Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есімі жүректе қалған Ән аға

0 45

Жүректі әнмен емдеп, ғашықтарды сазымен тербеген, Сыр сұлуымен сырласып, Каспий толқынының үнін әнмен жеткізген, Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шәмші Қалдаяқовтың есімі әнсүйер қауымның жүрегінде жатталып қалған. «Баласағұн» орталық концерт залында белгілі композитордың 90 жылдығына орай «Шәмші – ғұмыр» атты шығармашылық кеш өтті.

Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Ақәділ РЫСМАХАН

Жамбыл облысы әкімдігінің қолдауымен Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Шәмші-ғұмыр» спектакль-концерті сақтық талаптарына сәйкес 50-ге жуық көрерменнің қатысуымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Ұлы даланың ұлы есімдері» жобасы аясында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының «Баласағұн» ғимаратында шымылдығын түрді.

Дүние есігін ашқанда Жәмшид есімі берілгенімен, жақындары Шәмші деп атап кеткен сазгер өнер өлкесінде «Қазақ вальсінің королі»деген атпен танылған. Ерекше әуендерімен сезім қылын шерте білген сазгердің әнінен әсерленбеген жан кемде-кем. Таңғы шықтай мөлдір, күн нұрындай жылы әуендерінің әуезділігімен сазгер көзінің тірісінде-ақ барша тыңдармандарын баурап алғаны сөзсіз. Кеште ҚР Мәдениет және спорт министрі А.Райымқұлованың құттықтау сөзі қалың көпшілік алдында оқылды.

– Ұлы маэстро туралы естеліктер оның әрбір өлмес туындыларымен бірге өмір сүреді. Оның әндерін кәрі де, жас та сүйіп тыңдайды. Оларды тыңдай отырып, біздің жанымыз ерекше күй кешеді. Композитордан қалған рухани мұралар халқымыз үшін ерекше құнды десек, артық айтпағандық. Біз оның еңбектерін одан әрі насихаттай беруіміз керек. Келер жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқау өткізуді жоспарлап отырмыз, – деді Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев көрермендермен жағымды жаңалығымен бөлісіп.

Ал композитордың әпкесі Райхан Қалдаяқова:

– Ағам бала кезінен музыкаға жақын болды. Оның әндерін бірнеше ұрпақ шын ынтызарлықпен шырқауда. Біздің халқымыз оның әндерін ықыласпен тыңдап, шырқап жатса, ағамның есімі ешқашан өшпек емес. Бүгінгі концертті ұйымдастырғандарға, барлық қатысушыларға ризашылығымды білдіргім келеді, – деді алғысын жеткізіп.

Облыстық халық шығармашылығы орталығы іс-шараны үйлестірумен қатар, қолөнер шеберлері – ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, суретші-мүсінші Қ.Аманқосов пен С.Бисеновтің туындыларын халық назарына ұсынды. Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы композитордың шығармашылығына арналған кітап көрмесін ұйымдастырса, облыстық тарихи-өлкетану музейі «Қазақ этнографиясы» экспозициясынан көрме қойды. Ал кіреберіс фойеде кітап, қолөнер шеберлерінің көрмесі жасақталды.

Қазақ әлемін әнімен әлдилей білген сазгердің кеш барысында «Арыс жағасында», «Отырардағы той», «Ана туралы жыр», «Мойынқұмда», «Қайықта», «Кешікпей келем деп ең», «Дүнген қызы», «Тамды аруы», «Ақ бантик», «Теріскей», «Сыған серенадасы» сияқты қазақстандықтардың сүйіп тыңдайтын әндері шырқалды. Сонымен қатар эстрада жұлдыздары Сәкен Майғазиев, Досымжан Таңатаров, Бағдат Сәмединова, Саят Медеуов, Кенжебек Жанәбілов және К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония әртістері де сахна төрінде өнер көрсетті. А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртістері де бұл кештен шеттеп қалмай, Исраил Сапарбайдың «Сыған серенадасы» атты музыкалық драмасынан үзінді ұсынды. Концерттің қорытынды нөмірі дәстүр бойынша «Менің Қазақстаным» әнімен түйінделді.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.