Қалалық қоғамдық-саяси газет

Этностар татулығы – егемендігіміздің құндылығы

0 117

Құрметті облыс тұрғындары!
Қымбатты жерлестер!
Бүгін – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн – қасиетті қазақ топырағында тағдыр тоғыстырған туыстарға айналған 140-тан астам этнос өкілдері үшін маңызды мереке. Бір шаңырақтың астында түрі басқа, жүрегі бір, тілі басқа, тілегі бір этнос өкілдерінің өзара ынтымақта, ауызбіршілікте ғұмыр кешуі – ел тәуелсіздігінің басты құндылығы. Елдік пен бірліктің ұйытқысы болған ұйым Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы – егемен еліміз үшін үлкен жетістіктің бірі. Отыз жылға жуық уақыт қазақстандықтар бабамыздан бастау алған бірлікті ту етіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастырып, еліміздің өсіп-өркендеуі жолында бірлесе еңбек етуде. Біздің басты байлығымыз – қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық. Дана халқымыз «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген. Берекені көздеген ел мерекелі тірлік жасаудан әсте жалықпаған. Бүгінде облысымызда 80-нен астам этнос өкілдері татулық пен бірлікте күн кешіп, өңірдің өркендеуіне үлес қосуда.
«Ел бірлігі – ең асыл қасиет» демекші, кез келген елдің тілегі де, арманы да халқының бейбітшілігі мен бірлігін сақтау екені сөзсіз.
Татулығымыздың темірқазығы – бірлігіміз бекем болсын! Байлық та, бақыт та бірлікте екенін әрдайым есте сақтап, бірлігімізді бағалай білейік.
Мереке құтты болсын!

Мубарак ЖИНАҚБАЕВА,
Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.