Кеше өңірге арнайы жұмыс сапарымен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұқаш Ескендіров пен Гүлдара Нұрым Тараз қаласындағы «М‑1» жылу магистралін жаңғырту жобасының жүзеге асырылу барысын тексерді.
Әуелі құрылыс алаңдарында жүріп жатқан жұмыстардың жай-күйімен танысқан халық қалаулылары жауапты мамандармен және мердігер компания өкілдерімен кездесті.
– Өздеріңізге мәлім, күні кеше Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов сегізінші сайланған ҚР Парламенті ІІІ сессиясының жұмысын қорытындылады. Жамбыл облысынан сайланған депутаттар Мәжіліс жұмысына бір кісідей үлесімізді қостық деп ауыз толтырып айта аламын.
Ал өңірге келгендегі мақсатымыз – әріптесім Гүлдара Алданышқызы екеуміз аймақтағы «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасына кірген жобалардың іске асырылуы, жылу желілерін жаңғырту, қысқа дайындық жұмыстарын жан-жақты көру. Сонымен бірге алдағы күндері өңірдегі денсаулық сақтау нысандары, мектептер мен жаңадан салынып жатқан кәсіпорындардың құрылысымен танысамыз. Бұдан бөлек, өңір тұрғындарымен кездесу өткіземіз, – деген Мұқаш Зұлқарнайұлы сала жауаптыларына күрделі жөндеу жұмыстарын жеделдетіп бітіру қажеттігін ескертті.
Депутат бұл – тек бір ғана магистральді жөндеу емес, сондай-ақ инфрақұрылымды жаңғыртудың жүйелі қадамы екенін айтады.
– Адамдардың өмір сүру сапасын арттыру үшін ең әуелі үйлерде жылу, ыстық су және кәріз жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі қажет. Таразда жылу желілері мәселесі ондаған жыл бойы шешілмей келген. Енді бұған көз жұма қарауға болмайды. Тұрғындар қысқы суықта жылудан тарықпайтынына сеніп өмір сүруі керек, – дейді халық қалаулысы.
Өз кезегінде мердігер мен өңірдің салаға жауапты мамандары жөндеу жұмыстарын тез әрі сапалы бітіруге уәде берді.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымның айтуынша, Жамбыл облысы партияның сайлауалды уәделері мен депутаттар дайындаған «Жылу энергетикасы туралы» заңның нақты жүзеге асырылуының үлгісін көрсетіп отыр. Бұл заң жылу жүйелерін орталықтандырылған, жергілікті және жеке жүйелер деп бөлуді, тариф саясатын жаңартуды, сондай-ақ сенімділік пен қауіпсіздікке қойылатын талаптарды қатаңдатуды көздейді.
– Тұрғындар партия уәде берсе, оны орындайтынына көз жеткізуі керек. Біз құрғақ сөзбен шектелмейміз, әр аймақта нақты нәтижеге жұмыс істейміз. Таразда біз осының айқын мысалын көріп отырмыз: қаржы бөлінді, мердігер жұмыс істеп жатыр, құбырлар ауыстырылуда, тұрғындар нақты өзгерісті сезінуде, – дейді Гүлдара Алданышқызы.
Айта кетейік, шаһардағы күрделі жөндеу жүріп жатқан «М-1» жылу магистралі 1990 жылы салынған, яғни 35 жыл қолданыста болған. Ал жылу желілерін пайдаланудың нормативтік ресурсында пайдалану мерзімі 25 жылдан аспауы керек екені көрсетілген.
Осыған байланысты 2023 жылдың басында қала аумағындағы магистральдық және ішкі кварталдық жылу желілеріне техникалық тексеру жұмыстары жүргізілген. Қорытындыға сәйкес, «М-1» жылу магистралі 80 пайызға тозған деген нәтиже шығарылған.
Нәтижесінде 2023 жылы қала әкімдігі «Тараз қаласы Сыпатай батыр, Төле би, Қ.Тұрысов көшелерінің бойындағы «М-1» жылу магистралін қайта жаңғырту» жұмыс жобасын әзірлеп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Осылайша аталған жылу желісін жөндеуден өткізуге республикалық және облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген. Мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп, жеңімпаз мердігерлермен келісімшарттар жасалған.
Құрылыс-монтаждау жұмыстарының тапсырыс берушісі – Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімі болса, мердігері – «Сарыағаш-Аман» ЖШС. Техникалық қадағалаушысы – «АДС САПА» ЖШС, ал авторлық қадағалау жұмысына «Институт «КазНИПИЭнергопром» АҚ жауапты.
Өткен жылы аталған жылу құбырының 4 602 метр бөлігі ауыстырылса, биыл қалған 1 536 метрі жаңартылады деп күтілуде. Жобаның жалпы құны 10 миллиард теңгеден асады. Жоба толық аяқталғаннан кейін Тараздағы жылу желілерінің тозу деңгейі 67 пайыздан 51 пайызға дейін төмендемек. Бұл – оң өзгерістерге бастайтын маңызды қадам.