Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдер құқықтары мен балалардың қауіпсіздігін қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің әйелдер құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігі бөлігіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңдарға қол қойғаны баршаға белгілі.
Әрине, аталмыш құнды құжаттардың барлығы әйелдер мен балаларды қорғауды едәуір күшейткені сөзсіз. Алайда «Бүгінгі қоғамда ер азаматтардың құқығы қаншалықты қорғалуда?» деген орынды сауалдың да туындайтыны жасырын емес. Мәселен, журналист Марат Ахметов әкелердің мүддесі заң жүзінде ескерілмейтініне қапалы.
– 10 жыл отасқан әйеліммен ажырасқаннан кейін біраз қиындыққа тап болдым. Анығында, айырылысқаннан соң балаларымды көру мұңға айналды. Кейін қызым анасына барғысы келмей, маған қайтып келді. Содан бері ол менімен тұрып жатса, ал ұлым анасының қасында қалды. Алайда екі балаға бірдей алимент төлеймін.
Балалармен көрісу уақыты туралы Тараз қаласының білім бөлімі арнайы құжат бекіткен болатын. Алайда оны бұрынғы жұбайыма көрсеткенімде оны керек те қылған жоқ. Оның «заң аясында жұма күні ұлымды алып, сенбі күні қайта апарамын» дегеніме келісуі де қиын болды. Мен ұлыммен кездесетін күні оны әке-шешесіне апарып тастайды. Ол үйге барсам, «балалар жоқ» деп қайтарады.
Содан кейін амал жоқ, сотқа бердім. Сот процесі екі айға созылды. Үшінші айда сот қаулысының бекітілуіне 2 күн қалған кезде бұрынғы әйелім аппеляциялық шағым түсірді. Дегенмен, сот қаулысы бекітіліп, әр аптаның жұмасында сағат 18:00-ден сенбі күні сағат 17:00-ге дейін баламмен бірге болуыма мүмкіндік берілді. Сонымен қатар жазда бір айға үйіме алып кетуіме рұқсат етті.
Сот қаулысына сәйкес, басқа да уақыттарда баламмен жолығып тұруға заң жүзінде шектеу қойылған жоқ. Бірақ, іс жүзінде оның бірі де орындалған емес. Сот қаулысын орындамағаны үшін бұрынғы жұбайым бір рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 10 мың теңге шамасында айыппұл да арқалады.
Жалпы, заң бойынша мұндай әрекет екінші рет қайталанса, қылмыстық жауапкершілікке тартылуға тиіс. Алайда белгісіз себептерге байланысты қылмыстық іс қозғалған жоқ. Ал «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Кодекстің 73-бабының 4-тармағында «ата-ана құқықтарын жүзеге асыру тәртібі туралы сот шешiмi орындалмаған жағдайда, кiнәлi ата-ана Қазақстан заңдарында көзделген жауаптылықта болады» делінген. Сондай-ақ сот шешiмi қасақана орындалмаған кезде баласынан бөлек тұратын ата-ананың талап етуi бойынша сот баланың мүддесiн негiзге алып және оның пiкiрiн ескере отырып, баланы оған беру туралы шешiм шығара алады.
Тағы бір айта кетерлігі, бұрынғы әйелім Тараз қаласындағы перзентханада жұмыс істеді. Ал ұлымды қаладан 180 шақырым қашықтықта орналасқан Жаңатас қаласындағы 70-тен асқан анасына апарып тастаған. Яғни, не әкесі, не шешесі қасында болмағандықтан, бала қараусыз қалды. Ал баламның хал-жағдайын сұрап, кейде оның сабақ үлгерімін, материалдық қажеттіліктерін бір мезгіл қадағалайын десем, бұл оның жеке өміріне қол сұғушылық болып саналып, телефон арқылы да тілдестірмейді.
