Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауы – ел дамуының жаңа белестерін бағындыруға арналған маңызды стратегиялық құжат. Президент бұл құнды құжатта еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына қатысты бірқатар маңызды бағыттарды айқындап берді.
Президент Жолдауында бірінші кезекте халықтың әл-ауқатын жақсарту және әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету мәселесі көтерілді. Әлеуметтік саланы қолдау бағытындағы бастамалар ел тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған маңызды қадам. Жаңа әлеуметтік бағдарламаларды енгізу, зейнетақы жүйесін реформалау, білім беру мен денсаулық сақтау салаларын жақсарту – бұл бастамалар халықтың игілігіне жұмыс істейді. Әсіресе, ауылдық жерлердегі инфрақұрылымды жақсарту мен әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру шараларын қолдау қажет.
Сонымен қатар экономикалық реформалар мен кәсіпкерлікті қолдау шаралары маңызды орын алды. Президент шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше назар аударды. Бұл – елдің экономикалық тұрақтылығының кепілі. Жаңа жұмыс орындарын құру, инвестиция тарту, және инновацияларды қолдау – экономикалық өсудің негізгі тетіктері. Қазақстанның жаңа экономикалық саясатын қолдау арқылы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға және ұлттық экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға болады.
Жолдаудың тағы бір маңызды бағыты – экологиялық мәселелерді шешу мен тұрақты даму. Табиғат ресурстарын тиімді пайдалану, жасыл экономикаға көшу және экологиялық стандарттарды енгізу сияқты шаралар еліміздің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл бастамаларды қолдап, экологиялық мәдениетті қалыптастыру қоғамның әр мүшесінің міндеті болуға тиіс деп санаймыз.
Қазақстанның болашағы үшін саяси тұрақтылық пен құқықтық реформалар да маңызды рөл атқарады. Саяси жүйені демократияландыру, мемлекеттік басқаруды жетілдіру және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау елдің тұрақты дамуының негізін құрайды. Жолдауда осы бағыттағы өзгерістердің қажеттілігі атап өтілген, бұл саяси мәдениеттің жаңа деңгейге көтерілуіне ықпал етеді.
Бұл Жолдауда да Қасым-Жомарт Тоқаев білім саласына басты назар аудара отырып: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады», – деп нақтылады.
Мемлекет басшысы атап өткендей, ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы.
Сонымен қатар мемлекет баланы мектепке дайындау мәселесіне айрықша назар аударып отыр. «Мектепке дейінгі тәрбие беру және оқыту ісіне мемлекетпен қатар ата-аналар да жауапты. Сондықтан мектепке дейінгі білім беру саласында әр балаға бөлінетін қаражат отбасының нақты табысына байланысты болуы керек. Осылайша, біз білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру арқылы шын мәнінде мұқтаж азаматтарға көмек көрсетеміз және мемлекеттік қолдаудың ашық болуын қамтамасыз етеміз. Түптеп келгенде, азаматтарымыздың әлеуетін арттырамыз», – деген Қасым-Жомарт Кемелұлы білім ордаларына қабілетті жастарды тарту жұмысын одан әрі жалғастыруды, бала тәрбиесінде мұғаліммен қатар ата-аналардың да жауапкершілігі мол екенін атап өтті.
Сонымен бірге Жолдауда Президент оқытушылардың жалақысын арттыру, білім сапасын жақсарту бойынша нақты шаралар қабылдауды ұсынды. Мемлекет басшысының Жолдауында сапалы білім беру мәселесі басты тақырыптардың бірі болды. Президент білім беру жүйесін жетілдірудің маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттарына сай болуын қамтамасыз ету үшін бірқатар нақты шараларды ұсынды. Бұл қадамдар елдің болашақтағы дамуы үшін шешуші мәнге ие. Жоғары білім саласында университеттер мен колледждердің білім беру сапасын арттыру және олардың халықаралық рейтингтердегі орнын нығайту міндеті қойылды. Академиялық еркіндікті қамтамасыз ету, білім беру мекемелерінің заманауи технологияларды қолдануын және студенттердің қажетті дағдыларды меңгеруін қолдау туралы айтты. Бұдан бөлек, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға ерекше көңіл бөлінді. Қазақстанның ғылым саласындағы әлеуетін арттыру мақсатында ғылым мен білімді біріктіру, инновациялық жобаларға қолдау көрсету керектігін атап өтті. Ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды өндіріске енгізу елдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосатыны айтылды.
