Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есінен адасқандар ғана психологтің есігін қақпайды

0 1  024

Шыныңды да, сырыңды да айтқыза білетін, күйзеліске түскенде көмектесетін психология мамандарына әлемде сұраныс жоғары. «Дәрігер тәніңді, психолог жаныңды емдейді» деген тәмсіл де бекер айтылмаса керек. Әсіресе, бүгінде жасөспірімдердің өз-өзіне қол жұмсауы мен буллингке ұшырауының жиілеуі психологтерге деген қажеттілікті одан әрі арттырып отыр.

Айталық, Жамбыл облысы әкімдігі білім басқармасының мәліметінше, қазір өңірдегі әр мектепте психологтер жұмыс істеп, оқушылар ғана емес, ата-аналарға да қолдау көрсетеді екен. Бұған қоса «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында «Даналық мектептері» де ашылған. Сонымен қатар былтыр қыркүйек айында ғана жұмысын бастаған басқармаға қарасты «Облыстық психологиялық қолдау орталығының» басшысы Ришат Райфтың айтуы бойынша, қазірге дейін мекеме тарапынан жалпы саны 134 адамға 38 психологиялық түзету (коррекция) жаттығуы ұйымдастырылып, 96 психологиялық кеңес берілген. Сондай-ақ аудандардағы 200-ге жуық оқу ордасының педагог-психологтерінің жұмыстары зерделеніп, әдістемелік көмекке қол жеткізген.
Әрине, бұл сандардың барлығы облысымызда да аталған мамандық иелеріне сұраныстың мол екенін көрсетері сөзсіз. Алайда, психологтерге жүгінуді әбестік санайтындардың да бар екені жасырын емес. Әсіресе, ата-аналар арасында балаларын аталмыш сала мамандарына апарғысы келмейтіндер жетерлік. Ал мұның сыры мамандарға сенбеушілікте жатыр ма, әлде басқа да себебі бар ма?
Тараз қалалық білім бөлімі ата-аналар комитетінің төрайымы Ғалия Рысбаеваның пікірінше, керек кезде психологтерге қайырылудың еш сөкеттігі жоқ екен.
– Кез келген баланың алдында ата-ананың жауапкершілігі өте жоғары болуы қажет. Егер ата-анадан сол жауапкершілікті алып тастап, барлығын тек мектеп пен басқаларға ысырып қойсақ оның зардабы ауыр болады. Неге екенін қайдам, осыны сезінбейтін жандар әлі де баршылық. Әлбетте, жасөспірімге ұстаздары, ортасы, білім алатын мектебі де белгілі бір деңгейде ықпал етеді. Дегенмен, баланың қасында көбірек болатын ата-анасы. Мәселен, сіздің бау-бақшаңыз бар дейік. Оны күтіп-баптауға, арамшөбін жұлуға, уақытымен түптеуге және суаруға уақыт бөлесіз. Кейбір ата-аналар бала өсіруге тура бау-бақша сияқты қарамайды. Соған қарамастан мол өнім жинағысы келеді. Ал, балаға да бақша секілді көңіл мен арнайы уақыт бөлу керектігін естен шығарады. Таңнан кешке дейін ата-ананың жұмыс істеп, ақша табуын «бала өсіру» деп түсіну қате. Біз де қазір осындай тәрбие жағы өте ақсап тұр. Соның салдарынан мектеп жасындағы балғындар ғаламтордағы түрлі ойындарға шырмалып, әлімжеттікке ұшырап, тіпті суицидке де барып жатады. Мұның бәрі балалардың психологиясымен дұрыс жүргізілмеуінде болып отыр. Ондай жұмысты жүргізейін десе ата-аналар балаларын психологтерге жетектеп апарғысы келмейді. Себебі, біреулері мұндайды ұят көрсе, енді бірі «оған тек есінен алжасқандар қаралады» деп түсінеді. Арасында «қай ата-бабамыз психологке барып еді?» дейтіндер де бар. Рас, «психология» ұғымы қазаққа әлімсақтан бері таныс деп айта алмаймын. Бірақ, қазір заман өзгерді, демек біз де соған қарай бейімделуіміз керек. Қазіргі таңда түрлі жаға ұстатар жайттарды көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Балаларды содан қорғау үшін психологтің көмегі аса маңызды. Бірақ, кәмелет жасына толмаған жасөспірімдердің психологке жеке жүгінуі үшін міндетті түрде ата-анасының келісімі керек. Содан соң мамандар амалсыздан балалармен тек топтық жұмыс жүргіуге мәжбүр. Ал бір мектептегі 300-350 балаға бір ғана психологтен келетінін ескерсек, топтық жұмыстың еш пайдасы болмайтыны белгілі. Шынына келгенде, әрбір ата-ана баласының мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, оның жан-дүниесіне тереңірек үңіле білсе бізге ешқандай психологтің де қажеті болмас еді, – дейді Ғалия Орынбайқызы.
Тәжірибелі психолог Гүлмира Ғабитқызының да ойы осыған саяды.
– Балалар түгілі, ересектердің өзі психологтың алдына барып, ішіндесін жайып салуға дайын бола бермейді, жүрексінеді. Өйткені оған ақтарылып, эмоция мен проблеманы ашып айтуға дағдыланбаған. Сондықтан ішкі жай-күйін реттеу үшін маманға бармастан өзі шешкенді жөн көреді. Әдетте балалар «сабаққа барғым келмейді» деп қиғылық шығарады. Бұлай десе, демек, себебі бар деген сөз. Біреу досымен сөзге келіп қалады, енді бірі «екі» алған болып шығады. Кейде жай ғана таңертең тұруға ерінеді не әл-дәрмені азайғаннан барғысы келмейді. Мұндайда бей-жай қарамай, балаларға проблемасын айтуға үйреткен абзал. Иә, кімге болсын ішіндегісін айту оңай емес. Балаларға да қиын. Осындай жағдайда психологтің көмегіне жүгінуге болады.
Тағы бір себебі, көпшілігі психологке баруды психикалық түрде ауру адамның баратын жері деп түсінеді. Болмаса, өзінің әлсіздігі мен дәрменсіздігін мойындағандай сезінеді. «Өз баламның мәселесін өзім шеше алмасам не үшін жүрмін?» дейтіндер де кездеседі. Әйтсе де, бұл ой дұрыс емес. Осындай ойдың қалыптасуында менталитетіміздің де әсері бар. Мәселен, отбасылық мәселелерде көбіне-көп «Бас жарылса бөрік ішінде» дегенді ұстанады. Баласының басында қандай да бір жағдай болса, оны сыртқа шығармай, жеңгелеріне, әпкелеріне, жақын-құрбыларына құпия түрде айтады. Яғни, қазақ отбасыларының көбісінде үйінде немесе айналасында мұңын шағатын дайын «психологі» бар. Жаныңа жақын адамға шеріңді ақтарғанның еш жамандығы жоқ, тек бұл уақытша көмек. Танысыңыз сізді тыңдайды, кеңесін береді, бірақ өміріңізде ештеңе өзгермейді, сол қалпында қалады. Сондықтан психологқа барғанда тұрған ештеңе жоқ. Ол – қалыпты құбылыс. Жүрегі ауырған адам кардиологке баратыны сияқты, психиканың да ағза екенін есте ұстаған дұрыс. Ал оны барынша аялау керек. Асқазан ауырған кезде өздігімен қойып кетеді деп жүре беруге болмайтынын барлығымыз білеміз. Депрессия, мазасыздық не басқа да психологиялық мәселеде де өзі шешілер деп уақыт еншісіне қалдыруға салуға болмайды. Осы ретте, ата-аналар тарапынан болатын кедергілерді де атап өту керек. Мысалы, психологиялық мәселелерден де маңызды дүниелер бар деп есептейтіндер болады. Одан қала берді «ұят» деген бар. «Ата-ана ретінде өз рөлін дұрыс орындамағанның кесірінен баласы маманға көрініп жүр» дегеннен қысылатындар да кездеседі. Әйтсе де, ата-ананың да, психолог маманның да өзіндік рөлі, атқаратын қызметі бар. Бірі екіншісінің орнын баспайды. Ата-ана мейірімге қандырып, әлпештеп, аялап, қанаттыға қақтырмай, тұмсықта шоқыттырмай, махаббатқа бөлеп өсіруге міндетті. Ал психолог болса, өмірдегі түрлі қиындықты, кризис жағдайларды өздігімен не маман көмегімен шешуге бағыт береді. Ата-ана баласын қатты жақсы көруі мүмкін, бірақ балалар мен жасөспірімдер психологиясынан онша хабардар емес делік. Одан қала берді жасөспірімдерге мәселеге басқа қырынан қарайтын да адам қажет болады. Сондықтан баласын психологке апарған ата-ана жаман деген сөз емес. Бұл олардың ата-ана ретіндегі рөлін құнсыздандырмайды. Бар болғаны білікті, білетін маманға мәселенің шешімін табу үшін жүгіну, – дейді сала маманы.
Расында, бүгінде жұмыссыздық, қаржы тапшылығы, материалдық қиындықтар, басқа да әлеуметтік мәселелер, отбасындағы түсініспеушіліктер сынды сан сұрақтың шырмауынан психолог көмегімен сытылып шыққандарды да кездестіріп жүрміз. Сондықтан, біздің мақсатымыз – ата-аналар психологке үрке қарамай, керісінше сол арқылы балаларының болашағына теріс әсер ететін түрлі жайттардың алдын алуға септігін тигізсе деген ойды ұқтыру ғана.
Ең бастысы «ауруын жасырғанды, өлім әшкерелейтінін» ұмытпаған жөн.

Құрмаш ҚАПТАҒАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.