2 шілде – Қазақстанның дипломатиялық қызметі күні. Әр елдің ең басты қаруы – жақсы дипломатиялық қатынас. Көршімен не алыстағы таныс-туыспен жақсы араласу үшін әр мемлекет өз принциптерін ұштастырып, елшілерін баптайды. Бұдан өзге, шет жұрттағы отандасын қорғайды.

Дипломаттар сөйлегенде, зеңбіректер үнсіз тұрады

1992 жылдың 2 шілдесінде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев «ҚР Сыртқы істер министрлігі туралы», «Қазақстан Республикасының елшілігі туралы» және «ҚР Төтенше және Өкілетті елшісінің негізгі міндеттері мен құқықтары туралы» ережелерді бекіту жөніндегі Жарлыққа қол қойған-ды. Тәуелсіз Қазақстанның сыртқы саясатының алғашқы тұжырымдамасы қабылданып, оның негізіне теңгерімділік және көп векторлық қағидаттары жатқызылды. Қазақстан үшін қолайлы сыртқы саяси жағдайларды қалыптастырудың және қазақстандық дипломатияның кейінгі табыстарының берік негізін нақ солар қалаған болатын.
Дипломатия бейбіт өмір қалыптастыруда әрқашан негізгі рөл атқарады, ал ол кәсіптің ең күрделі және жауаптылардың бірі саналатыны кездейсоқ емес. Мұны «Дипломаттар сөйлегенде, зеңбіректер үнсіз тұрады» деген қанатты сөз де растайды. Шамамен өте ежелгі дәуірде пайда болған дипломатия кәсіп ретінде мемлекеттер және халықаралық қатынастар жүйесі өмір сүріп тұрған барлық кезеңде қажет болатыны анық. Бұл ретте ХХІ ғасырда коммуникациялар саласында, мемлекеттердің, қоғамдар мен азаматтардың арасындағы қатынастардың сипатында болып жатқан сан алуан өзгерістермен бірге дипломатиялық жұмыстың мәні, сипаты және механизмдері де жылдам өзгеріп, толықтырылып отыратыны сөзсіз. Егер сыртқы саясат ведомствосының миссиясына қысқаша тоқталатын болсақ, оның мәні дипломатиялық қорғау құралдарымен біздің еліміздің егемендігін, қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын және шекараларымыздың мызғымастығын, басқа мемлекеттермен өзара қатынастарда және халықаралық аренада елдің саяси, сауда-экономикалық және өзге де мүдделерін қамтамасыз ету болып табылады.
Бейресми деректерге сүйенер болсақ, еліміз 183 мемлекетпен дипломатиялық қатынас орнатқан. Шет мемлекеттерде Қазақстан Республикасының 90-нан астам дипломатиялық миссиялары – елшіліктері, халықаралық ұйымдардың жанындағы тұрақты өкілдіктері, бас консулдықтар мен консулдықтары жұмыс істейді. Қазақстанда 137 мемлекеттің елшілері (68-і қызметті қоса атқарады) тіркелген және 20-дан астам халықаралық ұйымдардың офистері жұмыс істейді екен.

Дипломат – ең ежелгі мамандық

Күнделікті мемлекеттік қызметтің ерекше бір түрі ретінде дипломатия XIV-XVII ғасырдың тоғысында кең етек алғаны белгілі. Сол кезден бастап мемлекет билеушілерінің сарайларында тұрақты дипломатиялық өкілдіктер пайда болып, мемлекеттік мекеме жүйесінде – мемлекеттер арасындағы хат алмасумен айналысатын, шетелдік өкілдер мен елшілерді қабылдайтын, келіссөздер жүргізетін, мемлекетаралық істерді орындайтын арнайы қызмет қалыптасты. Дипломат мамандығы – ең ежелгі мамандықтардың бірі.
Жалпы дипломатия саласы қазақ халқына да таңсық емес. Қазақ дипломатиясының тарихы тым әріде жатыр. Берісі Абылай хан, арысы Қазақ Ордасын құрған хандар дәуірінде де қазақтың өз дипломатиясы болды. Қазақ халқы қазақ атымен мемлекет болғалы көрші елдермен қарым-қатынас орнатты, соның бәрі – дипломатия арқылы қол жеткен жетістіктер. Бұл мамандықтың өкілдері қандай кәсіби және жеке қасиетке ие болуы тиіс деген мәселе ежелден толғандырып келеді. Өйткені дипломатиялық табыс дипломаттың жеке басының қасиетіне тікелей тәуелді еді. Сондықтан да дипломат өте сезімтал, жан-жақты білімді және елге жағымды, басқаны өзіне тарта алатын тұлға болуы қажет. Ол шет мемлекеттің көздеген мақсатын олардың сөзі мен ісінен ғана емес, сондай-ақ бет-жүзінен, ым-ишаратынан, іс-қимылынан-ақ сезінуі тиіс. Бұл шынайылықты әлемнің барлық ғалымдары мойындайды. Америкалық Честер Боулз бұл жөнінде: «Дипломатияға деген талаптың өзгеруі елшілерден талап етілетін сапаның да өзгеруіне әкелді. Дегенмен жеке басының жарқындығы, жұбайының тартымдылығы, саяси болашағы мен саралау қабілеттілігі әлі де өте қажет, олар бүгін тіпті жетіспеуде. Бүгінгі күннің күрделі әлемінде елші кең көлемдегі іс-әрекеттерге жетекшілік етуге қабілетті әкімші, бастамашыл қасиетке ие, құзырындағы қызметкерлерді ынталандыра алатын, беделді және істің жай-жапсарын түсіне алатын ойлы жетекші, табандылық пен ұстамдылықты үйлестіре алатын, зерделілік пен зиялылық дарыған нағыз дипломат болуға тиіс», – деп жазады.

Елшіге қойылар талап көп

Қазіргі кезеңдегі дипломат гуманитарлық білімге ие, тарих саласында, оның ішінде халықаралық қатынастар мен дипломатияны, философияны, экономикалық теорияны, жағрапияны, елтанушылықты, құқықтануды (халықаралық құқық, дипломатиялық және консулдық құқықты) терең меңгерген, сонымен бірге діни ілімдерді, протокол мен этикетті зерделеген тұлға болуы қажет. Кәсіби шеберлігін тиімді пайдаланудың құралы ретінде бірнеше шет тілдерін меңгеруі тиіс. Заманауи дипломат өз білімдарлығын: саяси есептерді, саяси хаттарды дайындау барысында; ақпараттық, ғылыми, мәдени, консулдық және қызметкерлер жөнінде есеп беру саласында; мәселелік анықтама, шартты белгілермен жазылатын жеделхаттар жобасын дайындауда; шетелдік қайраткерге қатысты саяси мінездеме жазуда; күнделік пен дипломатиялық сұхбат жазбасын рәсімдеуде; сөйлеу мәтіндерінің жобаларын және басқа да құжаттар дайындауда; қабылдаушы елдің сыртқы істер мекемесімен және билік органымен байланыс орнатуда; шетелдік әріптестермен іскерлік қарым-қатынастарды қалыптастыруда, осы байланыстарды нығайту және қолдау көрсетуде, сонымен бірге протокол мен этикет ережелерін қатаң сақтауын талап етуде көрсете білуі тиіс. Сонымен қатар кәсіби дипломат консулдық жұмыстың дағдыларын да игеруге тиіс: төлқұжаттар мен визаларды рәсімдеу, қабылдаушы елде уақытша тұратын қандастарды тізімге қою, тұрақты түрде тұратын ел азаматтарымен жұмыс жасау, азаматтық беру немесе одан шығару мәселелерімен айналысу, теңіз және әуе кемелерінің жолаушыларына және экипаж мүшелеріне қамқорлық көрсету, төтенше жағдайлардың мән-жайын анықтау, соттық және басқа да дау-дамайларды шешуге қатысу, қандастардың мүдделерін қорғау, қабылдаушы елдің полициясымен, кеден, кемежай, әуежай және басқа да билік мекемелерімен байланысқа шығу, әртүрлі нотариалды әрекеттерді, азаматтық хал актілерін тіркеу, мұрагерлік ісін жүргізу, консулдық алымдарды ұйымдастыру.

Түйін:
Бүгінгі таңда Қазақстан дипломатиясы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бағдар мен серпін беретін белсенді сыртқы саясатының арқасында жоғары деңгейден табылып отыр. Сыртқы саясат ведомствосы Отанымыз – Қазақстан Республикасының, оның Президенті мен азаматтарының мүдделеріне адал және қалтқысыз қызмет етуді одан әрі жалғастыра бермек.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған