Кеңес билігі Орта Азиядағы өз ықпалын арттыру мақсатында Ауғанстан еліне әскер кіргізіп, дұшпандарға қарсы қанды соғысты бастап берді. Бұл майданға әскер сапында жүрген қазақстандық сарбаздар да қатысып, қанқұйлы соғысты көзімен көрді. Бір парасы сол жақта жүріп жан тапсырса, елге оралғандары ауыр психологиялық соққымен оралды. Енді біреулердің кеудесін оқ тесіп, жарымжан күйде қайтты. Қалай десек те, бұл соғыстың біздің елге тигізген зардабы ауыр. Сондықтан да интернационалдық парызын өтеген азаматтардың ерлігі ел жадынан сөнбеуі керек.

Өткен жылы жаңартылып, халық игілігіне пайдалануға берілген Бауыржан Момышұлы атындағы «Жіңіс» саябағында Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш Қала күні ашылған-ды. Қазақстан бойынша қайталанбайтын БМП-2 композициясы Шымкент қаласының сәулетшісі – Айдар Ниязбековтың туындысы. Әрбір бөлігін ыждағаттылықпен жасаған сәулетшімен хабарласып, әңгімелескен едік.

– Алдымен ескерткіштің шығу тарихын, идеяның тууы туралы айтып берсеңіз?

– Ең алдымен ескерткіштің өзге туындылардан ерекше болуы туралы идеяны ұсынған Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов. Конкурсқа Алматы, Астана, Тараз, Шымкент қаласының сәулетшілері қатысты. Жалпы оннан астам жұмыс ұсынылып, бірінші турдан үздіктер анықталды. Жұмыстардың ішінде сол кездегі әскердің формасын киіп отырған немесе тұрып тұрған солдаттар ұсынылды. Бірақ олардың ешқайсысы комиссия мүшелеріне ұнамады. Алғашқы кезден-ақ ауған соғысының ардагерлерімен ақылдасып, олардың ойларын да біліп отырдық. Атшабарда орналасқан ескерткішке ол кісілердің көңілі толмайтынын да сол кезде білген едік. Бұл тұста отты соғыстың ортасында жүріп, бейбіт күнде арамызда жүрген ардагерлердің көңілінен шығу ең үлкен міндет пен мақсат болды десем, артық айтқандық емес. Ойлана келе, сол бір жылдары Ауған жерінің таулы аймақтарында соғыс майданында қолданылған БМП-2 маркалы танкісін пайдалануды ұсынып, тарихи деректерге сүйене отырып, макетті жасап шығардық. Ал ескерткіштің әрбір бөлігі өте қатаң бақылауда болып, облыс әкімі бастаған комиисия мүшелері әрбір нәтижені 10-15 рет тексерумен шешім қабылдады. Менің бұған дейінгі жұмыстарым осындай ыждағаттылықпен, мұқият тексерумен өткендігі есімде жоқ. Бұл дегеніміз өңір басшысы Асқар Исабекұлының шығармашылық ұқыпттылыққа толығымен мән беретіндігін тағы бір дәлелдеді. Сөйтіп, ескерткішті толық жасап болғанша техникалық кезеңдердің барлығын жіті қадағада ұстадық.

– Жұмыс барысында қандай қиындықтарға жолықтыңыз?

– Ескерткіштің моделін жасап жатқанда, БМП-2 үстіндегі әскерлердің, адам санының табиғи пропорцияларын сақтауға қатты мән бердік. Ескерткішке қараған әр адам сол бір отты жылдардың болмысын сезініп, әскерлерге тағзым жасағанын қаладым. Әртүрлі бағыттарды қарастыра отырып біздер адам сандарының пропорциясын 1-1,2 құрдық. Бұл ескерткіштің шынайы, әрі көрген көзге тартымды болатындығын біз толыққанды білдік. Ал адамдардың бейнесін жасауда мысты және берік металдарды қолдандық. Сондай-ақ, оқ өткізбейтін танкінің үстіне солдаттарды отырғызуда ауған соғысының ардагерлерінен кеңес алдық. Қала сыртына барып, брондалған танкінің үстіне Тараз қалалық ауған соғысы ардагерлері мен мүгедектері одағының жетекшісі Дүкенбай Ермеков бастаған бір топ жауынгер-интернационалистер кімнің қайда, қалай отырғандығын, соғыста кім қандай пози- цияда тұрғандығын көрсетіп берді. Олар Ауғандағы әскери қимыл-қозғалыстың барлығын қайта салып, жүректеріне жара салған сол бір жылдарды қайта естеріне алды. Түсірілген көптеген суреттердің ішінде ұнағандарын алып, ардагерлерге көрсетіп, олардың бейнесін ескерткішке қоюды сұрадық. Бірақ Дүкенбай Ермеков бастаған топ бірден бас тартып, ол соғыста мыңдаған сарбаздардың бұл ескерткіште бет-бейнесі тұруға лайықты екендігін жеткізді. Одан бөлек, ескерткіште қай ұлттың адамдарын бейнелеу сауалы да тұрған-ды. Сөйтіп, облыс әкімі бастаған комиссия мүшелері сол жылдары түрлі ұлт өкілдерінің соғыста ерлік көрсеткендіктерін ескере отырып, әр ұлттың батыр бейнесін мүсіндеуді бір ауыздан мақұлдады. Ал ескерткіштің қандай болғандығы туралы қала қонақтары мен тұрғындары көріп, бағасын берер. Ең бастысы біз өзіміздің мақсатымызға жеттік. Біз тек шығармашылық жетістікке жетпедік, біздің жұмыс арқылы сол бір майданда қан кешкен жауынгерлердің бейнесін көпшілікке ұсыну еді. Бейбіт күннің ұрпақтары сол жылдардың нәубетін ұмытпауын қаладық. Саябаққа келіп, ескерткіштің жанынан өткен әрбір азамат біздің жеткізгіміз келген ойды ескерткішке қарап ұғынады деп сенемін.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұқбаттасқан
Арайлым Шабденова

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған