Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халық саулығы – ұлт байлығы

0 1  167

Халық денсаулығын сақтау жүйесі тек дамыған, үнемі жетілдіріліп отыратын, саламатты ізгіліктер мен жарқын келешекті көздеген қоғамда ғана жоғары деңгейге көтеріле алады. Ал мұндай қоғам халық өзінің бейбіт болашағына сеніммен қарағанда ғана дүниеге еш алаңсыз дені сау ұрпақ әкеліп, өсіргенде ғана мүмкін болмақ. Ұлт денсаулығының мәселесі мемлекеттік маңызды проблема санатына кіреді. Әлбетте, ұлтты сауықтыру – негізгі бағыттардың бірі.
Бізге, медицина қызметкерлеріне тұрғындардың тән және жан саулығы орайындағы Елбасы қамқорлығы жанымызға жақын. Саламатты өмір салты мен адамның өз денсаулығы жолындағы ынтымақты жауапкершілік қағидаты бүгінде денсаулық сақтау саласындағы және ел азаматтарының күнделікті өміріндегі мемлекеттік саясаттың ең бастысы болып саналады.
Аймақтың әлеуметтік көрсеткішінің басты индикаторы тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған, қызметіміздің тиімділігі аудан тұрғындарының өмір сүру көрсеткішімен анықталады. Аудан бойынша бұл көрсеткіш 1 жылға ұзарған, демек, 71,61 жастан 72,49 жасты құрайды. 2022 жылдың 10 ай қорытындысымен нәрестелер өлімі салыстырмалы түрде 28 пайызға төмендеген, ана өлімі 2010 жылдан бері тіркелген жоқ.
Халыққа сапалы медициналық көмек көрсету емдеу мекемесінің материалдық, кадрлық және қаржылық-техникалық жағынан сапалық деңгейіне тікелей байланысты. Аурухана құрамындағы емдеу мекемелерінің 77,1 пайызы типтік ғимаратта орналасқан. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 2022 жылы жалпы сметалық құны 271 млн-ға Жаңатұрмыс, Жақсылық дәрігерлік амбулаторияларының құрылысы жүргізіліп, қыркүйек-қазан айларында пайдалануға берілді. Нәтижесінде емдеу мекемелерінің тозу деңгейі 24,9 пайыздан 18,0 пайызға төмендеді.
2022 жылы 2 ЭКГ аппараты (Көгершін ДА, қабылдау бөліміне), эндоскопия кабинетіне залалсыздандыру-жуу репрессоры, оперблокқа жоғары жиіліктегі электрокоагулятор, орталықтандырылған стерилизациялау лабораторияға кептіру шкафы, перзентханаға жүкті әйелдерге бақылау жасау КТГ аппараты алынды. Аурухана зертханасына маусым-шілде айларында соңғы үлгідегі ИФА (иммунды ферментті аппараты), ИХА (иммунды химиялық анализатор) алынып, аурухана деңгейінде қанның құрамындағы гормонды, онкомаркерлерді және басқа сапалық құрамдағы талдауларды жасауға мүмкіндік жасалды. 10 ай қорытындысымен жарақтандыру көрсеткіші 91,2 пайызға салыстырмалы түрде 1,2 пайызға артты.
Шалғай жатқан елді мекендердегі халықтың медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылжымалы диагностикалық кешен жұмыс істейді, 2022 жылдың 10 айында дейін 19 ауылда болып, тексеруден 26 786 адам өткізілді, оның 5 914-і бала, 10 788 диагностикалық, 14 850 лабораторлы тексерулер жүргізілді. Қашықтықтан көрсетілетін медициналық көмек алу сапасын жақсарту мақсатында аудандық емханаға және дәрігерлік амбулаторияларға 20 веб-камера алынды, мамандармен оқыту сабақтары жүргізіліп, «ДамуМед» ақпараттық жүйесіне қосылды.
Аудан емдеу мекемелерінде барлығы 112 дәрігер және 480 орта буынды медицина қызметкері жұмыс істейді. Аудан тұрғындарын дәрігерлермен қамтамасыз ету көрсеткіші – 18,6, дәрігерлердің санаттылық көрсеткіші – 58,9 пайыз.
Бүгінгі күнде Бастапқы-медико-санитариялық көмек алғашқы буындағы әмбебап, интеграцияланған, әлеуметтік көмек көрсетуге, ал ауруларды басқару бағдарламасы созылмалы аурулармен ауыратын науқастардың өзін-өзі бақылауы арқылы аурудың алдын алуына, сонымен қатар медициналық көмектің қолжетімді және сапалы болуын дамытуға бағытталған. Медициналық қызметтің қолжетімділігі бойынша арыз-шағымдардың азаюы байқалады.Барлық алғашқы медициналық көмек ұйымдарында (дәрігерлік амбулаториялар мен емханалар) халықтың аз қамтылған топтарына әлеуметтік қолдау көрсету мақсатымен 4 психолог және 16 әлеуметтік қызметкер жұмыс істейді. Ауруларды басқару бағдарламасына 5 626 науқас қатысады. 2022 жылдың 20 қазанынан бастап ауыл тұрғындарына өткізілетін алдын алу тексерулерімен 25 712 адам тексеруден өткізіледі.
Денсаулық және өмір – адами құндылықтар ішіндегі аса маңызды ұғымдар. Дәрігер қауымына әрбір азаматтың және бүкіл елдің осынау баға жеткісіз игілігі ұлт байлығын сақтау барысында орасан зор жауапкершілік жүктелген.

Шындос Мырзалиев,
Т.Рысқұлов аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері,
жоғары санаттағы ұйымдастырушы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.