Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Халық қолдаған құнды құжат

0 497

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы – ел дамуының нақты бағдарын айқындап берген құнды құжат. Президент «Әділетті Қазақстан» құрылып жатқанын тілге тиек еткен кезекті Жолдаудағы өзекті тақырыптарға қысқаша шолу жасап көрсек.

Ең әуелі Мемлекет басшысы әлемде энергия тапшылығының күшейіп бара жатқанына ерекше тоқталып өтіп, атом энергетикасын дамытуға баса мән беру керек екенін атап өтті.
Сонымен бірге алдағы күндері салық бойынша мәжбүрлеу шарасы азаяды. Бұл туралы Президент кезекті Жолдауында: «Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн», – деді. Бұрын азын-аулақ салық төлеуді ұмытып кетіп немесе болмашы тиын-тебен салық үшін бұғаттап тастайтын еді. Басымыздан бірнеше мәрте өтті. Енді олай жасамайтын болды.
Ал Жолдауда айтылғандай, субсидия бойынша арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтапты. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болды. Қысқасы осындай заңсыздық жасағандарды жазалау күшеймек.
«Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек», – деді Президент.
Қ.Тоқаевтың айтуынша, жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы 2 мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтаған.
«Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн», – деген Президент жер телімдерін бәленбай гектар етіп алып, пайдаланбай жатуға қатысты да тексеріс артатыны айтты. Шынымен де мемлекет басшысы атап өткендей, субсидия саласын расымен мұқият тексеру керек. Біреулерде мал бар, бірақ субсидия ала алмайды. Ал енді біреулер құжат жүзінде мал тіркетіп, шынайы шаруаларды субсидиядан қағып келеді.
Сонымен қатар Жолдауда жолдарды жөндеу бойынша Астана-Алматы, Ақтөбе-Атырау-Астрахань, Талдықорған-Өскемен бағытындағы күре жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып қалғанын айтты. Бұрын 2,5 мың шақырымға созылатын облысаралық және ауданаралық жолдарды салу және жөндеу тапсырылған, енді оны 4 есе арттырып, 10 мың шақырымға жеткізу тапсырылды.
Туризм бойынша Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылғанын айтты. Енді Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін арттыру үшін сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салуды тапсырды.
Бәрімізге мәлім, Мемлекет басшысы 2021 жылы Қазақстан халқына Жолдауында ең маңызды қадам – ауыл әкімдерін тікелей сайлауды енгізу екенін айтқан болатын. Нәтиже бар, 2021 жылдан бері 2,5 мыңға жуық әкім сайланғанын айтты. Яғни 90 пайыз ауылдың әкімін сайлау өткен, олардың ішінде 60 пайызы бұрын мемлекеттік қызметте болмағандар деген ақпаратты келтірді.
Сондай-ақ Жолдауында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры туралы пікір білдірген Мемлекет басшысы мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасауды тапсырды.
«Ұлт саулығын нығайту үшін кешенді шараларды қолға алып, халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жаңғырту керек.
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуі денсаулық сақтау саласына қосымша ресурстар әкеліп, жеке меншік медицинаға зор пайдасын тигізді.
Биыл денсаулық сақтау саласына бюджеттен 3,3 триллион теңге қаржы бөлінді. Бірақ, оның нәтижесі әлі көрініп жатқан жоқ. Медициналық сақтандыру жүйесіне қатысушылар арасында міндеттердің дұрыс бөлінбеуі бұрмаланған ақпараттың көбеюіне әкеп соқтырды. Науқастарға мемлекет кепілдік берген қызметтерді ақылы негізде алуды немесе бірнеше ай бойы кезек күтуді ұсыну жайттары аз емес. Бұған жол беруге болмайды», – деген Президент мемлекет кепілдік беретін медициналық көмектің бірыңғай базалық топтамасын жасауды тапсырды.
«Ал одан асып кеткен шығынның бәрі сақтандыру жүйесі арқылы төленуге тиіс. Цифрландыру болмаса, мұндай ауқымды өзгерістерді сәтті жүзеге асыру мүмкін емес.
Бір-біріне байланысы жоқ ондаған бағдарлама мен ақпараттар базасының орнына бірыңғай мемлекеттік медициналық ақпарат жүйесін жасау керек. Жаңа жүйе, меншік түріне қарамастан, мемлекеттік тапсырыс алатын медицина мекемелерінің бәріне толық бақылау жасалуын және мәліметтердің шынайы болуын қамтамасыз етуі қажет. Үкімет осы маңызды мәселені шешуге дереу кірісіп, бұл бағыттағы жұмыстың барысы жөнінде маған және депутаттық корпусқа есеп беріп отыруға тиіс», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен бірге құнды құжатта Мемлекет басшысы еліміздегі 1 300 мектепке күрделі жөндеу жүргізу қажет екеніне тоқталып Үкімет әкімдермен бірге оны қаржыландыру көздерін анықтап, соның ішінде демеушілерден де қаражат тартып, 3 жыл ішінде бұл мектептерді толық жаңартуға тапсырма берді.
Жалпы, Жолдауда айтылған мәселелер болашақта толық жүзеге асатынына үлкен сенім артамыз!

Жансая БАЗАРБАЕВА

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.