Қалалық қоғамдық-саяси газет

Емле ереже жаңалықтарымен танысты

0 201

Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы мен М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті бірлесіп «Жаңа әліпби және емле ереженің жаңалықтары» атты семинар-тренинг өткізді.

Толғанай АТАБАЙ

Аталмыш университет базасында өткен шараға облыстық ардагерлер кеңесінің өкілдері, тіл жанашырлары, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мен облыс әкімдігіне қарасты басқармалардың мемлекеттік қызметкерлері, жоғары оқу орындарының профессор, оқытушылары қатысты. Семинарды облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасының басшысы Сұлушаш Құрманбекова ашып, жүргізді. Әуелі М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің аға оқытушысы Күлзинат Қарымбаева жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелеріне тоқталып, тиімді тұстарын жан-жақты қозғап өтті. Ол латын графикасы негізіндегі әліпбиімізді әлемнің барлық еліндегі қандастарымыздың еркін түсінетінін, бірқатар кірме сөздерден де арылатынымызды айта келіп, жаңа емле ереже бойынша әліпбидің жазылуы мен айтылуы жайында да тайға таңба басқандай жеткізді.


– Мәселен, И, у таңбалары сөздің айтылу жүйесіне кереғар болған жоқ. Бір ми сөзінің айтылу нормасы өзгерді деп қазақ сөзінің бүкіл айтылым нормасынан айырылып барамыз деп байбалам салудың қисыны жоқ. Ми сөзі түбір күйінде жиі қолданылмайды. Ол миыма, миың, мидай тұлғасында жазылып, [мійімә], [мійіңә], [мійдәй] түрінде айтылып көрген емес. Сөз, қосымша құрамындағы дауысты әріп арқылы алдыңғы буындағы дыбыстың жуан не жіңішке екенін тіл тұтынушылар аңғарып келеді, – дейді тіл маманы.


Одан соң университеттің аға оқытушысы Балмира Мырзабаева «Qazalipbi.kz» онлайн бағдарламасын таныстырып өтті. Бұл онлайн бағдарламаны еліміз бойынша біздің облыс қана әзірлеп үлгергенін айта кеткеніміз жөн. Бағдарлама 18 сабақтан тұрады. Кіріспе сабақта латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің арғы тарихы қозғалады. Үйренушілер әр сабақта әріптерді көріп оқу және есту арқылы да үйренуге мүмкіндігі бар. Жиында университеттің бірінші проректоры Асқар Абдуалы жаңа әліпбидің емле ережесін үйрену келешек ұрпақтарға да, бүгінгі егде азаматтар үшін де маңызды екенін айтты.


Семинар барысында қатысушылар тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, оған аталған басқарманың басшысы Сұлушаш Сәтбекқызы жауап беріп, қатысушыларды жаңа емле ереже бойынша диктант жазып жарысуға шақырды.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.