Қалалық қоғамдық-саяси газет

Екі Інжу олжа салған күн

0 288

Тараз қаласы әкімдігі білім бөліміне қарасты «Оқушылар сарайы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Жыр алыбы – Жамбылым!» айтысының қалалық кезеңі өтті.

Айтысқа қала мектептерінен 5 ақын қатысты. Жас жүйріктер додасының шымылдығы №3 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы Інжу Жаңабай мен №36 орта мектептің 10 сынып оқушысы Ержігіт Ораз арасындағы сөз сайысымен ашылды. Сөз бастаған Ержігіттің шумағында кедір-бұдыр тұстары кездескенімен, аяқ алысы жаман емес. Оның: «Өлеңі мен үні сіңген, қасиетті Жамбылымды жырлаймын мен» деген жолдарын айтысқа деген талпынысына баладық. Ал Інжу – облыстық, республикалық додаларды көріп, жүлде алып, ысылған ақын.
Келесі кезекте №64 орта мектептің оқушысы Қанат Жасаров пен Абай атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен әдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-гимназиясының оқушысы Інжу Ысқақ айтысты. 8 сынып оқитын Қанаттың ынтасы жоғары болғанымен, алғашқы қадамы екені, оны баптайтын ұстаздың жоқтығы көрініп қалды. Бірақ, баптаса Қанаттың да талай жерге шабатын талабы бар.
Інжу Жаңабай келесі кезекте №4 орта мектептің 3 сынып оқушысы Айша Сұлтанханды еркелетіп, жетелеп отырды.
Айтыста Інжу Жаңабай жеңімпаз атанса, Інжу Ысқақ пен Айша Сұлтанхан жүлделі екінші орыннан көрінді. Ал Ержігіт Ораз бен Қанат Жасаров үшінші орынға лайық деп танылды. Айтысты қазылар алқасының төрағасы, мәдениет саласының үздігі Есет Досалы қорытындылап, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттады.

Дидар АПБАСОВ,
облыстық «Айтыс ақындары мен
жыршы-термешілер орталығы»
мекемесінің ғылыми қызметкері,
айтыс үйірмесінің жетекшісі

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.