Қалалық қоғамдық-саяси газет

Халыққа жедел әрі сапалы қызмет көрсету – басты міндет

0 741

Мемлекеттік қызметтерді көрсету саласының жұмысын дамыту әрі жетілдіру, оның сапалық деңгейін арттыру – мемлекеттік аппарат қызметін дамытудың басым бағыттарының бірі. Осы салада қызмет көрсетушілер мен мемлекеттік қызметтерді алушылардың, яғни қарапайым азаматтар, кәсіпкерлер және т.б. арасында тікелей қарым-қатынас жүзеге асады.

Мемлекет өзінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағдарламаларында мемлекеттік қызметтер көрсету саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, Қазақстан Республикасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламада алғаш рет мемлекеттік қызметтер көрсету рәсімдерін электрондық форматқа ауыстыру бағытында міндеттер қойылды. Осы орайда 2023 жылдың 15 мамыры күні қала әкімі аппаратының мәжіліс залында мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді жетілдіру, осы саладағы қызмет сапасын арттыру және мемлекеттік органдар арқылы қызмет алушыларға қолайлы жағдайлар туғызу, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тиімділігін арттыру, қызметтер көрсету кезінде туындайтын өзекті мәселелердің түйінін тарқату, тағы да басқа маңызды мәселелер жөнінде семинар өткізілді.
Семинарға облыстық деңгейдегі мекемелерден бірқатар жауапты азаматтар қатысып, қаланың мемлекеттік қызмет көрсетуші мекемелерінің, атап айтқанда, қалалық әкімдіктің бөлімдерінің қызметкерлеріне бірқатар маңызды мәселелер жөнінде кеңестерін ұсынды. Жиынды қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Тасеменов ашып, жүргізген семинарда мемлекеттік қызметтердің сапасы, халық пен қызмет беруші арасындағы байланыс деңгейі, қызмет алу кездегі туындайтын қиындықтар және оны шешу жолдары туралы айтылды.
Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мәселелері, жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін тіркеу, қарау және оларға талдау жүргізу мәселелері және Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі нормаларын қолдану тәртібі бойынша әдістемелік көмек көрсету мақсатында облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары Серік Әлібек, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің басшысы Ғалия Боранбаева, облыс әкімі аппаратының өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Бауыржан Молдашев, облыс әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді мониторингілеу бөлімінің бас инспекторы Диана Искакова, облыс әкімі аппаратының заң қызметінің бас инспекторы Қарашаш Әубакирова, облыс әкімдігінің жер қатынастары басқармасының басшысы Айдар Тажиков, облыс әкімдігінің сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Алмас Тулеубаев, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің мемлекеттік көрсетілетін қызметтер басқармасының бас маманы Жанәділ Құрбанов, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының Жамбыл облысы бойынша филиалы өкілдігінің менеджері Ғабит Құдайқұлов арнайы келіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Аталған спикерлер семинарға қатысып отырған мамандарға мемлекеттік көрсетілетін қызметтер саласында жиі орын алатын заң бұзушылықтар туралы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің өзекті мәселелері жайлы кеңінен түсіндіріп, баяндама жасады. Қатысушылар жұмыс барысында туындап жатқан мәселелер бойынша сұрақтарын қойып, жауаптарын алды. Сондай-ақ көрсетілетін қызметтерді оңтайландыру бойынша ұсыныс-пікірлерін де білдірді.
Жиын барысында облыс орталығынан келген мемлекеттік қызметтерді көрсетуге жауапты қызметкерлер тақырыпқа сәйкес, қатысушыларға теориялық және практикалық тұрғыдан кеңестер беріп, әдістемелерімен, тәжірибелерімен бөлісті.
Сонымен қатар жиын барысында қатысушылардың өтініштері назарға алынып, аудиториядан түскен сұрақтарға мамандардың тарапынан тыңғылықты жауаптар берілді. Қосымша айта кететін болсақ, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясында мемлекеттік қызметтер көрсетуді автоматтандырумен қатар, «бір терезе» қағидасының негізінде көрсетілетін қызметтердің тізімін ұлғайту міндеті айқын көрініс тапқан. Қорыта айтқанда, электрондық түрде көрсетілетін қызметтердің саны жылдан-жылға ұлғайып келеді. Бұл – өз кезегінде мемлекеттік орган қызметкерлерімен қызмет алушылардың тікелей қарым-қатынасын азайтып, сыбайлас жемқорлық фактілерінде болдырмауға бағытталып отырған маңызды қадам. Иә, мемлекеттің алдында осынау көрсеткішті 100 пайызға жеткізу мақсаты тұр.
Осы ретте қабылданған шаралар қызмет көрсетушілер жұмысының тиімділігін арттыруға және әкімшілік кедергілердің азаюына ықпал жасайтынына күмән жоқ.

М.Молдағалиева,
Тараз қаласы әкімі аппаратының мемлекеттік көрсетілетін
қызметті мониторингілеу бөлімшесінің басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.