Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтыр қыркүйек айында халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының жүгі тым ауыр. Президент бұл жолы негізінен экономикалық мәселелерді қозғап, кейбір бағыттар бойынша тығырыққа тіреліп тұрғанымызды ашық айтты.
Мәселен, мұның біраз бөлігі Ұлттық қор қаражатын пайдалану, Салық кодексін жетілдіру, бюджет тапшылығын жоюға тікелей байланысты. Президент Үкімет нендей стратегия қабылдап, қандай амал қолданса да жоғарыда аталған мәселелерді барлық тарапқа да тиімді етіп шеше алмай келе жатқанын жасырмады.
Президент атап көрсеткен экономиканы ырықтандыру, несиелеуді қайта іске қосу, шикізаттық емес секторды дамыту сияқты жаңа шаралар ұзақмерзімді өсім үшін негіз бола алады. Қазір біз индустриаландыру бойынша соны серпілістерді көріп отырмыз. 17 мегажоба іске асырылып жатыр. Өңдеуші өнеркәсіп саласы тау-кен секторынан жылдамырақ өсіп келеді. Инфляция 2,5 есе баяулады. Еліміздің халықаралық резерві 100 млрд доллардан асты. Яғни статистикалық көрсеткіштер жаман емес. Бірақ экономика құрылымындағы сапалы өзгерістер әлдеқайда маңыздырақ.
Мемлекет басшысының Жолдауын Үкімет үшін қазіргі жағдайдағы іс-қимылдың нақты бағдары деуге болады. Үкіметтің экономикалық блогы ел экономикасының моделін өзгерту бойынша күрделі құрылымдық реформаларды жүзеге асыруға қатысты жұмыстарды ұйымдастыруы керек. Мұндай іргелі өзгерістер уақытты талап етеді. Бірден нәтиже күте алмаймыз – экономикадағы құрылымдық реформалар бірнеше жыл өткен соң жемісін береді. Экономика – тек дәл есептеуді емес, төзімді де талап ететін күрделі механизм.
Жолдаудағы маңызды тақырыптың бірі – нақты секторға кредит беру жайы. Қолжетімді несиелеу арқылы бизнесті қолдау – экономикалық өсімнің қозғаушы күші. Нақты секторды, әсіресе шағын және орта бизнесті дамыту жаңа жұмыс орындарын құруға, салықты арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.
Соңғы жылдары банктер бизнеске қарағанда, халыққа жоғары па-йызбен несие беруді күшейтті. Сөйтіп, теңсіздік туды. Яғни, азаматтар тұтынушылық несие қамытын киіп жатса, шағын және орта бизнес қаржыландыру бойынша қиындыққа тап болды. 14 пайыз деңгейіндегі жоғары базалық мөлшерлеме көптеген кәсіпкерге несие алуға мүмкіндік бермейді, себебі мұндай қарызды дер кезінде төлеп отыру тіпті мүмкін емес. Нәтижесінде, Үкімет бизнестің қаржыға қол жеткізуін жеңілдету мақсатында пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға мәжбүр. Бұл өз кезегінде Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені төмендетпеуіне себеп. Мұндай тұйық шеңберді жою керек. Кәсіпкер несиені қиналмай алып, қаражатын өндіріске, инновацияға және экспортқа сала алатындай жағдай туғызуымыз қажет. Бұл түйткілді тарқату үшін Үкімет пен Ұлттық банк ортақ шешім таба алады деп сенемін.
Сондай-ақ Президент меңзеген көрпеге қарай көсілу – жеке қаржыны басқаруға байыппен қарау ғана емес, мемлекеттік қаржы тұрақтылығын реттей алатын жалғыз рецепт. Президент маңызы төмен міндеттерге шамадан тыс ақша шашудан бас тартып, стратегиялық маңызды жобаларға мән беруіміз керектігін жеткізді. Демек, мемлекетке түк пайда әкелмейтін шығындарға тосқауыл қойылып, бюджетті бақылау қатаңдай түседі. Мұндай шаралар жаңа Бюджет кодексінде жан-жақты қарастырылған. Мәселен, Ұлттық қордан нысаналы трансфертті тек аса маңызды нысандар мен жалпымемлекеттік маңызы бар жобаларды қаржыландыру үшін пайдалану көзделді. Сондай-ақ мемлекеттік бюджет шығыны өсімі де шектелді. Соңғы бірнеше жылда мемлекет бюджет шығынын тым арттырып жіберді, әсіресе әлеуметтік қажеттіліктерге байланысты. Алайда мұндай шығындардың қайтарымы күмән тудырады. Президент 3,3 трлн теңге жұмсалып отырған денсаулық сақтау саласының жүйесін мысалға келтірді. Әрине, еліміздегі медициналық қызметтің сапасы ондай шығын деңгейіне сәйкес емес. Бұл басқа салаларға да қатысты.
Меніңше, бюджет шығындарының тиімділігін арттыратын бірден-бір мүмкіндік – цифрландыру. Мемлекеттік қаржыны басқару үдерісіне замандық технологияларды енгізу мемлекет мүддесіне бағытталған әр теңгені жеке бақылауға жағдай жасайды. Шығын мейлінше ашық болып әрі жеңіл қадағаланған сайын жемқорлық тәуекелі де төмендейді. Мемлекет қаржысы нақты мақсатқа пайдаланылады. Әсіресе, цифрлық теңгенің қолданысқа енуі үлкен прогресске ықпал етуі мүмкін. Биыл шілдеде Ұлттық банк бюджет қаржысы шығындарын таңбалау үшін цифрлық теңгені пайдалану бойынша қанатқақты жобаны іске қосты. Цифрлық теңгемен есеп-айырысу түпкілікті жеткізуші мен мердігерге дейін бүкіл тізбек бойынша бақылауды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Ондай жағдайда жемқорлық пен «күмәнді істердің» көлеңкесі де қалмайды.
Мемлекет басшысы Ұлттық қор мәселесін де қозғап өтті. Айталық, қазір қорда 60 миллиард доллар жиналып тұр. Бұл қаражаттың басым бөлігі кірістілігі төмен шетелдік активтерге салынған. Соңғы 10 жылда Ұлттық қор кірістілігі небәрі жылдық 2 пайызды құрады. Енді парадоксты қараңыз, біз өз ақшамызды 2 пайызбен беріп жатқан кезде, 5 пайызбен сырттан займ тартып жатырмыз. Іс жүзінде өз ақшамызды экономикамызды өсіруге жұмсамай, қарызға алу үшін төлеп отырмыз. Бұл стратегияны қайта қарайтын кез жетті. Әрине, мұндай резерв қиын кездерде бюджетті тұрақтандырады. Алайда оның бір бөлігін ішкі экономиканы дамытуға жұмсасақ, одан әрі тиімді бола түспек. Яғни біз Ұлттық қор қаражатын нақты өсім мен елге пайда әкелетін өзіміздің жобаларға инвестициялауға тиіспіз.
Ұлттық қордың қаражатын бюджеттің тапшылығын жабуға жұмсау – күрделі мәселенің бірі. Бұл жинақталып тұрған ақша болғандықтан, қаржы жетіспеушілігі кезінде алдымен көзімізге түсетіні рас. Алғаш Ұлттық қор құру туралы шешім шыққан кезде қордың негізгі мақсаты – қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етумен қатар, болашақ ұрпақтың қамы үшін делінді. Дәлірек айтқанда, 2009 жылы Ұлттық әл-ауқат қорын құрғанда, ел экономикасының орнықты дамуын қамтамасыз ету, экономиканы жаңғырту мен әртараптандыру, ұлттық, салааралық, өңірлік стратегияларды іске асыруға бағытталғаны аталып көрсетілген. Дегенмен жыл сайын оған иек арта беру де дұрыс емес. Президент мұндай өзекті мәселелер туралы жиі айтып келеді. Ұлттық қорды екі есе көбейтуді де міндеттеді. Ұлттық қордан қаржы бөлінерде, заң бойынша Үкімет Парламентке жүгінеді. Кейде «депутаттар неге Ұлттық қордан қаражат беруге келіседі» деген сайлаушылардың реніші де естіліп қалады. «Қордың стратегиялық мақсаты басқа ғой» дейді.
Әрине, қорға ауыз аша бермес үшін түрлі альтернативті механизмдер қолданылады, бірақ оның барлығы тиімді болып жатқан жоқ. Тәуелсіздік алғалы бері бюджет жетіспеушілігін толтыру мақсатында белсенді түрде инвестиция тарту қолға алынды. Инвестицияға қолайлы жағдай жасалды. Бұл бағытта Үкімет қазір де жұмыс істеп жатыр, бірақ сонау жылдардағыдай түсімді көре алмай отырмыз. Экономикаға үлкен серпіліс беріп отырған инвестициялар аз. Бұдан өзге бюджетке түсетін салмақты азайту үшін мемлекеттің шығыстарын оңтайландыру жолы бар. Яғни, тиімсіз шығындарды қысқарту. Сол секілді мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бойынша да біраз шаруа атқарылды. Алайда ол бағытта да ұтылған тұстарымыз жоқ емес. Демек, оған да сараптама жасалуға тиіс.
Еуропа елдерінде қолданылатын бір механизм – мемлекеттің шығынын қатаң бақылау. Мысалы, біздің отбасылық бюджетті есептеуде де қолданылуға тиіс бір ұстаным бар ғой. Қарыз алсаңыз, ол сіздің кірісіңіздің жиырма пайызынан аспауы керек деген. Отбасылық шығындар да табыстың пәлен пайызынан аспауы қажет. Қалған жиырма пайызын ертеңге сақтау деген секілді ішкі есеп болады. Оларда да сол отбасы секілді есептейді. «Мемлекеттік бюджеттің жетіспеушілігі жалпы ішкі өнімнің үш пайызынан аспауға тиіс» деген ұстанымдары бар. Одан асса, белгілі бір тәуекелдерге баруға тура келеді. Осындай ұстанымдардан біз де үйренуіміз қажет.
Араб елдері мұнайдан түскен табысты жинақтап, болашақ ұрпақтың игілігі үшін түрлі қорлар құрып, тиімді басқарып келе жатыр. Ұлттық қор түгесілмейтін қаржы емес. Дегенмен сол қордың арқасында экономиканы әртараптандыру әлі жалғасуда, инфрақұрылымдар дамытылу үстінде. Бірақ нәтижесі көңіл көншітпейді. Сонда келешекке не қалады? Осы мәселе толғандыруға тиіс. 2022 жылы Конституцияға өзгеріс енгізілгенінің нәтижесінде «Ұлттық қордан – балаларға» деген бағдарлама бекітілді. Былтыр жеті миллионға жуық баланың есепшотына, биыл тоғыз миллионға жуық баланың есепшотына ақша аударылды. Бұл да Ұлттық әл-ауқат қорының игі әсері. Дегенмен, мұнан басқа да халықтың тұрмыс-тіршілігін жақсартатын әлеуметтік бағдарламалар ашып, қаржыландырған жөн деп ойлаймын. Білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамытатын, жаңа жұмыс орындарын ашатын, сапалы мамандарды даярлау бағыттарында қолданған орынды болмақ. Соның нәтижесінде халықтың әл-ауқаты көтерілсе, жер байлығынан түскен қаржы әділ бөлініп жатыр дей аламыз.
Президент әрбір сөзінде қаржы-қаражат жүйесін реттеу, ысырапшылдыққа жол бермеу, артық шығындарды азайту секілді мәселелерді жиі көтереді. Ұлттық қорды 2029 жылы 100 миллиард долларға жеткізу бағытындағы талабы да баршаға белгілі. Дегенмен соңғы кезде бюджеттің тапшылығын толтыру және теңгенің құнын көтеру мақсатында Ұлттық қордан валюталық аударымдар жасалып, ол бағытта көп қаржы жұмсалып жатқанын көріп отырмыз.
Мұндай құбылыс қайталана бермеу үшін не істеу керек десеңіз, салық реформасын дұрыс жасау қажет. Бюджет тапшылығын азайтудың ең төте жолының бірі – салық жүйесін реттеу. Салық төлеуден жалтаратын, көлеңкелі экономикаға баратын себептерді азайта отырып, тиімді салық жүйесін құру, жаңа салық көздерін табу маңызды. Ұлттық экономикаға жауапты мамандар қосымша құн салығын жиырма пайызға дейін көтеру арқылы сегіз триллионға дейін қосымша пайда табамыз десті. Кәсіпкерлердің өзге де сарапшылардың пікірін білген соң, Президент бұл мәселені бастан-аяқ сараптауды тапсырды. Жалпы, көп мемлекет салықты көтеру арқылы дамуға ұмтылуды құптамайды. Әлемдік тәжірибеде де көп кездеспейді. Керісінше, жеңілдіктер жасай отырып, барлық жаққа тиімді салық жүйесін қалыптастыру орынды болмақ. Салық ережелерін жеңілдете отырып, салықтық базаны арттыра аламыз. Кәсіпкерлер үшін салық төлеу өте тиімді, қорқатын, алаңдайтын дүние болмауы керек. Бюджет тапшылығын жою салық реформасынан басталуға тиіс.
Бюджетке қосымша қаражат табудың бір жолы – жекешелендіру. Мемлекеттік меншіктегі компанияларды немесе активтерді сату арқылы қосымша табыс табуға болады. Бірақ стратегиялық активтерді сатудың жағымсыз салдарын да ескермеске болмайды. Қазіргі таңда квази мемлекеттік сектор делінетін үлкен актив бар. Олар экономиканың ең бір қолайлы жүйесінде, қосымша пайда әкелмейді, бәсекелік ортаға жатпайды, сөйте тұра, мемлекеттің салық жеңілдіктерін иемденген. Оларды бәсекелік ортаға жібере отырып, салықтық түсім алуға болады. Үшінші жолы – шығындарды оңтайландыру. Яғни мемлекеттік шығындарды тиімді басқару арқылы бюджет тапшылығын азайтуға болады. Көптеген министрліктің жылдық бюджетін есептеген кезде ағаттық жіберіледі. Білім беру мен қорғаныс саласында ақшаның игерілу үдерісінде көптеген заң бұзушылық анықталып жатады. Неге, өйткені дұрыс жүйеленбеген, бағытталмаған ақша, қаражатты игеру де мүмкін болмай қалады. Демек, онда да шығындарды оңтайландыру қажет. Халыққа, экономикаға еш пайдасы жоқ, жиын-тойларды, конференцияларды,
шығыны көп, пайдасы аз іс-шараларды қайта қараған жөн. Шетелдерде ондай жиындардың көбі кәсіпкерлердің есебінен жасалады. Бізде ондай жиындарға арналған қаржы кейде басқа бағытқа жұмсалып кетіп жатады. Бюджет тапшылығын азайтудың бір жолы – шетелдік инвесторларды тарту. Өйткені кәсіпорындарды дамытуға сырттан капитал тарта отырып, бюджеттің кірісін арттырамыз, экономиканы көтереміз. Ол арқылы адам жұмысты болады, төленетін салық көбейеді. Келесісі – экспортты арттыру. Шикізат емес секторды дамыту агроөнеркәсіп, туризм, жоғары технологиялар секілді қызмет көрсететін салаларда елдің экспорттық әлеуетін арттыруымыз керек. Бізде экспорттық әлеуетіміз тек шикізаттан көрінеді. Шикізатты өңдеу экономиканың ең бір сүбелі бөлігіне айналуға тиіс. Осындай шараларды қолдану арқылы Ұлттық қорды еселеп, экономиканы дамытуға болады деп есептеймін.
Америкада, Еуропа елдерінде бюджет тапшылығын басқарудың тиімді тәсілдері бар. Мысалы, салық жүйесін олар экономикалық жағдайға қарай реттеп отырады. Бізде керісінше көтеру мәселесі талқыланып жатыр. Салықтық ынталандыру оларда экономикалық табыс әкеледі. Салықтан жалтаруды болдырмау үшін кешенді бақылау, сараптау жүйелерін енгізуіміз керек. Еуропа елдерінде бюджет тапшылығы үш пайыздан аспауға тиіс. Бізде бюджеттің шығысы жиырма төрт триллион болса, кірісі он төрт-ақ триллион теңге. Шындығында, бізде бюджеттік тапшылық – тоғыз жарым, он триллион теңге. Ол үлкен қаражат, отыз, қырық пайыз көлемінде. Шетелдерде үш пайыздан асырмау әрі талап, әрі бақылауға да оңай. Америка Құрама Штаттарында қаржы резервтерін тиімді пайдалану тәжірибесі бар. Американың Федералды резервтік жүйесі экономиканың циклдік өзгерістеріне сәйкес ақша массасын басқаруға, пайыздық мөлшерлемені реттеуге, құнсыздануды бақылауға нақты назар аударады. Егер шетелдердің осындай тәжірибелерінен үйренсек, біз қаржы, ақша саясатын үйлестіру арқылы экономикалық тұрақтылыққа ықпал етеміз. Экономиканың өзгермелі жағдайына қарай қаржы резервтерін тиімді пайдаланар едік. Тиімді тәжірибе ретінде, өнеркәсіп пен экспортқа бағытталған саясатты атауға болады. Яғни Еуропада да, Америкада да экспортты дамытуға басымдық берілген. Жаңа технологиялар мен инновацияларға жоғары инвестиция сала отырып, қосымша табыс табуға назар аударылады. Халықаралық сауданы дамыту үшін де ынталандыру шаралары өте жақсы енгізілген.
Жерасты байлығының игілігін көру үшін Ұлттық қорға араб мемлекеттеріндегі секілді мұнайдан түскен қаражат жиналады. Оны бюджет тапшылығын жабуға емес, әлеуметтік бағдарламалар саласында тиімді пайдалануымыз керек. Біз экономикалық саясаттың нәтижесіз болуына байланысты Ұлттық қорға ауыз ашамыз. Мұнай саласынан түскен қаржыны шикізат өндіруге емес, өңдеуші секторларға және жаңа технология, ауыл шаруашылығы секілді болашақтың экономикасына салуымыз оңды болмақ. Сол секілді, экономиканы әртараптандыруға да жұмсаған абзал. Одан кейінгі табиғи ресурстарымыздың бірі – жерді тиімді пайдалану маңызды. Араб елдерінде мұнайдан түскен табысты ғылымға, экономиканы әртараптандыруға жұмсағаны бізді ойландыруға тиіс.
Шетел асып кеткен қаражаттар елге оралса, экономикаға да пайдасы тиеді. Ол халықаралық ынтымақтастық келісімдеріне негізделіп жүргізіледі. Кейбір елдерде осындай қаражаттардың кетуіне ықпал ететін оффшорлық аймақтар бар. Олармен де ынтымақтасып, қаржыны қайтаруға мүмкіндік жоқ емес.
Қосымша құн салығының әлеуметтік әлсіз топтарға да өзіндік әсері болады. Ол тұтыну тауары мен қызметтердің қымбаттауына жол ашады. Сондықтан әлеуметтік әлсіз топтарға қаржылық көмек, салықтық жеңілдіктер қарастырмай болмайды. Қосымша құн салығының мөлшерлемесін әртүрлі көлемде енгізуіміз керек. Қымбат тұратын тауарларға жоғары, қолды (күнделікті қажетті) тауарларға төмен мөлшерлемені енгізу дұрыс. Құнсыздануды реттеу үшін Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені өзгерту арқылы ақша массасын тиімді етуге тырысуға тиіс. Көлеңкелі экономиканы анықтап, жарыққа шығару үшін де қосымша құн салығы қажет. Бұл салықтық мәдениетті қалыптастыру үшін де маңызды.
Жалпы, елімізде пайыздық мөлшерлеме өте жоғары екені белгілі. Ол халыққа үлкен салмақ, сол үшін біз пайыздық мөлшерлемені реттеуіміз – қажеттілік. Елу алты пайыз өте жоғары. Пайыздық мөлшерлемені төмендету халық үшін жасалады, дегенмен ол кәсіпкерлікті қолдау болып шығады. Несие шарттарының ашықтығын қамтамасыз ету де қажет. Жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларды дамыту керек. Ең бастысы – «Банктер туралы» заңды қайта қарау кезінде экономикаға, жасыл экономикаға, исламдық қаржыландыру секілді серпін беретін салаларды жандандыру маңызды. Банктердің несиелік портфелінің пропорциясын өзгертуіміз керек. Отыз пайыздан асырмай халықты несиелендіруге, сол секілді кәсіпкерлікке жеңілдетілген несие беру жолдарын қарастырсақ, соның нәтижесінде кәсіпкерлер халықты жұмыспен қамтамасыз етеді, экономикаға серпін береді.
Президент, біріншіден, банктер үшін салық салуды арттыру туралы айтты. Үкімет олардың корпоративті табыс салығын 20-дан 25 пайызға (бизнес-несиелеумен байланысы жоқ, тек кірісі бойынша) көтеруді ұсынған. Бұл талап жаңа кодекске енгізіліп қойды. Екінші мәселе жеке табыс салығы бойынша прогрессивті шкалаға қатысты. Елімізде біркелкі мөлшерлеме – небәрі 10 пайыз. Әлемдегі ең төмен мөлшерлеменің бірі. Көбірек табыс табатындар үшін бұл мөлшерлеме өсірілмек. Бұл – көпшілікке емес, өте ауқатты адамдардың тар шеңберіне ғана әсер ететін әділдік элементі. Үшіншісі – салық жеңілдіктері. Бізде жеңілдік көп, бірақ содан келетін эко-номикалық пайда жоқтың қасы. Үкіметтің бағалауынша, бүкіл салық жеңілдігі салдарынан туындайтын жоғалту – 3,5 трлн теңге. Міне, тап осы тұсқа тәртіп қажет-ақ – жеңілдіктердің жартысын жойып, басқасының тиімділігі бойынша қатаң мониторинг қажет-ақ.
Ең басты нәрсе – салықтық әкімшілендіруді толық цифрландыру. Салық органдары қате іздеп, жазалаудың орнына адамдар мен бизнеске салықты дұрыс төлеу бойынша дер кезінде көмек қолын созуға тиіс. Қазір жазалау емес, қызмет көрсете білу маңызды. Өйткені көп адам салықтан әдейі жалтармайды, біразы заңның егжей-тегжейін толық білмей жатады. Мемлекет бұл орайда адамдарға серіктес болуы шарт: түсінікті инструкция ұсынсын, үдерістерді автоматтандырсын, бюрократиялық барьерлерді жойсын. Егер біз салық жүйесін сенім мен көмек ұстанымына негіздеп құрар болсақ, адамдар мен компаниялар ерікті және байыпты түрде салық төлей бастайды. Бұл салық түсімін ұлғайтып қана қоймайды, сонымен қатар мемлекетке деген сенімді де нығайтады.
Аманжан ЖАМАЛОВ,
экономика ғылымдарының докторы