Жолдау сапалы білім беру мәселесін алдыңғы қатарға шығарып, елдің білім беру жүйесін жаңғыртуды көздейді. Президент Қ.Тоқаев ұсынған реформалар оқу орындарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға, мұғалімдер мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға және заманауи білім беру әдістерін енгізуге бағытталған. Сапалы білім – елдің болашағын айқындайтын басты факторлардың бірі, сондықтан бұл саланы дамыту Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының кепілі болмақ. Сонымен қатар, жұмыссыздықпен күресу, әсіресе жастар арасындағы жұмыссыздықты азайту мәселелері Жолдауда кеңінен қаралды. Жастарды жұмыспен қамту және оларға қажетті қолдау көрсету – елдің ұзақ мерзімді дамуындағы маңызды басымдықтар ретінде қарастырылады.
Сонымен қатар кезекті Жолдауда Мемлекет басшысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында тағы бір жаңа тәсілді, яғни «тауар несиесін» беру мәселесін қарастыру қажеттілігі туралы тоқталды. Әрине, ауыл тұрғындарына өз өнімдерін өңдеуге және сатуға мүмкіндік беретін инфрақұрылым құру өте маңызды. «Әр ауданда азаматтарға түрлі ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруді үйрететін орталық ашу қажет. Осындай жоба «Amanat» партиясының бастамасымен Жамбыл облысы Меркі ауданында жүзеге асырылды. Үкімет пен әкімдер бұл тәжірибені басқа да аймақтарға таратуды ойластыруы керек», – деді Президент.
Жалпы отандық бизнеске және шетел инвесторларына жол ашу – Үкімет пен барлық мемлекеттік органның міндеті. Ал олардың, яғни бизнестің және инвесторлардың заңды қызметіне кедергі жасау аса ауыр құқық бұзушылық деп саналуға тиіс. «Демек ондай әрекетке жол бергендер тиісті жазасын алады. Мен бұл туралы үнемі айтып жүрмін. Ал кәсіпкерлер мен инвесторлар өз жұмысын адал жүргізіп, заңды сақтап, салық төлеуден жалтармауы керек», – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ Жолдауда әлеуметтік әділеттілік, экономика, және қоғамдық қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Әлеуметтік салада, әсіресе балалардың қауіпсіздігін қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістер жасалды. Ұлттық қордан балалар есепшотына қаржы аудару тетігі енгізілді, сондай-ақ балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа жаза қатаңдатылды. Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру, инфляцияны төмендету, және халықаралық резервтерді арттыру жөніндегі жоспарлар да талқыланды. Елдегі құқықтық мәдениет пен қоғамдық сананың жоғарылауы, азаматтық құндылықтардың орнығуы реформалардың нәтижесі ретінде айтылды. Бұл шаралар Қазақстанның дамуында оң әсерін тигізіп, халықтың болашаққа деген сенімін нығайта түседі.
Әрі бұл Жолдаудың халықтың басындағы несиеге алаңдаушылық білдірген Президент бұл қоғамдық қатердің алдын алу үшін банктердің ақша-несие саясатына байланысты жүйелі талдау жүргізіліп, үйлесімсіздікті жою үшін банктер туралы жаңа заң қабылдау қажеттігін атап өтті. Қазына қаржысын стратегиялық маңызы жоқ шаруаларға жұмсамауды қатаң ескертті. Келесі бағыттарда мемлекет басшысы денсаулық саласын, бұқаралық спорт мен балалар спортын дамыту, «Әлеуметтік әмиян» жобасын жүзеге асыру, елдегі экологиялық ахуалды жақсарту, қоршаған ортаны қорғау сияқты өзекті мәселелерге кеңінен тоқталып, «Таза Қазақстан» шарасын одан ары жалғастырып, әр біріміз өз айналамызды таза ұстауға міндетті екенімізді айтты.
Ел Президенті Жолдаудың соңғы тоғызыншы бағытында көпұлтты Қазақстанда барлық азаматтардың тең құқыққа ие екеніне аса мән беріп, әр бірімізді елдегі бірлікті сақтауға, арандатушылыққа жол бермеуге шақырды.
Қорыта айтқанда, ҚР Президентінің 2024 жылғы Жолдауы – еліміздің болашақ дамуының маңызды бағыттарын айқындайтын стратегиялық құжат. Жолдауды қолдау арқылы біз әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етіп, қоғамның барлық саласында ілгерілеушілікке қол жеткізе аламыз. Сондықтан әрбір азамат Жолдауда көрсетілген мақсат-міндеттерді жүзеге асыруға өз үлесін қосуы қажет. Бұл – ортақ игілікке бағытталған маңызды қадам. Жолдауда халықты әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру, мемлекеттік басқару ісінің тиімділігін арттыру, қоғамда тәртіп идеологиясын терең орнықтыру да жан-жақты қамтылған. Мемлекет басшысының өткен жылғы Жолдауында айтылған мәселелер болашақта толық жүзеге асатынына үлкен сенім артамыз!
Мәншүк САДУАХАСОВА,
М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің аға оқытушысы