Қалалық қоғамдық-саяси газет

Елдос Сметов – турнир жеңімпазы

0 173

Венгрия елінің Будапешт қаласында алауы тұтанған дзюдошылар арасындағы Гран-при турнирінде жерлесіміз, 60 келі салмақта белдескен Елдос Сметов жеңімпазы атанды.

Ақтық финалда тараздық татами шебері моңғолиялық Ганбат Болдбаатарды жеңді. Елдос Сметов жарыс барысында 5 кездесу өткізген. Бірінші белдесуінде IJF спортшысы Мохаммад Рашнонежадты, екінші кездесуінде өзбекстандық Кемран Нуриллаевты, іріктеу кезеңінің үшінші белдесуінде тайбэйлік Уэй Янг Юнгті уақытынан бұрын таза жеңді. Жарыс фавориті саналған Елдос жартылай финалда Нидерланд спортшысы Торнике Цжакадоеаны ойсырата ұтты. Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері, әлем чемпионы Елдос Сметов алғашқы күні-ақ атой салып, мерейімізді үстем етті. Айтулы дүбірлі додаға әлемнің 85 елінен 600-ден астам дзюдошы қатысуға ниет білдірген.
Алтыннан алқа тағынған жерлесіміздің жеңісімен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы құттықтап, ізгі тілегін білдірген болатын. «Белгілі спортшымыз Елдос Сметовті әлемдік дзюдо додасындағы айқын жеңісімен құттықтаймын. Жарайсың, бауырым! Биік шыңдарға жете бер. Өзің сияқты спортшылардың жетістіктері – жас буынға жақсы үлгі», – деп жазды Мемлекет басшысы «Twitter»-дегі парақшасында. Біз де жерлесімізді жарқын жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз.

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.