Қазір қызым анасының жанына барғысы келмейді. Осылайша бауырлардың бір-бірін көрмегеніне 2 жылдан асты. Соның салдарынан ұлым жатбауыр болып өсіп келеді. Менің бауырларымның балаларын да танымайды, тіпті кейбірінің есімдерін де ұмытып қалған. Ең жаныма бататыны – осы, – деп жанайқайын жеткізген Марат Мекемтасұлы бұл бойынша ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Жоғары сотының төрағасы Асламбек Мерғалиев пен ҚР Бас прокуроры Берік Асыловтың атына арнайы Ашық хат жазып, көмек те сұрапты.
– Ерлі-зайыптылар екіге айырылар кезде сот баланы үнемі анасында қалдырады. Мысалы, әкесі екі бөлмелі үйде тұрса, «баланың жеке бөлмесі жоқ» дегенді алға тартып, осындай шешім шығара салу құзырлы органдарға еш қиындық тудырмайды. Бұдан басқа да тырнақ астынан кір іздеген болмашы сылтаулар жетерлік. Сондай-ақ бала мен әкенің қарым-қатынасына үшінші түлғалардың, ашығын айтқанда әйелдің төркінінің араласуы да осы мәселені ушықтыра түсуде.
Мұндай жағдай өз басымнан да өтті. Мысалы, баламмен жолығуға барғанымда бұрынғы қайын атам «жоқ» деген бірауыз сөзбен есік алдынан қайтаратын. Енді бірде енем баламды көрсетпей қояды. Сол күні ұлымның үйдің терезесінен сығалап мені көзбен шығарып салғаны әлі есімде. Осы секілді барлық фактіні тізіп берсем де, сот жаңадан ашылған мән-жайдың, қылмыс құрамының жоқтығын айтып үкім шығарды. Сол себепті үшінші тараптың әке мен баланың қатынасына қол сұғуына мүлдем жол бермейтіндей етіп, заңға шегелеп бекіту керек.
Содан соң ең сорақысы, қоғамда «көңілімді тапсаң, бала сенімен бірге болады, мен қаламасам, балаңды ешқашан көрмейсің» дейтін түсінігі таяз әйелдердің бар болғаны іш қынжылтады. Олар осы әрекеттерін іске асыру үшін баланы манипуляция құралына айналдырып та жатады. Заңға осыған да тоқтау салып, анасының рұқсат етпеуіне қарамастан, әкесінің баланы алып кетуге мүмкіндік беретіндей өзгерістер мен толықтырулар ауадай қажет болып тұр. Заң органдары осыған да назар аударса екен деймін.
Бұған қоса осы мәселе бойынша құзырлы органдарға жүгінсем, олардың маған беретін кеңесі «Әйеліңнің тілін тауып сөйлессеңші» дейді. Сонда мен өз баламмен көрісу үшін бұрынғы жұбайыма кіріптар болсам, ендеше біздегі балаларды қорғау ұйымдарынан қандай пайда бар? Олар менің баламның құқығын қалай қорғамақшы? Міне, осындай тетіктер де еш қарастырылмаған.
Ер азаматтарға құқықтық қолдау көрсету мақсатында «Әке мен бала» қоғамдық бірлестігін де құрдым. Себебі, бұл жалғыз менің ғана басымда болып жатқан жағдай емес. Дәл мен секілді отағасылар мыңдап саналады. Алайда олардың барлығы бірдей өз құқықтары үшін соңына дейін күресе бермейді, кейде қолдарын бір-ақ сілтейді. Мысалы, өзім осы мәселе бойынша 3 жыл бойы тоқтаусыз соттастым, бармаған жерім, қақпаған есігім жоқ. Дегенмен, «баяғы жартас – сол жартас», ештеңе өзгермеді. Ал әкесі мен анасының арасында талас-тартыс, дау-дамай болып жатқанда оның бәрі баланың психологиясына қаншалықты әсер ететінін ойлаудың өзі қорқынышты. Тіпті, осының салдарынан өлім құшқан балғындар да бар екен. Бұл деректі істі қараған бір судьяның аузынан естігенмін. Ал бұған ешкім басын ауыртқысы келмейді.
Тоқетерін айтқанда, біздің қоғамда «әйелдерді ешқашан жауапкершілікке тартуға болмайды» деген жазылмаған қағида бар сияқты көрінеді. Өйткені, бәрінен биік тұруға тиіс заңның өзі нәзікжандылардың алдында «нәзіктік» танытып отыр. Шынына келгенде, о баста заң қос тараптың да мүддесін бірдей ескергенде, мәселе бұлай ушықпаған болар еді, – дейді М.Ахметов.
