Қалалық қоғамдық-саяси газет

Есілге Жамбылдың 540 мың шабағы жөнелтілді

0 465

Гродекова ауылындағы «Сандель» шаруа қожалығы балық өсіріп, табыстың тайқазанын тасытып отыр,- деп хабарлайды  «Jambyl-Taraz»ақпарат агенттігі.

Дильмурат Хусаин-Ахунов төрағалық ететін шаруашылыққа жылына екі рет республикадағы сұранысқа ие су айдындарына шабақ жөнелтеді. Бұл жолы мұндағы балықшылар еліміздің астанасы – Нұр-Сұлтан қаласындағы Есіл өзеніне 540 мың тұқы тұқымдас шабақты жіберді.
Негізі, сандельдіктер мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейді. Олар өз істеріне әбден төселген. Яшар Бозагунов, Ахмат Бектас-оглы, Кара Осман Алшахметұлы және басқаларда тыным жоқ. Олардың бірі аяғына рәзіңке етік киіп, белуардан су кешіп арнайы құрылғымен шабақты қалқып алып, екінші балықшы ұстап тұрған шелекке салуда. Ал, ол оны жағалауда күтіп тұрған үшінші балықшыға берген. Осылайша кезектесіп әріректе тұрған суға толы цистернасы бар екі КамАЗ автокөлігіне тиеуде.

Біз шаруашылық жетекшісі Дильмурат Хусаин-Ахуновты сөзге тартқанымызда:
– Бүгін шабақтарымыз Елордаға жөнелтіледі. Шаруашылықта 18 адам жұмыс істейді. Айлық табыстары көңіл көншітерлік. Жылына мұнда 3 млн ға жуық шабақ өсіріліп, алдымен елімізге, содан соң облысымыздағы су айдындарына жеткіземіз, – деді.

Шу-Талас облысаралық бассейіндік балық шаруашылығы инспекциясының орынбасары Қанатбек Зауырбек «Облыс аумағында балық өсірумен айналысатын 117 шаруашылық болса, Балқаш көлінде бізге тән 18 су қоймасы және 17 республикалық мәнге ие учаскеміз бар.
Біз сандельдіктердің жұмысына дән ризамыз. Бір Гродеково ауылында 71 гектарды алып жатқан 8 шағын шаруашылық балық өсірумен айналысады. Шабақ­тардың дені Қапшағайға, Шардараға, Балқашқа, облыс аума­ындағы Билікөл, Ақкөл, Теріс-Ащыбұлақ және басқа да су қоймаларына жіберіліп тұрады.

Сол сенімге селкеу түсірмейтінін әңгімемізге қосылған балық өсірудің хас шебері, ихтиолог Нұрлан Молдабековтің: «Шабақ өсіру оңай шаруа емес. Жұмысқа тартылған жұмысшылар күтіп-баптау, яғни, жемшөп шашу, қоймалардағы суды ауыстыру және шабақтарды жөнелту кезіндегі көлікке тиеу жұмыстарымен айналысады. Біз шабақтың бірнеше түрін өсіреміз. Әсіресе, дәумаңдай, сазан, англиялық карп жоғары сұранысқа ие» деген сөзі дәлел.

Ақжігіт Жетпісбай
Жамбыл ауданы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.