Қазақтың белгілі қаламгері, талантты ақын Өкім Жайлауов көзі тірі болғанда биыл 90 жасқа толар еді.

Толғанай АТАБАЙ

Киелі өлкеден шығып, аты алаш жұртына мәлім болған ақынның құрметіне арнап «Ғибрат» орталығында еске алу шарасы ұйымдастырылды. Тағылымы мол шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков бастаған бір топ атқамінерлер мен жергілікті ақын-жазушылар қатысты. Кешті облыстық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты, белгілі қаламгер Мейрамбек Төлепберген жүргізді. Алдымен ақын рухына құран бағышталып, тағзым етілді. Сексенге қараған шағында мәңгілік сапарға аттанған ақынның қуатты қаламынан 11 жыр кітабы жарық көрді. Аудармамен айналыса жүріп, шетел ақындарының өлеңдерін ана тілде сөйлетті. Жиында облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков сөз алып, ақынның таусылмас мұралары халықтың қазынасы екеніне тоқталып, осы іс-шараның ұйымдастырушыларына алғысын білдірді. Одан кейін белгілі ақын Рафаэль Ниязбек сөз сөйлеп, әдебиет әлеміне Өкім Жайлауовтың қосқан үлесі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Онымен бірге жүрген күндерден жылы естеліктер айтты. Сондай-ақ облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, профессор Рахым Садықбеков, ақын Айша Көпжасарова, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова, ҚР Білім беру ісінің үздігі Бәтес Егембердиева және қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев сөз сөйлеп, ақынның ғажайып болмысына, адамгершілік келбетіне тоқталды. Кеш соңында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметова ақынның мейірімін, жылуын сезінгендігін тебірене еске алды.

– Өкім ағамыз шығармашыл жастарға жанашыр бола білді. Студент күнімде Жамбыл медициналық колледжін Өкім ағам мен Роза жеңгемнің үйінде жүріп бітірдім. Жақын туысымдай болып кетті. Менің алғашқы тырнақалды туындыларым сол кездегі «Еңбек туы» газетіне жарияланып тұратын. Бұл да Өкім ағамның еңбегі. Сонда Роза жеңгемнің де мейірімі мен тәрбиесін көп көрдім. Бұл да бір тағылымды тағдыр ғой. Ағайдың үйінде жүріп Асқар Тоқмағанбетов, Нұрғиса Тілендиев секілді атпал азаматтармен танысу бақыты бұйырды. Ол кісі таңмен таласа өлең жазғанды ұнататын, – деген Күләш Ахметова жырдан шашу шашты.

Әсем ән мен күмбір күй орындалған кеште бұлбұл әнші Айгүл Мақашева әдемі термеден жыр жолдап, белгілі дирижер, күйші Адай Жұмат Тәттімбеттің «Сарыарқасын» күмбірлете орындаса, жасөспірімдер арасындағы халықаралық ән байқауларының бас жүлдегері Саят Әлихан да ән салып, көптің қошеметіне бөленді. Жылы естеліктер айтылған кеште жұртшылық соңыра ақын Өкім Жайлауовқа Тараз қаласынан бір көшенің аты берілсе деген тілегін айтты. Одан соң ақынның жары Роза Жандарқызы мен ұл-қыздары ақын рухын құрметтеген көпшілікке ризашылығын жеткізді.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған