Елбасы Жастар жылына қатысты салтанатты жиында «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында жас кәсіпкерлерге арналған гранттар көлемін арттыруды тапсырып, бұл мүмкіндік арқылы үш жылда шамамен 300 мыңға жуық жас азамат бизнестің қыр-сырын меңгеріп шығатынын айтқан болатын.

Толғанай БЕКЕТҚЫЗЫ

Осылайша, олардың төрттен бірі, яғни кем дегенде 80 мың адам өз кәсібін бастауға мүмкіндік алмақ. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлік негіздерін оқыту жобаларына жастардың неғұрлым көбірек келуіне септігін тигізбек. Өңірде осы бағыттағы жұмыстар бастау алып, республикалық және облыстық бюджеттен қайтарымсыз гранттар бөлінді. Бұл туралы толығырақ өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен жиында облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Тимуржан Нұрымбетов мәлімдеді.
– Басқарманың негізгі бағыттарының бірі – Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру. Осы бағытта жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 22906 адам тартылды. Соның ішінде ваканттық бос жұмыс орындарына – 8842 адам, қысқа мерзімді кәсіптік оқуға – 3081 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына – 1440 адам, жастар практикасына 2108 түлек жолданып, ақылы қоғамдық жұмыстарға 4609 жұмыссыз тартылса, 1208 адам «Бастау-Бизнес» жобасымен кәсіпкерлік негіздеріне оқыды. «Жас келсе – іске» деп жатамыз. Қазіргі таңда жастардың шағын және орта бизнесті дамытуына мүмкіндік мол. Биылғы Жастар жылы қарсаңында «Жас кәсіпкер» жобасы бойынша 575 адам оқуға жолданып, 597 адам шағын несие алып, 446 адам грант иегері атанды. Аймақта «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес идеяларын дамытуға республикалық бюджеттен 200 АЕК мөлшерінде 329 жасқа қайтарымсыз грант ретінде 166,1 миллион теңге қаржы бөлінді, – дейді басқарма басшысы.
Ал жастар қаржыны алу үшін бірнеше талаптан өтуі тиіс. Ол үшін азамат аудандық, қалалық халықты жұмыспен қамту орталықтарына өтінішпен қайырылуы қажет. Одан кейін өтініші, жеке басын куәландыратын құжаты, салық комитетіне жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі, мекенжай анықтамасы, бизнес жоспары мен «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының 1-ші бағыты бойынша қысқа мерзімді оқу курсынан өткендігі туралы сертификаты қабылданады. Яғни жұмысшы мамандықтар бойынша машығы болуы керек. Осылайша, жұмыспен қамту орталығы аталған құжаттарды «Атамекен» кәсіпкерлер палатасына өткізеді. Өз кезегінде палатада құрылған комиссия 5 күннің ішінде шешім шығарып, құжаттарды жұмыспен қамту орталығына кері жібереді. Оң нәтиже көрсетіп қабылданған өтініш иелеріне қаржы олардың дербес есеп-шотына аударылады.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған