Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Гендерлік саясат: әйелдердің әлеуеті қандай?

0 346

«Гендерлік саясат» деген тіркесті айта қалсаңыз, жан-жағыңыздағы үлкен-кішінің де, ер мен әйел азаматтардың да көбісінің жүзінен жақтырмаған кейіп бірден қылаң беретіні жасырын емес.

«Гендер» деген ұғымды ерлер мен әйелдердің ғана бір-біріне теңестірілуі деп қабылдайтын түсінік басым. Өткен дәуірдегі кеңестік социалистік кезеңнің әйел теңдігі саясатымен салыстыратын да жайт бар. «Байтал шауып бәйге алмас», «Қатын бастаған көш қараң қалады» секілді мәтелдерді кесе-көлденең тартып, өздерінің ойларын ақтап алғысы келіп жататындар да көптеп кездеседі. Бірақ, олар бұл сөздің мәнісін тек адамдардың жыныс айырмасымен байланыстыра, біржақты, аса тар ауқымда қабылдаса, өте қатты қателесетіндерін бағамдай бермейді.
«Гендер» ұғымы ХХ ғасырдың 80-жылдарынан бастап ғылыми қолданысқа еніп, жүйелі түрде зерттеле бастаған. Оған саяси-әлеуметтік жағдай – қоғамдық қатынастардың өзгеруі мен әйелдер құқығын қорғау бағытындағы феминистік қозғалыстың өріс алуы, философиялық жағдай – таным теориясының жаңа бағыт алуы, тағы да сол секілділер әсер етті. Негізінен «гендер» дегеніміз – табиғаты бірдей заттардың немесе тіршілік иелерінің жиынтығына жататын, яғни генезис, форма немесе сипаттамалар секілді элементтерді бөлетін типке, класқа, текке қатысты сөз. Оны қолданудың аясы кең. Сондықтан, гендерлік саясат дегенді жер шары мен жаһандық тұрғыдан алып қарасақ, бұл – жанды-жансыз және үлкенді-кішілі не нәрсенің болмасын бірге және үйлесімділікте тіршілік кешуін, бір-бірімен тепе-теңдікте сақталуын қадағалауға тиіс мүдде болып шығады. Алайда Ұлы Жаратушы тарапынан ақыл-ой мен сөйлеу тілін сыйға алғандығымен ерекшеленетін адам баласы бұл мүддені соңғы уақыттарда, әсіресе өз қалауына қарай жиі пайдалана бастады. Бұл бір жағынан алып қарағанда дұрыс та. Он сегіз мың ғаламды өз білім-ғылымымен игеруге ұмтылған адамзат басқа жанды-жансыз нәрсеге де иелік ете алатын зор қабілет иесі.
1908 жылы 15 мыңнан астам әйел АҚШ-тың ең ірі қаласы – Нью-Йоркте шеруге шығып, өздеріне сайлау құқығын беруді, жұмыс күнін қысқартуды және ер-азаматтармен бірдей жалақы төлеуді талап етті. Содан бері арада 117 жыл өтсе де осы үш талаптың үшеуі де толыққанды орындалған жоқ. Әрине, бұрынғы мен бүгінгі әйелдердің жағдайын салыстырғанда жер мен көктей айырмашылықты байқамау мүмкін емес. Дегенмен, әлемде әйелдер дауыс бере алмайтын бір ел әлі бар. Ол – Ватикан. Рим папасына кардиналдар ғана дауыс бере алады. Ал әйелдер кардинал бола алмайды. Яғни, қала-мемлекет әйелдерге кардинал болуға мүмкіндік беретін заңды қабылдағанда ғана бір ғасыр бұрын шеруге шыққан әйелдердің алғашқы талабы толыққанды орындалды деп айта аламыз. Өткен ғасырдағы әйелдердің қалған екі талабы өркениетті елдерде орындалғанымен, әлемнің 34 пайыз елінде әлі күнге дейін гендерлік теңдік туралы заң да қабылданбаған. Демек, әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылар жұмыс көп.
Еліміздегі нәзікжандылар 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қарағанда Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ соңғы жылдарда қоғамдағы әйелдердің рөлі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақсатында бірқатар заң жобалары қабылданған. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының «2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік тұжырымдамасы» мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқықтардың мемлекеттік кепілдіктері және ерлер мен әйелдер үшін тең мүмкіндіктер» заңы бар. Және 2016 жылы қабылданып, қолданысқа енген «Қазақстан Республикасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын» да ерекше атауға болады. Аталған заңдар мен тұжырымдамалар әйел адамның қоғамдағы рөлін айқындауды мақсат етеді.
Қазақстанның 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына қосылуы елдегі гендерлік саясаттың күн тәртібіндегі мәселе екенінен хабар береді. Жобаның алға қойған 17 мақсаты нақтыланса, оның 12-сі гендерлік және мемлекеттің стратегиялық бағыттары мен міндеттерін негіздейді. Елде 2016 жылы қабылданған «Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасының» қолданысқа енуіне де осы қадам сеп болса керек.
«Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан гендерлік саясатты жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жеткізді. Халықаралық деңгейдегі актілер қабылданды. Атап айтар болсақ, 1995 жылғы «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасы», 1998 жылғы БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы» конвенциясы, 2000 жылғы «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» заң жобасы мен «Тұрмысқа шыққан әйелдердің азаматтығы туралы» конвенция, «ХЕҰ-ның ерлер мен әйелдерге сыйақы көлемін теңестіру туралы» заңдары. Сондай-ақ гендерлік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен тығыз байланыста екенін де атап өткен жөн», – дейді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты әлеуметтік-экономикалық зерттеулер бөлімінің басшысы Жанна Кәрімова.
Жанна Кәрімқызының айтуынша, елімізде гендерлік саясатты тиімді жүзеге асыру үшін институционалдық және нормативтік база құрылған. Қоғам өмірінің қай саласында болмасын гендерлік теңдікті қамтамасыз ету үшін ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия құрылып, бүгінде табысты жұмыс жасап жатыр. Аталған комиссияның өңірлік өкілдіктері әр аймақта тиісті қызметтерді атқаруда. Тәуелсіздік алғалы қоғамдағы әйелдердің рөлі едәуір артты. Бұл – мемлекеттік қолдау шаралары мен елдегі әйелдердің мүддесін ілгерілету жолында атқарылып жатқан жұмыстардың жемісі.
Бүгінгі күні елдегі гендерлік саясаттың негізгі қағидаттары, басымдықтары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған. 2019 жылы аталған тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі аяқталды. Нәтижесі жаман емес. Елде гендерлік теңдік пен саясат мақсатты түрде жүзеге асып келеді деуге негіз бар.
«Қазақстан әйелдерді жұмыспен қамту мәселесі бойынша экономикасы жоғары дамыған елдерден кем түспейді. 2022 жылғы есепке сенсек, елдегі экономикалық белсенді халықтың 64,8 пайызын әйелдер құрайды. Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстарымен елде әйелдер еңбегін пайдалануға тыйым салынған жұмыс орындарының тізімі жаңартылды. Бұл жерде әңгіме теңсіздік турасында емес, жұмыстың ауырлығы ескеріледі. Қазіргі кезде технология дамып, өндіріс процестерін автоматтандыру қарқын алуда. Есесіне, әйел еңбегін пайдалануға тыйым салынған кәсіптер саны азаюда. Мысалы, 2022 жылы тыйым салынған мамандықтар саны 287-ден 187-ге дейін қысқартылған», – дейді Жанна Кәрімова.
Сарапшының айтуынша, соңғы жылдары әйелдердің шағын және орта бизнестегі белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Тіркелген белсенді кәсіпкерлердің ішінде әйелдердің үлесі 43,2 пайызды құрайды. Елдегі әйелдер басшылық жасайтын шағын, орта және ірі кәсіпорындардың салмағы 28 пайызға жуық. Әрбір төртінші шаруа және фермер қожалығын нәзік жандылар басқарады. Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш деп ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ 300-ге жуық үкіметтік емес ұйым әйелдердің құқықтары мен мүдделерін шешуге белсенді атсалысса, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық лауазымдардың 32 пайыздан астамын әйелдер құрайды.
