Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Ерекше балғындар қуанышқа кенелді

0 399

«Өмірдің бір қызығы – бала деген». «Балалы үй – базар». «Бала – болашағымыз». Бұл – әрбір жанның жүрек түкпірінде, көңіл қалтарысында жүретін өмірлік қағида кілті. Себебі адам өмірінің мәні мен сәні де – бала. Бала – отбасының мызғымас тірегі, ертеңге деген сенімінің кепілі.

Бала – өмірдің жалғасы. Балаға өнер үйретіп, кәсіпке баулу, тиянақты білім беру, абзал азамат етіп тәрбиелеу – адамзаттың басты міндеті. Жанұяның жемісі, берер гүлі, алтын тіреуі – бала. Осы ойды халқымыз «Бесіксіз үйде береке жоқ» деп түйіндеген. Баланы өмірдің жалғасы, мәні мен сәні деп бағалаған халқымыз ежелден жанұяда баланың көп болуын қалаған. Ата-бабаларымыздың «Бір баласы бардың шығар-шықпас жаны бар, көп баласы бардың үйінде жанған шамы бар», «Балалы үй – базар, баласыз үй – мазар», «Бала – адамның бауыр еті» сияқты пайымдауларында терең мағына болса, «Ата өліп, бала қалса, мұратына жеткені, бала өліп, ата қалса, арманда кеткені», «Артында қызы бардың көзі бар, ұлы бардың өзі бар» деген секілді тұжырымдауларда сан ғасырлық тірліктің тұнбасы берілген ғой.
Балалар асыға күтетін күннің бірі – 1 маусым. Яғни, Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл – жадыраған жаздың алғашқы күніндегі ең көркем, ең мейірімді мейрам. Өйткені бұл күн сыңғырлаған сәби күлкісі мен балдырғандардың былдыры арқылы ерекшеленеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған «Қазақстан балалары» онкүндігін өткізу тұжырымдамасы әзірленген болатын.
Тұжырымдама аясында көне шаһарда ауқымды іс-шаралар басталып кетті. Соның айғағы – онкүндіктің «Балалар үні» күніне орай қала әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің ұйымдастыруымен мүгедектігі бар балаларға арналған «Балалар – ертегі әлемінде» атты шара өткізілді. Іс-шараға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ұлана Сламбекова қатысып, жүрекжарды лебізін білдірді.
Балғындардың әлеуметтік бейімделуі, дамуы және қоғамға кірігуі үшін жағдай жасауды мақсат тұтқан шара барысында «Құқықтық алаң» да ұйымдастырылып, қатысушылар өздерін толғандырған сан сауалға кеңестер мен нақты жауаптар алды. Сонымен қатар «Балалық шақ елінде» атты көркем сурет байқауы мен «Сиқыр әлемі» атты шеберлік сағаты балғындарға ерекше қуаныш сыйлады.
Шаралар легі әрі қарай «Әлем ғажайыпқа толы» атты театрландырылған ойын-сауық бағдарламасымен жалғасын тапты. Ерекше форматта ұйымдастырылған бұл мерекелік кеш келген қонақтардың үлкен қызығушылығын туғызды. Бағдарлама аясында кішкентай көрермендер цирк әртістерінің жануарлармен қойған қойылымдарын, Ер Төстік ертегісінің кейіпкерлерін, үлкен қуыршақтарды және аквагрим шеберлерінің өнерін тамашалады. Сабын көпіршіктерінен жасалған ерекше шоу шараның көркін аша түсті. Театрландырылған қойылым мен ойындар балаларды ертегі әлеміне жетелеп, қуаныш пен шаттыққа бөледі.
Сондай-ақ осы күні шара «Балалық шақ мерекесі» атты концерттік бағдарламаға ұласты. Мерекелік сахнада ерекше балалар өз өнерлерін ортаға салып, «Тәттілер», «Бақытты балалық шақ» әндері айтылып, сондай-ақ «Алға, Қазақстан!» флешмобы, «Шаттық» биі орындалды. Шара аясында мүмкіндігі шектеулі балалар арасында бочча спорттық ойын түрінен жарыс ұйымдастырылды. Бұл ойын қатысушылардың қызығушылығын тудырып, өз шеберліктерін көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға сыйлықтар табысталды. Бұған қоса ерекше балғындар түрлі аттракциондарда, ойын машиналары мен паровозда серуендеп, шат-шадыман күй кешті.
Осы ретте аталған шараларға жалпы саны 320 ерекше бала мен ата-аналары қамтылғанын айта кетейік.

Құрмаш Қаптағай

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.