Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ел медицинасын дамытуға жасалған ерекше екпін

0 342

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа арнаған Жолдауын қоғам жылы қабылдады. Себебі Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келген құнды құжатта мемлекет дамуына қажетті барлық сала қамтылды.

Әуелі пандемиядан кейінгі кезеңдегі экономикалық дамуға екпін түсірген Президент алдағы бағыт-бағдарымыздың қалай боларын айқындап берді. Жаһанды жайлаған қауіпті індет барлық салаға салқынын тигізді. Өкінішке қарай, бұл елімізді де айналып өтпеді. Дегенмен дер кезінде жолға қойылған жүйелі жұмыстың нәтижесінде онымен күрес күшейтіліп, індетті сәл де болса ауыздықтай алдық. Пандемия экономикаға соққы берді екен деп, оны тоқыратып алуға әсте болмайды. Осыны жете түсінген Президент тиісті тапсырмалар жүктеді. Қазір қос бүйірден қысқан қымбатшылық, бағалардың негізсіз өсуі жұртшылықты алаңдатып тұр. Оның бір ұшы инфляцияға келіп тіреледі. Үкімет пен Ұлттық банк бәрін әлемдік үрдіске жауып, инфляцияның алдында қауқарсыздық танытып отырғанын сынға алған Мемлекет басшысы инфляцияны 4-6 пайыз деңгейіне қайтарып, нарықтың монополиялануына жол берілмеуі қажеттігін қадап айтты.
Денсаулық сақтау саласы да назардан тыс қалмады. Дерт дендеген тұста медицина қызметкерлеріне зор жауапкершілік жүктелді. Олардың бірқатары өзгені өлімнен арашалаймын деп жүріп, өз өмірлерін құрбан етті. Әлі де қауіпті кеселдің беті толығымен қайтқан жоқ. Сондықтан да арқаны кеңге салуға ерте. Ал бұған тосқауыл қоюдың бірден-бір жолы – екпе. Қазақстан – коронавирусқа қарсы вакцина жасап шығарған әлемдегі санаулы мемлекеттің бірі. Біздің вакцинамыздың тиімді әрі қауіпсіз екеніне еш күмән жоқ. Сондықтан да «QazVac»-қа өзге мемлекеттер де сұраныс білдіруде. Елімізде вакцина қоры жеткілікті, азаматтарымыздың таңдау мүмкіндігі бар. Көптеген мемлекеттердің бұған қолы жетпей отыр. Десе де, бұған қарсылық білдіріп, халықты кері үгіттеп жүрген жандардың бар екені іш қынжылтады. Соның кесірінен қаншама жұрт адасып, екпе алуға бой ұсынбай келеді. Бірақ мұндай адамдар өзінің ғана емес, өзгенің өмірі үшін де жауап беретінін түсінуі тиіс. Әрине, адамдардың денсаулығын сақтап, дені сау ұлт қалыптастыру үшін медицина саласын жетілдіру аса маңызды. Бұл жөнінде Президент бірқатар маңызды міндеттерді алға тартты.
– Медициналық сараптама жасайтын көптеген зертханамыз халықаралық стандартқа сай емес. «Дені сау ұлт» жобасы бойынша кемінде 12 зертхананы жоғары технологиялық құралдармен жабдықтау қажет. Соның арқасында зертханаларымыз 90 пайызға дейін халықаралық талапқа сай жұмыс істейтін болады. Коронавирусқа қатысы жоқ ауруларға байланысты ахуалды нашарлатып алмауымыз керек.
Фармацевтика өнеркәсібіне ерекше көңіл бөлу қажет. Вируспен күрес кезінде дәл осы сала еліміздің бәсекеге қабілеті мен қауіпсіздігі үшін маңызды екеніне көзіміз жетті. Сондықтан медицина өнімдерін Зертханалық және техникалық сынақтан өткізетін орталық құруымыз керек. Отандық тауар өндірушілермен жасалатын оффтейк келісімшарттарының көлемін арттырып, өнім түрін көбейту қажет, – деген Мемлекет басшысы біздегі отандық дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдықтың үлесін 2025 жылы 50 пайызға жеткізуді тапсырды.
Бұдан бөлек, Президент мектептердегі орын тапшылығын жойып, 2025 жылға дейін 1 мың мектеп салуды міндеттеді. Әсіресе орта білім ордаларын бюджет қаржысына салумен қатар, осы өзекті мәселені шешуге жеке секторды да тартып, толық білім беретін ауыл мектептерін оқушы санына қарай қаржыландыруға біртіндеп көшу керектігін сөз етті. Сондай-ақ Президент ұсынған 5 бастама да жұртшылықтың ыстық ықыласын тудырды. Айталық, ең төменгі жалақы мөлшерін 42 500-ден 60 мыңға дейін көтеру мәселесі отандастарымыздың келер күнге деген үміт отын жақты. Сананы тұрмыс билеген бүгінгідей заманда бұл бастама көптеген адамға зор демеу болары сөзсіз. Сонымен қатар келер жылдан бастап мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалардың еңбекақысы артып, мерейлері үстем болмақ.
Қоңыр күздің алғашқы күнінде ел назарына ұсынылған маңызды құжат барлық саланың дамуына серпін беріп, қарыштауына жол ашты. Енді осында айтылған баянды бастамалар мен тиісті тапсырмалар дер кезінде орындалса халықтың әл-ауқаты көтеріліп, тұрмысы одан әрі түзеле түспек. Бұл үшін барлығымыз бір кісідей атсалысып, Жолдау жүктеген міндеттердің орындалуына күш салуымыз қажет деп білемін.

Керімқұл Бегалиев,
облыстық мәслихаттың депутаты

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.