Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Еңбек қатынастарында еңбек шартының рөлі зор

0 564

Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 33-бабының 3-тармағына сәйкес, адамды жұмысқа жіберу еңбек шартын жасасқаннан кейін ғана жүзеге асырылады.

Жұмыс берушінің кінәсінен еңбек шарты болмаған және (немесе) тиісті түрде ресімделмеген жағдайда ол Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жауаптылықта болады. Бұл жағдайда еңбек қатынастары жұмыскер жұмысқа кіріскен күннен бастап туындады деп есептеледі.
Жұмыс беруші жұмысқа қабылдау кезінде осы Кодексте белгіленген тәртіппен және жағдайларда жұмыскерлермен еңбек шарттарын жасасуға міндетті.
Мемлекетіміздің Ата Заңының 24-бабында әркімнің еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсіп түрін еркін таңдауына құқығы бар екені айтылған. Еріксіз еңбекке соттың үкімі бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол беріледі.
Әркімнің қауіпсіздік пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегі үшін кендей бір кемсітусіз сыйақы алуына, соңдай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтік қорғалуға құқығы бар. Әркімнің тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша жұмыс істейтіндерге заңмен белгіленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндеріне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепілдік берілетіні айқын бекітілген.
Жұмыскерлер мен қызметшілердің еңбек құқығын заң жүзінде реттеп отыру қажет. Мұнсыз олардың көкейкесті мүдделерін қорғау мүмкін емес. Олай болса, біз құқықтық ұйымдастыру шараларының негізгі түрі еңбек шарты арқылы осы міндеттерді іске асыра аламыз.
Еңбек шарты – қызметкер мен жұмыс берушінің арасында жазбаша нысанда жасалатын екіжақты келісім. Бұл келісім бойынша қызметкер жұмыс берушінің актісін орындай отырып, белгілі бір мамандық, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмысты орындауға міндеттенеді. Ал жұмыс беруші қызметкерге жалақысын және заңдар мен тараптардың келісімінде көзделген өзге де ақшалай төлемдерді уақытында, көлемінде төлеуге, еңбек туралы зандар мен ұжымдық шартта көзделген еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге міндеттенеді. Еңбек шартын жасасу құқықтар мен мүмкіндіктер теңдігін бұзуға тыйым салады.
Жұмыскер бір кәсіпорынмен еңбек шартын жасасқан күннен бастап ол сол кәсіпорынның еңбек ұжымына мүше болады әрі оның ішкі еңбек тәртібі ережелеріне бағынады. Осынысымен еңбек шарты басқа азаматтық құқығында қолданылатын шарттардан ажыратылады.
Еңбек шартының заңдық маңызы өте зор. Ол:
1) елімізде еңбек ресурстарын тиімді пайдаланудың, тұрақтандырудың және тартудың ең негізгі құқықтық нысаны;
2) еңбекшілердің еңбек құқығын жүзеге асырудың негізгі нысаны;
3) еңбек қатынастарының пайда болуына негіз болатын заңды маңызы бар факті;
4) өзінің тараптары үшін қажетті еңбек құқықтары мен міндеттерін тудырушы негіз;
5) еңбек шарты арқылы еңбекші белгілі бір кәсіпорынның еңбек ұжымына мүше бола алады;
6) еңбек шарты жеке еңбек келісімі болғандықтан, ол жұмыскердің жеке басын заңсыз еңбек жағдайларынан қорғайды.
Жеке еңбек шартының мерзімі:
Жеке еңбек шарты қолданылу мерзіміне қарай белгісіз мерзімге, белгілі бір мерзімге, белгілі бір жұмысты орындау уақытына немесе жұмыста уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру уақытына жасалуы мүмкін. Шарттың нақты мерзімі қызметкер мен жұмыс берушінің келісімі бойынша белгіленеді.
Белгілі мерзімге жасалған шарт белгісіз мерзімге жасалған шарттан тараптар үшін шарт мерзімі біткен кезде қандай да болмасын себептерді көрсетпестен еңбек қатынастарын тоқтату мүмкіндігімен ерекшеленеді.
Белгілі бір жұмыстың орындалу мерзіміне жасалған шарттар белгілі бір мерзімдік шарттардың бір түріне жатады. Бірақ, бұл жағдайда шарт жасасу кезінде оның мерзімі нақты күнтізбелік кезеңмен шектелмей, белгілі бір жұмыстың аяқталуына байланысты қойылады.
Шарт белгілі бір жұмыстың орындалу уақытына немесе уақытша жұмыста жоқ қызметкерді алмастыру уақытына, жұмыстың аяқталу мерзімі шамамен ғана белгіленуі мүмкін болғанда жасалады (мысалы, қызметкердің ауыруы, нақты объекті құрылысының аяқталуы, т.б.).
Белгісіз мерзімге жасалған жеке еңбек шарты қызметкердің ешқандай мерзіммен шектелмей, тұрақты жұмысқа қабылданғанын білдіреді. Егер жеке еңбек шартында оның қолданылу мерзімі айтылмаса, шарт белгісіз мерзімге жасалған деп есептеледі. Шарт күшінің мерзімі біткенде тараптардың келісімі бойынша ұзартылуы немесе жаңа мерзімге жасалуы мүмкін.
Еңбек шартындағы тараптардың өзара құқықтары мен міндеттерін анықтайтын жағдайларды еңбек шартының мазмұны дейді.
Еңбек заңы шартты жазбаша жасау міндетті екенін белгілейді және ол еңбек қатынастарының жариялылығына, тиімді кадр саясатын жүргізуге, қызметкердің қабілеті мен кәсіби біліктілігін ескере отырып, оның бастамашылығы мен дербестілігі үшін қажетті жағдайлармен қамтамасыз етуге, тараптардың өзара жауапкершілігін көрсетуге, қызметкердің құқықтық және әлеуметтік қорғалуына бағытталады.
Еңбек шартына байланысты немесе еңбек қатынастарына байланысты сұрақтарыңыз туындап жатса, төмендегі байланыс телефондарымызға немесе Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, №78 мекенжайында орналасқан мекемеге келіп, жауап алуға болады.
Байланыс телефондары: 45-15-31, 43-01-96.

Кәмшат ЕСПЕНБЕТОВА,
ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің
Жамбыл облысы бойынша департаменті
еңбек саласын бақылау және талдау бөлімінің
бас маманы-мемлекеттік еңбек инспекторы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.