Осыдан 35 жыл бұрын Чернобыль атом электр стансасында жарылыс болып, салдарынан мыңдаған адам қаза тапқан еді. Бүгінде сол оқиғадан кейінгі радиация салдарын жоюға қатысқан азаматтардың да қатары азайып барады.

Сәндібек ПІРЕНОВ

Қала әкімі Ержан Жылқыбаев Чернобыль оқиғасының қатысушыларын қабылдап, оларға салтанатты түрде «Чернобыль апаты салдарын жоюшы» төсбелгісін тақты. Шаһар басшысы өз сөзінде Чернобыль оқиғасына 35 жыл өтсе де, азаматтардың батылдығы көпке үлгі болып отырғанын айтты. Сондай-ақ жастық өмірін қиып, залалдың бетін қайтару үшін күш біріктірген тұлғаларға жыл сайын әлеуметтік көмек көрсету мәселесі де шетте қалмайтынын жеткізді. Жиында қалалық мәслихаттың хатшысы Батырбек Құлекеев пен қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов радиация құрсауында қалған аумаққа көмектескен азаматтардың еңбегі зор екенін атап өтті.

Осы күні қала тұрғындары Чернобыль оқиғасына қатысқандарға арналған ескерткіштің маңына жиылды. Гүл қою рәсіміне қалалық қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов бастап, қалалық мәслихаттың депутаттары, ардагерлер мен олардың туыстары қатысты. Бұл рәсімнен кейін бір минут үнсіздік жарияланып, қатысушылар Чернобыль апатының салдарынан құрбан болған азаматтарды еске алды. Артынша қиын кезеңдерді бастан өткерген аға буын өмірлерінде сызат болып қалған оқиғаның салдары, зардабы туралы сыр бөлісті.

– Мен өзім 1986 жылы жарылыс болғаннан кейін Чернобыльге барып, онда екі ай болдым. Небары 19 жасар бозбала едім. Бүгін қала әкімі Чернобыль оқиғасына қатысқан азаматтарды қабылдап, тілегін жеткізіп, ардагерлерге қолдау көрсетілетінін де айтып жатыр. Расында, сол қаланы радиациялық заттардан тазарту жұмыстарына қатысқандардың қатары сиреп барады. Жыл сайын сол таңба болып қалған сырқаты асқынып, ажал құшқандар да көбеюде, – деді Жамбыл облыстық «Чернобыль одағы» бірлестігінің төрағасы Фарид Галиев.

Чернобыльдегі радиоактивті түтін оннан астам мемлекеттің 200 мың шаршы метр жеріне жеткен. Оның зардабын 5 миллионға жуық адам тартты. Жарылыстың салдарынан аталған аумаққа бір мезетте 100 атом бомбасы тасталғандай әсер еткен. Апаттың салдарын жоюға қатысқан 800 мың адамның 32 мыңы қазақстандықтар болатын. Оның 1200-і жамбылдықтар, ал 370-і қала азаматтары еді. Өкініштісі – оқиғаға қатысқан қазақстандықтардың үлесі жыл санап азайып бара жатқандығы.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған