Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел ынтымағы – асыл қазына!

0 463

Құрметті тараздықтар!

Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Халқымыздың «Ырыс алды – ынтымақ» деген қанатты сөзінің астарында үлкен мән бар. 30 жыл бедерінде жүргізілген сарабдал саясаттың нәтижесінде бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ жолына жұмылып, елімізде қалыптасқан ұлттар тұтастығы мен халықтар достығының арқасында бүгінде мемлекетіміздің экономикасы өркендеп, әлеуеті ілгері басып келеді.
Бұл күні біз баға жетпес қазынамыз – туған ел игілігі жолындағы ырысты ынтымағымызды дәріптейміз. Біздің барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің мызғымас тұғыры – татулық пен тұтастық. Түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақтың, бір Тудың астынан табылып, бүгінгідей еңселі ел, іргелі мемлекет атандық.
Ынтымақ пен татулық – әрбір азамат атсалысып, әркімнің үлес қосуын талап ететін қастерлі құндылық. Осынау ақиқатты қалтқысыз ұғыну елімізде әрдайым бейбітшілік пен берекенің салтанат құруына септігін тигізеді. Қоғамымызда қазіргі кезде қолға алынып жатқан жүйелі жаңғыру үрдістері бірлігіміздің нығая түсуіне ықпал етіп, жаңа белестерді бағындыруымызға жол ашады деп сенемін.
Әулиеата өңірінде де тілі басқа болса да тілегі бір, жүзі басқа болса да жүрегі бір сан түрлі ұлт пен ұлыстың өкілі бейбітшіліктің бесігінде тербеліп, алаңсыз күн кешуде. Бұл – ынтымақты ырыстың алтын қазығы деп бағалайтын халқымыздың кеңпейілділігінің анық айғағы.

Қадірлі жерлестер!

Баршаңызды айтулы мерекемен құттықтай отырып, зор денсаулық, еңбектеріңізге табыс, шаңырақтарыңызға шаттық тілеймін. Еліміздің іргесі берік, керегесі кең болып, азаттығымыздың айбыны асқақтай берсін!

Ержан Жылқыбаев,
Тараз қаласының әкімі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.