«Мемлекет әйелдердің саясаттағы рөліне баса назар аударып отыр. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының жалпы құрамындағы әйелдердің үлесі 18,4 пайызға жетті. Парламенттің төменгі палатасындағы нәзік жандылардың да үлесі біртіндеп көбеюде. 1996-1999 жылдар аралығын қоса есептегенде Мәжіліс депутаттарының арасында әйелдердің үлес салмағы 11,76 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 27,8 пайызға дейін артқан. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлем бойынша төменгі палатадағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4 пайыз. Бұл – біздегі көрсеткіштің едәуір жоғары екендігінің анық айғағы. Жергілікті басқарушы органдарда да әйелдердің үлесі бар. Пайыздық көрсеткішпен айтсақ, облыстық мәслихаттарда жуықтап алғанда 16 пайыз, қалалықта 23 пайыз, ал аудандық мәслихатта 24 пайыздай әйелдердің үлесі бар. Сонымен қатар, нәзік жандылар мемлекеттік қызметтерде де жиі төбе көрсетеді. Олардың үлесі 2013 жылы 49 мыңнан асса, 2017 жылдың өзінде-ақ 50 мыңнан асқан. Сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін отыз пайыздық квота енгізілгенін де атап өту орынды», – дейді Жанна Кәрімова.
Елімізде халықаралық озық тәжірибелерге сүйене отырып жасалған мемлекеттік бюджетті гендерлік жоспарлау негіздері енгізіліп жатыр.
«Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету бойынша мемлекет тиісті шараларды қабылдап жатқанымен, мәселе толыққанды шешім таппай келеді. Мысалы, ер мен әйел еңбекақысындағы алшақтықты азайту бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоймай отыр. 2018 жылғы есепке сенсек, әйелдер табысы ерлер табысының 66 пайызын құраған. Ел ішіндегі ер мен әйелдің тең құқылығы мемлекеттің әлемдік деңгейдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыруға ықпал етеді. Сол себепті де әлем елдері әйелдердің құқығын ерлермен теңестіруді дұрыс деп есептейді. Осы тұрғыда біздің мемлекетіміз де әйелдің қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында іс-шараларды қабылдауда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әйел мүддесін ілгерілету және құқықтарын қорғау, сайлауалды партиялық тізімдер бойынша әйелдер мен жастар үшін квота енгізу, тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жазаны күшейту, әлеуметтік көмек көрсетуді жетілдіру сияқты мәселелерді назарға алуы – сөзімізге дәлел», – деп санайды Жанна Кәрімова.
Расында, ҚР Орталық сайлау комиссиясының мәліметі бойынша, 2016 жылы Парламент Мәжілісіндегі әйелдердің үлесі 10 пайыздан сәл асса, бүгінгі күні бұл көрсеткіш едәуір жоғарылаған.
Жоғарыда жазғанымыздай, 2016 жылы қоғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдікті қалыптастыру мақсатында «2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы» бекітілген болатын.
Аталған тұжырымдама үш кезең бойынша жүзеге асырылып жатыр. Айталық, бірінші кезең 2017-2019 жылдар аралығын қамтыды. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі отбасы саясатын зерделеу мақсатында арнайы база құрып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Пилоттық режимде отбасылық соттар қызметі күшейтілді. Гранттар бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыру басталды. Жалпы айтқанда, алғашқы кезеңді іске асыру барысында аталған салалар жақсы нәтижеге қол жеткізе алды.
Екінші кезең – 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықты қамтыса, үшінші кезең 2023 жылдан 2030 жылға дейін созылады. Бұл кезең тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін міндеттер мен іс-шараларды іске асыруды көздейді.
Аталған Тұжырымдаманың алғашқы 2 кезеңі аяқталды, үшіншісі де бітуге таяу.
Тұжырымдамада «Гендерлік саясат саласындағы қол жеткізілген нәтижелер мен проблемалар», «Халықаралық тәжірибені шолу», «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың пайымы», «Қазақстан Республикасындағы отбасылық және гендерлік саясатты дамытудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері», «Нысаналы индикаторлар мен күтілетін нәтижелер», «Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары» деп аталатын тақырыптар қамтылады.
Бұл салалар бойынша отбасы институтын және отбасы құндылықтарын нығайту, отбасыларды мемлекеттік әлеуметтік қолдау, ерлер мен әйелдердің репродуктивті денсаулығын сақтау үшін жағдай жасау, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл, гендерлік теңдік институтын нығайту, әйелдердің саяси және басқарушылық ұстанымдарын қолдау, әйелдердің экономикалық әлеуетін кеңейту, гендерлік аспектіде өзін-өзі тану мүмкіндіктері, отбасылық саясатқа қол жеткізудің шетелдік модельдері, отбасылық саясат пен гендерлік саясатты қалыптастырудың негізгі қағидаттары мен тәсілдері, ерлер мен әйелдердің тең серіктестігіне, ата-аналардың балаларды тәрбиелеу, оқыту және дамыту, қарттарға қамқорлық жасау және қолдау үшін жауапкершілігін тең бөлуге негізделген отбасылық қатынастарды қалыптастыру арқылы отбасы институтын нығайту, отбасындағы және балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу, гендерлік ағартуды ілгерілету, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге әйелдердің қатысуын кеңейту турасындағы проблемаларды шешудің жолдары жан-жақты қарастырылған.
Қазақстандықтардың көпшілігі үшін отбасы – маңызды құндылық. Ата-аналардың дені балаларымен барынша көп уақыт өткізуге ұмтылады. Мысалы, «Отбасылық-демографиялық саясат» сауалнамасының 2023 жылғы деректері бойынша ата-аналардың 50,3 пайызы тұрақты түрде балалардың қасында болатыны, 32,7 пайызы әрбір күнді бірге өткізуге тырысатыны, 8,3 пайызы әр демалыс және мереке күндерін бірге өткізетіні және тек 0,4 пайызы бос уақытын ешқашан балаларымен өткізбейтіні анықталған. Балалардың көпшілігі ата-аналарымен өздерінің қызығушылықтарын талқылайтынын, қалған бөлігі өзінің отбасымен араласқанды ұнататынын және олардың тек 2,3 пайызы туған-туыстарымен өзара түсініспеушілігі кездесетінін айтқан.
Дегенмен, қоғамда отбасы институтының маңыздылығына қарамастан, ажырасулар және некесіз бала туу азаймаған. Шамамен әрбір үшінші неке бұзылады. Кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар ерлі-зайыптылардың ажырасу үлесі де ұлғайған. Мәселен, 2016 жылы 141,7 мың некенің 51,9 мыңы ажырасса, 2020 жылы 128,8 мың некенің 48 мыңы бұзылған. Алайда, 2020-2022 жылдар аралығындағы коронавирус пандемиясы кезінде ажырасулардың азайғаны байқалады. Айталық, 2020 жылдың қорытындысы бойынша тіркелген некелер санына ажырасқан некелердің үлесі 37,2 пайызды құрады, ал 2019 жылдың соңында бұл көрсеткіш 42,8 пайызға тең болған екен.
Сондай-ақ 2019 жылы ажырасу коэффициенті 2016 жылмен салыстырғанда 2,92-ден 3,23-ке дейін өскен. Ал 2020 жылы осы коэффициенттің төмендегені байқалады. Өңірлік бөліністе 2023 жылы ажырасудың жалпы коэффициенті бойынша Павлодар облысы мен Астана қаласы бірінші орында болған. Мұнда әрбір мың тұрғынға 3,6 ажырасқан жұп. Екінші орында – Солтүстік Қазақстан облысы (3,55), үшінші орында – Қарағанды облысы (3,33). Ажырасудың ең төмен коэффициенті Түркістан облысында (1,31), Шымкент қаласында (1,87) және Маңғыстау облысында (1,96) байқалған.
Ер адамдардың гендерлік жағдайдағы еркіндігі әкелердің бала тәрбиесіне аз қатысуына әкеліп соғады. Баланы асырау үшін алимент төлеуде де мәселе тудырады. Жаппай сауалнама деректері ерлердің өз балаларымен өзара қарым-қатынасқа қатысуының айтарлықтай төмен деңгейін көрсетіп отыр. Мысалы, «Отбасылық-демографиялық саясаттың» 2021 жылғы зерттеулері бойынша көбінесе отбасылардың 38,15 пайызында аналары балалармен бірге уақыт өткізсе, 40,2 пайызында әкесі мен анасы бірге қатысады, ал 2,1 пайызында әкелері баласымен өз бетінше аз қарым-қатынас жасайды екен.
Аталған тұжырымдама кезең-кезеңімен жүзеге асырылғанда көптеген нәтижелерге қол жеткізілетін болады. Осы арқылы халықтың репродуктивті денсаулық саласындағы хабардарлығы артады, балаларды тәрбиелеу процесіне тартылған әкелердің үлесі көбейеді, өмірде қиын жағдайға тап болған отбасыларды анықтау және оларға көмек көрсету жеделдігі ұлғаяды, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың қайталанған жағдайларының саны азаяды, кәсіпкерлік саласында әйелдердің қаржылық сауаттылығы артады, биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квазимемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау процестеріне тартылған әйелдердің үлесі өседі, сондай-ақ отбасы институтын және гендерлік теңдікті нығайту жөніндегі шаралармен халықты қамту, тағы басқалары артады деп көзделіп отыр.
Сондықтан әрқайсысымыз гендерлік теңдік деңгейі жоғарылаған сайын, отбасы мүшелерінің әрқайсысының тұрмыстық, экономикалық, адамгершілік-тәрбиелік, қорғаушылық және басқа да маңызды функцияларын орындауда жауапкершілігі, тепе-теңдігі де жоғары болатынын түсінуге тиіспіз.
2021 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «БҰҰ – әйелдер құрылымының» Франция және Мексика үкіметтерімен бірлесіп ұйымдастырған «Ұрпақ теңдігі» жаһандық форумының қатысушыларына арнаған сөзінде гендерлік теңдіктің салиқалы саясаты бойынша әйелдерді қолдаудың жалғаса беретінін айтқан болатын.
«Гендерлік мәселені шешу – өңірлік өлшем бойынша еліміздің сыртқы саясаттағы басымдықтарының бірі», – деген Президент Қазақстанның «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл коалициясы» және «Экономикалық әділдік пен құқық жөніндегі іс-қимыл коалициясы» сияқты екі серіктес бірлестікке қосылатынын мәлімдеді. Бұл – мемлекетіміздің бірқатар міндеттеме қабылдағанын білдіреді. Сол кезде Мемлекет басшысы гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша озық тәжірибемен бөлісу үшін Орталық Азияда өңірлік білім платформасын құру туралы жаһандық деңгейде бастама көтерді. Осы бағытта өзі бас болып елімізде әйелдердің теңдігі мен қауіпсіздігін қорғауға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған игі істі барынша қолдап келеді.
Әйел – ана, әйел – жар. «Қыз – қонақ», «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында» дейтін халқымызда да, асыл дінімізде де әйелдің рөлі онсыз да жоғары. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген де бар. Қазіргі жаһандану дәуірінде нәзік жандылардың саяси рөлін арттыру да маңызды болып отыр. Себебі, кей отбасыларда әйел – ердің де, әйелдің де рөлінде. Әйелдерге де ерлермен тең дәрежеде құқық беріледі. Сондай-ақ гендерлік теңдікті ұстап тұру мақсатында мемлекет түрлі іс-шараларды атқаруда. Бұрынғы заманда қыз баласын оқытуға да қарсылық болған. Қазір заман мүлде басқа. Сөзімізге статистикалық деректер дәлел. Соңғы мәлімет бойынша, ғалымдарымыздың жартысынан көбі, яғни 54 пайызы – әйелдер.
Қазіргі таңда қоғамның қай саласында болсын гендерлік теңдікті сақтау маңызды мәселе ретінде қозғалып жүр. «Әйел – қырық жанды» дегендей, қай саланы болсын оның меңгеріп кетеріне шүбә келтірмейміз. Десек те, әйел үшін ең маңыздысы ұрпақ өрбіту екенін де ұмытпау керек. Гендерлік тепе-теңдік деп жүріп отбасы мен таным таразысындағы теңдікті назардан тыс қалдыруға және болмайды. Әйелдің екінші аты – нәзіктік. Қай тұстан алсақ та мәселені екі жақты, яғни қазақы танымнан аттамай әрі бүгінгі заман қарқынына ілесуді негізге алып қарау керек.

Аман ЕСЕН

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.