Қалалық қоғамдық-саяси газет

Эпидемиологиялық ахуал қалай?

0 174

Тараз қалалық қоғамдық кеңестің кезекті отырысында денсаулық сақтау саласының жай-күйі, аумақтың санитарлық-эпидемиологиялық ахуалы және дәрі-дәрмектің сапасы жан-жақты айтылып, қарар қабылданды.

Сәндібек Піренов

Жиында қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов әлеуметтік саланы дамыту, еңбекпен қамту, білім, денсаулық сақтау, тіл, туризм, спорт, мәдениет, жастар саясаты, ұлтаралық және діни қатынастар жөніндегі комиссияның төрағасы Әзімхан Қилыбаевқа сөз берді. Ол елдегі жағдайға байланысты күн тәртібіне шығарылған өзекті үш мәселе бойынша жүргізілген зерделеу жұмысының нәтижесін баяндады.

– Облыста денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаржы жыл санап артуда. Мәселен, 2015 жылы салаға 51,5 миллиард теңге бөлінсе, биыл 97,7 миллиард теңге бөлініп, соңғы бес жылда қаржыландыру көлемі 1,9 есеге өскенін байқаймыз. 2009-2020 жылдар аралығында 217 медициналық ғимарат пайдалануға берілген. Жаңа нысандар жыл өткен сайын қоғам тіршілігіне ықшамдалып, стандартқа сай бой көтеруде. Коронавирус пандемиясының таралуына байланысты облыста да жедел шаралар қабылданды. Өткен жылы Қордай ауданында індетке қарсы вакцина шығаратын зауыттың құрылысы қысқа мерзімде аяқталды. Енді алғашқы екпе наурыз айынан бастап шығады деп күтілуде. Облыс инфекцияның таралу көрсеткіші бойынша «сары аймаққа» өткен соң, жедел жәрдемнің көмегіне жүгінетіндер үш есе артқан. Осы ретте ең әуелі халық көп шоғарланатын орындарда санитарлық талаптардың сақталуы маңызды. Қаңтардың алғашқы 15 күнінде құқық қорғау органдарының мәліметінше, санитарлық-эпидемиологиялық ахуалға бейжай қарағандарға 46 әкімшілік хаттама толтырылған. Кейбір мектептерде санитарлық жағдай көңіл қуантарлық болмай шықты. Тіпті бетперде тақпайтын оқушылар да бар, – дейді Әзімхан Қилыбаев.

Қалалық қоғамдық кеңестің жанынан құрылған мониторингтік топ өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты алдын алу шараларында ақсап тұрған тұсты зерделей келе, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне де тоқталды. 2019 жылдың қаңтарынан бері тұрғындар тарапынан 8000-ға жуық арыз-шағым түскен. Рас, қордың қызметінен бас тартып отырған қызметкерлер де баршылық. Себебі қаладағы ауруханаларда медициналық көмекке асыққан азаматтардың кезегі әлі де азаймай тұр. Амалы қалмаған кейбір азаматтар ақылы медициналық орталықтарға жүгінуге мәжбүр болады. Мониторингтік топ зерделеу барысында дәрі-дәрмекті негізсіз өсірген дәріханаларды тергеп-тексеру жұмыстары жүргізіліп жатқанын анықтаған.

Сондай-ақ жиында өңірдегі дәрі-дәрмектің сапасына қатысты мәселе көтерілді. Осыған байланысты қоғамдық кеңестің төрағасы Сембек Сейдәзімов «Қырғызстанда сатылатын бас ауруына қарсы дәрінің сапасы өте жақсы» деген пікір білдіріп, денсаулық сақтау басқармасының мамандарына сұрау салды. Бұған медицина мамандары: «Дәрі-дәрмектің сапасын Ұлттық сараптама орталығы тыңғылықты зерттейді. Ал кейбір дәрілік заттардың әлсіз болатындай жөні бар. Себебі күшті дәрілер адам ағзасына кері әсер етуі мүмкін», – деп жауап берді.

Осыдан кейін Тараз қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы, медициналық және фармацевтикалық бақылау басқармасының маманы өткен жылы атқарылған жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен, кеңес отырысында қала аумағында жұқпалы індеттің таралуына жол бермеу үшін күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес қарар қабылданды. Онда арнайы комиссияның хабарламасындағы барлық мәселелер қамтылған.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.