Осы орайда «Тілдерді оқыту орталығы» ақпараттық және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Ринат Нұрақбаев та қазіргі таңда әкелер құқығының қорғалмауының бірнеше себебін атап көрсетті.
– Әкелер отбасының маңызды мүшесі ғана емес, сонымен қатар балалардың дамуына, тәрбиесіне және психологиялық жағдайына терең әсер ететін тұлға. Екеуінің арасындағы байланыс баланың тұлғалық қалыптасуына, оның әлеуметтік және эмоционалдық денсаулығына маңызды ықпал етеді. Ерлердің қоғамдағы рөлі туралы көзқарас өзгеріп келе жатқанымен, әлі де болса олар көбінесе отбасының қаржылық қамсыздандырушысы ретінде қарастырылады да, аналар балаларды тәрбиелеу мен олардың қамқорлығына жауапты тұлғалар болып саналатыны белгілі.
Расында, әкелердің құқығының қорғалмауы еліміздегі өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Көп жағдайда әкелердің құқықтарын қорғау және қолдау жүйесі аналарға арналған бағдарламалармен салыстырғанда әлсіздеу екені шындық. Сонымен қатар қазір әкелер үшін құқықтық кеңес алу және олардың құқықтарын қорғау бойынша қызметтер де жеткіліксіз. Атап айтқанда, ер азаматтардың құқықтары бойынша арнайы орталықтар мен ұйымдар, сол сияқты заңгерлік көмек көрсететін мекемелер жоқтың қасы деуге болады.
Бұған қоса, бұл мәселе тек құқықтық ғана емес, әлеуметтік тұрғыда да аса маңызды. Себебі, әкелердің балаларын тәрбиелеуге қатысуы олардың психологиялық, әлеуметтік дамуына да оң әсер етеді. Алайда олардың өзара қарым-қатынас орнатып, оларға қолдау көрсетуге мүмкіндік беретін жүйенің жоқтығы отбасы ішіндегі теңсіздікке, ал кейде әкелердің психологиялық күйзелісіне де алып келуі мүмкін. Сондықтан құқықтық, әлеуметтік және психологиялық тұрғыдан көптеген шараларды қолға алып, қабылдау қажет, – дейді Ринат Даниярұлы.
Жуырда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманжол Әлтай: «Анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қараған қазақ деген халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар белең алып жатыр. Ер азаматтан қысым көрген әйел адам ғана емес, әйелден де қысым көрген еркектер де баршылық», – деп мәселе көтерген болатын. Бұл аз десеңіз, былтыр ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха елімізде боқтау естіп, оқтау жейтін отағасылардың да бар екенін ашып айтқан еді.
– Саны көп емес десек те, әйелдеріне шағымданатын күйеулер де бар. Шамамен, зорлық-зомбылық бойынша әйелдердің үстінен түсетін шағымдар 10 пайыздың төңірегінде. Алайда бұл бойынша арнайы нақты статистика жүргізілмейді, – деді министрдің орынбасары өз сөзінде.
Сонымен қатар осыдан 3-4 жыл бұрын әйелінен зәбір көріп, ақыр соңында үйінен қашуға мәжбүр болған алматылық азаматтың оқиғасы да жұрттың жағасын ұстатқан еді. Әлбетте, біз келтірген деректер – сырт көзге оғаш естілгенімен, бүгінгі қазақ қоғамында әйелдермен қатар ерлердің де заң мен құқық тұрғысынан қолдау мен қорғауға мұқтаж екенінің айқын дәлелі. Бұл бір жағынан Мемлекет басшысы ұсынған «Әділетті Қазақстан», «Заң мен тәртіп баршаға ортақ!» секілді бастамалардың іс жүзінде жүзеге асуына да өз септігін тигізері даусыз. Ал Сіз бұған не дейсіз, көзіқарақты оқырман?
Құрмаш ҚАПТАҒАЙ