Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы халыққа арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетіп, 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған болатын.
Бұл – адами капиталдың маңызы артып, жаңа жұмыс орындары көбейіп, кадр жетіспеушілігі байқалып отырған шақта дер кезінде қабылданған аса маңызды шешім. Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, елдегі еңбекке қабілетті адамдар саны 9,6 миллионнан асады. Соның 2,3 миллионы 2 мың түрлі жұмысшы мамандығы бойынша еңбек етуде. Десе де, елімізде еңбек адамдарына деген сұраныс өте жоғары. Мәселен, 2024 жылдың өзінде 240 мың бос жұмыс орны ұсынылыпты. Ал қажеттілікке келер болсақ, құрылыс және өнеркәсіп саласында – 40 мыңға жуық, құрылыс және сумен жабдықтау салаларында – 17 мың, металлургия және тау-кен өндірісі саласында – 4,6 мың, өңдеу өнеркәсібі саласында – 6,8 мың, ауыл шаруашылығында – 3,5 мың маман жетіспейді. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың мәліметінше, алдағы алты жылда кадрға сұраныс 1,6 миллион адамға дейін артуы мүмкін. Демек, елімізде еңбек адамдарының қадірі күн санап емес, сағат санап артады.
– Алдағы 6 жылда кадрларға жиынтық сұраныс саны 1,6 миллион адам болады деп күтілуде. Оның ішінде 900 мыңға жуығы – кәсіптік-техникалық білімі бар қызметкерлерге, 400 мыңнан астамы жұмысшы мамандық иелеріне тиесілі болады. Жұмысшы кадрлар құрылыс, ауыл шаруашылығы, өңдеу өнеркәсібі және денсаулық сақтау салаларында аса сұранысқа ие.
Құрылыс саласындағы ең үлкен сұраныс мынадай мамандықтарға күтіледі: сылақшылар – 9 758 адам, құрылыс бригадаларының прорабтары – 9 477 адам, дәнекерлеушілер – 7 229 адам; ауыл шаруашылығы саласында: фермерлер – 10 695 адам, тракторшылар – 7 141 адам, ірі қара малды өсіру бойынша – 4 940 адам; өңдеу өнеркәсібінде: дәнекерлеушілер – 3 342 адам, тігіншілер мен киімді қалпына келтірушілері – 2 606 адам, өнеркәсіптік жабдықтардың слесарлары – 2 367 адам, сантехниктер мен құбыр өткізуші – 2 051 адам; денсаулық сақтауда: орта медициналық персонал – 24 614 адам, жедел жәрдем жүргізушілері – 4 604 адам, фельдшерлер – 4 536 адам, – дейді министр.
Осыған орай «Мансап компасы» платформасының базасында 100 мың жоғары сынып оқушысын қамти отырып, кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізу қолға алынған. Платформада кәсіби диагностика бойынша функционалды енгізу жұмыстары жүргізіліп, осы жылдың сәуір айында іске қосылған.
Сонымен қатар «Жастар практикасы» жобасы аясында жас мамандарды даярлау үшін кемінде 35 мың тәлімгерді тарту, сондай-ақ тәлімгермен жұмыс орнында кәсіптік оқыту жоспарланған. 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша жастар практикасына 3,2 мың адам жіберілген. Жергілікті атқарушы органдардың мәліметінше, жастар практикасына қатысушыларға 2 645 тәлімгер бекітілген.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерінің айтуы бойынша, нәтижесінде бүгінгі таңда Skills Enbek платформасында 9 827 оқушы мен техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының студенттері онлайн-оқытумен қамтылған.
«Осы жыл ішінде кемінде 500 мың оқушы мен техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының студенттері «Электрондық еңбек биржасы» бірыңғай цифрлық платформасын пайдалана отырып, жұмыс іздеу және жұмысқа орналастыру дағдыларына оқытумен қамтылады. техникалық және кәсіби білім беру ұйымдарының үздік мың түлегін елдің жетекші компанияларына жұмысқа орналастыру жоспарланған. Сонымен бірге жұмыс берушіде жұмыссыздарды 6 айдан аспайтын жұмыс орнында кәсіптік оқыту ұйымдастырылады.
2025 жылдың ақпан айынан бастап еліміздің барлық өңірлерінде бос жұмыс орындар жәрмеңкелері жұмысшы мамандықтарына баса назар аудара отырып өткізілуде. Мәселен, Астана қаласында мұндай жәрмеңке «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалі аясында өтіп, бір аптаға созылды.
Бүгінде бос жұмыс орындар жәрмеңкелеріне 1 мыңнан астам жұмыс беруші қатысып, жұмысшы мамандықтар бойынша 9,6 мың бос жұмыс орнын ұсынды.
Биыл су шаруашылығы, машина жасау, химия өнеркәсібі, тау-кен металлургия өнеркәсібі, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы саласы, Көлік логистикасы, автомобиль жолдары және өзге де салаларда 100 кәсіптік стандарт әзірленіп, жаңартылады.
Біліктілікті тануды бағалау 4 тәуелсіз орталықтың базасында басталды, тағы 5 орталықты ашу жоспарлануда, оның ішінде 2 халықаралық стандарттар бойынша болады», – дейді министрлік өкілдері.
Бұл тұрғыда жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру аса маңызды. Бұл – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Дегенмен, мәртебесі өскен мамандықтарда еңбек ететін адамдардың құқықтарының сақталуына да баса мән берген жөн.
Бұл тұрғыда атап айтарлықтай жұмыс бар. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің хабарлауынша, биылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша мемлекеттік еңбек инспекторлары республиканың 66 кәсіпорны 1,7 мыңнан астам жұмыскерге 672 миллион теңгеге жалақы бойынша берешек екенін анықтаған. Сонымен бірге түрлі ұйымдарда жүргізілген тексерулер барысында еңбек құқығы бұзылуының 2,3 фактісі белгілі болған.
«Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 1 283 ұйғарым беріліп, 152 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынды. Қабылданған шаралардың, оның ішінде жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 1,3 жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 355,3 миллион теңге төленді», – делінген ресми мәлімдемеде.
Бұдан басқа, министрлік еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз етуді де ерекше бақылауға алған. Нәтижесінде, 2025 жылғы 1 мамырдағы деректер бойынша, мемлекеттік еңбек инспекторлары 1 891 тексеру жүргізіп, оның барысында 2 338 бұзушылық анықтаған. Оның ішінде еңбек саласында – 1 920; еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша – 401; халықты жұмыспен қамту бойынша 17 факт белгілі болған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 13,8 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалған.
Министрліктің мәліметіне сүйенсек, еңбек адамдарының құқықтарын қорғауға қаншалықты көңіл бөлінсе де жұмыс берушілер тарапынан жіберілетін қателіктер әлі де толастамай тұрған көрінеді. Олай дейтініміз, 2025 жылдың басынан бері өндірістегі жазатайым оқиғалардың салдарынан 293 жұмыскер зардап шегіп, олардың 40-ы қаза тапқан.
Жалпы, халықаралық еңбек ұйымының деректері бойынша, әлемде жыл сайын жұмыс орындарында болатын 270 миллионға жуық жазатайым оқиға тіркеліп, жұмыс барысында пайда болған аурулардан 2 миллионнан астам адамның өмірі қиылады екен. Ал Қазақстанда жыл сайын кәсіпорындарда 1 400-ден астам оқыс оқиғаға болып, оның 200-ге жуығы адам шығынымен аяқталады екен.
Осыған байланысты Қазақстанда өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендердің саны 6,3 пайызға, қаза тапқандар саны 2,9 пайызға азайған. Ал осы жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, өндірістік жарақаттану 2024 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16,8 пайызға кеміген.
«2025 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша өндірістік жарақаттану деңгейі 1 000 адамға шаққанда 0,04-ті құрады. Жарақаттанудың жоғары деңгейі еліміздің өнеркәсіптік аймақтарында сақталуда. Мәселен, Қарағанды облысында – 31, Қостанай облысында – 27, Шығыс Қазақстан облысында – 24, Ақтөбе облысында – 22, Атырау облысында – 22, Алматы қаласында 19 адам зардап шекті.
Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешенінің кәсіпорындарында – 15,3 пайыз және құрылыс саласында 12 пайыз байқалады.
Жазатайым оқиғаларға әкеп соққан негізгі себептер – жұмыс өндірісін қанағаттанарлықсыз ұйымдастыру (34,4%), жәбірленушінің өзінің өрескел абайсыздығы (32%), жол қозғалысы ережелерін бұзу (8,4%), еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қағидаларын бұзу (7,6%) болды», – делінген министрлік ұсынған мәліметте.
Бұл тұрғыда мамандар қазақстандықтардың еңбек құқықтарын қорғау жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіліп жатқанын айтады. Ол үшін еліміздің кәсіпорындарындағы ахуалға күнделікті мониторинг жүргізіліп, жұмыскерлер мен кәсіподақтардың өтініштеріне, еңбек ұжымдарындағы ахуалдың тұрақсыздану тәуекелдерін анықтау тұрғысынан құзыретті органдар мен БАҚ-тағы жедел ақпарат талдаудан өтеді екен.
Нәтижесінде, елімізде 470 мыңнан астам жұмыскер зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтіні анықталған. Қолға алынған шаралардың арқасында 2024 жылы аттестаттау нәтижелері бойынша 679 мың жұмыскер еңбек жағдайлары зиянды жұмыста істегені үшін түрлі өтемақы алған. Бұл мақсаттарға жұмыс берушілер 297,4 миллиард теңге бөліпті. Бұл сомма 2023 жылмен салыстырғанда 16,6 пайызға көбейген.
Сонымен қатар зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін жұмыскерлерді әлеуметтік қорғаудың қосымша тетіктерін енгізу шеңберінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда арнаулы әлеуметтік төлем енгізілген. Бұл төлемдерді алуға кемінде 7 жыл міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары аударылған 55 жасқа толған жұмыскерлер құқылы. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, 14 мыңнан астам жұмыскер зиянды еңбек жағдайларындағы жұмысын тоқтатып, арнаулы әлеуметтік төлемдер алып отыр.
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпованың айтуы бойынша, қазіргі уақытта еңбекті қорғау, өндірістегі қауіпсіздік мәдениетін арттыру және қызметкерлердің құқықтарын қорғау саласындағы өзекті мәселелер жіті назарға алынған.
– Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруға және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің өндірістік жарақаттану деңгейін төмендету, профилактикалық жұмысты күшейту және қазақстандықтардың еңбек құқықтарының сақталуын бақылау жүйесін жетілдіруге бағытталған шараларға назар аударылып отыр.
Біз ресми бақылаудан тәуекелдерді ақылға сыйымды түрде басқаруға, жоспарлар мен есептерден адамдарды нақты қорғауға көшу арқылы өз қызметіміздің қисынын өзгертеміз. Ол үшін біз нақты шараларды енгізіп жатырмыз. Мемлекеттік еңбек инспекторлары қауіпті жұмыстарды дереу, сотқа жүгінбей тоқтата тұру құқығына ие болады.
Нақты ұйғарымдармен цифрлық деректер негізінде қашықтықтан профилактикалық бақылауды енгіземіз. Нақты жағдайды көру үшін тексерулер туралы алдын ала ескертулерден бас тартамыз. Біз инспектордың өкілеттіктерін одан әрі кеңейтеміз. Енді ол кез келген шағымға, тіпті тексеру парағының тізімінен тыс түрде ден қоя алады. Сондай-ақ зиянды өндірістердегі еңбек нормаларын күшейтеміз. Өйткені, жұмысшылардың қысқаруы секілді үрдіс қауіпті жұмыс көлемі төмендеген жағдайда ғана мүмкін болады. Геолокациямен, фотофиксациямен бірге жүйеге деректерді автоматты түрде жүктеу арқылы жұмыс орындарын аттестаттауды түгелімен цифрландыруға көшіреміз. Мүдделер қақтығысын болдырмау үшін еңбекті қорғау бойынша оқыту мен білімді тексеруді жеке-жеке бөлеміз, – дейді министр.
Қазақстан Республикасының Конституциясы құқықтың бүкіл жүйесінің қалыптасуы бастау алатын негізгі заң болып табылатындықтан, онда еңбекті қорғаудың көрсетілуі үлкен маңызға ие. Себебі еліміздің басты заңында жеке тұлғаның құқықтық мәртебесінің негізін құрайтын, адам мен азаматтың ең негізгі, аса маңызды құқықтары бекітілген. Басқа жағынан алып қарағанда, негіз қалаушы құжатта еңбекті қорғауға құқықтың көрсетілуі заңды. Өйткені қызметкерлердің денсаулығы мен өмірін олардың еңбек қызметі барысында қорғау әлеуметтік мемлекеттің адам құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі қызметінің құрамдас бөлігі және конституциялық-құқықтық деңгейде регламенттелмей қалуы мүмкін емес өте маңызды категория болып табылады.
Сондықтан жұмыс берушілер мен қызметкерлер процесс барысында еңбек қауіпсіздігі және оны қорғау талаптарын басты назарда ұстағаны жөн. Себебі бұл – сіздердің денсаулықтарыңыз бен отбасыларыңыздың берекесінің кепілі.
Еркін САЙЫН