Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай өңірдің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлестерін қосып жүрген нәзік жандылармен кездесті.
«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығында өткен еркін форматтағы шараға әртүрлі салада жемісті еңбек етіп, жетістікке жеткен ақжаулықты әжелер, еңбек адамдары мен ардагерлері, көпбалалы аналар, іскер қыз-келіншектер жиналды.
Өңір басшысы барша жамбылдық әйелдер қауымын мерейлі мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
– Киелі Әулиеата жері қашан да ардақты әжелер мен асыл аналардың, еңбек майталманы атанған аяулы арулардың мекені болып қала бермек, – деді облыс әкімі.
Бұдан соң 83 жастағы еңбек адамы, 7 баланың анасы Хадиша Қадірәлиеваға сөз берілді. Ақжаулықты әже 21 немере мен 13 шөберенің қызғын көріп отыр. Ол еңбегі еленіп, бүгінде бейнетінің зейнетін көріп отырғанын айта келе, қоғамда жұмысшы мамандықтарының мәртебесі арта беруін тіледі.
Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарының жеңімпазы Елдос Сметовтің анасы да ақ тілегін жеткізді.
– Баршаңызды мерекемен құттықтаймын! Ұл-қыздарымыз үмітімізді ақтап, еліміздің абыройын асқақтатсын! Әр шаңырақтан биік шыңдарды бағындыратын рухы мықты спортшылар шықсын! – дейді Тоқтагүл Сметова.
– Ел үшін еселі еңбек еткен, жүйрік баптаған, баласы атқа қонса, тақымын қысып отыратын аяулы аналарға, замандастарға мәнді де мағыналы ғұмыр тілеймін! – деді білім саласында 45 жылдық тәжірибесі бар зейнеткер Шарбан Желдібаева.
Айта кетейік, бұл күні «Әулиеата ‒ кітап оқитын өңір» жобасы аясында ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Күләш Ахметованың «Қасиетті мекен», журналист Айжан Өзбекованың «Менің анам», тарихшы Ғазиза Ақмаханның «Мөп-мөлдір көздің қарасын…» атты кітаптары жарыққа шығып, аналарға гүл шоқтарымен бірге тарту етілді.
Шара соңында қатысушылар облыс әкімімен естелік суретке түсіп, шат-шадыман көңіл-күйде тарқасты.