Азаматтық қоғамның алға дамуына әсер ететін бірегей күштің бірі – еріктілер. Олардың атқарар қызметі ауқымды, ел ілгерілеуіне әсері орасан.

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Жуырда ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанай шаһарында өткен Қазақстан мен Ресей еріктілерінің форумына қатысып, осы бір қозғалыстың әрбір мемлекет үшін маңызына тоқталып өтті. Ол өз сөзінде тіпті волонтерлік қозғалыстардың әріптестігін дамытуды ынталандыру үшін «Жыл еріктісі» халықаралық сыйлығын тағайындауды ұсынды.
Әуелден еріктілер қоғамға жасаған игіліктері үшін материалдық өтемақы талап етпейтін жандардың шоғыры болып табылады. Қазақстанда нәтижелі жұмыстар атқарып келе жатқан еріктілердің белсенділігін түрлі оқиғалар орын алғанда жіті аңғарамыз. Мысалы, көпшілік туыстарынан көз жазып қалғанда, қайырымдылық шарасын ұйымдастырғанда, тіпті оқыс оқиға орын алған сәттерде ең бірінші болып еріктілерге жүгінеді. Себебі олар қоғамға пайдалы болуды борыш санайды. Дегенмен олардың жасаған еңбектері елеусіз қалмақ емес. Игі жаңалық, жуырда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында қоғамдық жұмысқа араласқысы келген ерікті студенттерге арналған сайт 1 қыркүйектен бастап іске қосылатынын хабарлады. Яғни аталмыш сайтқа тіркелген әрбір студент өзінің белсенді еріктілік қызметін ұсынып, нәтижесінде оқу ақысын төлеуге мүмкіндік алмақ. Бұл еріктілердің ауқымды бөлігін құрайтын студент жастарды ынталандырудың тиімді тәсілі болары сөзсіз. Оның атап өтуінше, сайтта бес санат болып, оған әрбір ерікті студент тіркеледі. Жалпы бұл бағдарламамен 50 мың студентті қамту жоспарланған. Қазақстанда 2017 жылдан бері «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ-тың мұрындық болуымен Еріктілер ұйымдарының картасы жасақталған болатын. Нәтижесінде еріктілер үшін өз қозғалыстарына өзге де волонтерлерді тартуды оңтайландыратын арнайы қосымша жасалынып, көптің игілігіне ұсынылды. Сондай-ақ еріктілер арасындағы ел ішіндегі бірнеше мәселелер тереңінен қордаланып, шешімін тапты.
Баршаға мәлім, 2020 жыл биылғы Жастар жылының заңды жалғасы ретінде волонтерлік қызметті қолдау жылына жалғасуы әбден мүмкін. Осыған орай, қазіргі таңда Жамбыл облысында «Ақпараттандырудың инновациялық әдістері халықпен жұмыс технологиясы ретінде» гранты аясында білім алған әулиеаталықтар өз білімдерін еріктілер қозғалыстарын жандандыруға жұмсауға үлкен мүмкіндік алмақ. Бұл бастаманы қолға алған «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ мүшелері жуырда ерікті ретінде өздерінің зор белсенділіктерін көрсетіп, көпке үлгі бола білді. Атап айтқанда, Арыс қаласында орын алған жарылыстан зардап шеккен аумаққа ең алғашқылардың бірі болып осы бірлестіктің 30-ға тарта мүшесі аттанды. Арыстық ағайынға қолдау білдіріп, гуманитарлық көмек көрсетті.
Жамбылдық еріктілердің атқарып жатқан игі шаралары тек бұл емес. Биыл волонтерлердің әлеуеті қайырымдылыққа, мұқтаж отбасыларға нақтылы көмек көрсетуге бағытталды. Облыста 2 мыңға жуық еріктілер дерекқоры жасақталған. Бұл жұмыстарды жүйелендіру мақсатында облыс әкімдігінің 2019 жылғы 14 наурыздағы №52 қаулысымен «Қамқор» волонтерлік-қайырымдылық жобасын іске асыру жөніндегі жоспар бекітілді. Жоба аясында 1800 волонтер облыстағы 250 мыңға жуық отбасыны аралай отырып, арнайы әзірленген әлеуметтік сауалнама толтырды. Жобаны іске асыруға 15 миллион теңге қаржы қаралды. Бұл қаржыға Тараз қаласында 3 қайырымдылық дүкені ашылды, олар қажетті жабдықтармен жабдықталды.
Ел аумағында өткен маңызды әрі ауқымды шаралардың жоғары деңгейде өтуіне еріктілердің атсалысып келе жатқаны баршаға аян. Жер шарында бүгінде миллиондаған адам азаматтық қоғамның даму тетігіне айналу жолында бұқараға зор үлесін қосып келеді. Осындай қозғаушы күшке мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың да жыл санап ұлғайып келе жатқаны ел аумағындағы барша өренге үлкен үміт сыйлайтыны анық.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған