғалар қоғамда жиі кездеседі.

Харассментке қатысты арнайы заң жоқ. Тұрмыстық зорлық-зомбылық – заман ағымына қарамастан түбегейлі шешілмей келе жатқан көп мәселенің бірі. Оны шешу үшін арнайы заң жобасына өзгерістер енгізу көзделген. Әзірге ол Парламент қабырғасында жатыр. Мұндай заңсыздыққа барғандар Қылмыстық кодекстің 123-бабы бойынша жазаланады. Алайда іс жүзіне келгенде бұл бап өте сирек қолданылады. Айталық, республикада 1998 жылдан 2018 жылға дейін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеудің 87 дерегі ғана тіркелген. Оның өзінде сотқа тек 30 іс жіберіліп, 25 адам сотталған. Арасында бірде-бір айыпталушы бас бостандығынан айыру жазасына тартылмапты. Бұл статистика Қазақстанда жыныстық қатынасқа мәжбүрлегені үшін жылына орта есеппен 1 агрессор ғана жазаланатынын көрсетті. Шын мәнінде, жыныстық қудалау оқиға­лары әлдеқайда көп, бірақ басым көпшілігі тіркелмейді. Өйткені агрессордың жыныстық қысым көрсеткенін заң жүзінде дәлелдеу өте қиын.

Заң адам құқығын қорғау үшін керек. Алайда қылмыс саналатын харассменттің әлі де еліміздің Қылмыстық кодексіне енбеуі, қыз-келіншектердің үнсіз тынып жүруіне әкеліп жатыр. Тіпті, осындай жағдайлардан кейін кейбір қыздар өздерін қорғау үшін қалталарына түрлі қорғанатын құрал салып жүруді әдетке айналдырған.

Амина Амантай,
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Web-журналистика» мамандығының 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.