Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтарының жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл туралы Президент «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Бұл «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі», – деп атап көрсетті.
Жұмысшы мамандықтар жылы – бұл тек жұмысшылардың еңбегін бағалап, олардың мәртебесін көтеруге арналған шара емес, сонымен қатар қоғамның құрылымын қайта қарау, еңбек пен білімнің жаңа мазмұнын түсіндіруге бағытталған маңызды бастама. Бұл жылы жұмысшы мамандықтарының қоғамдағы рөлі мен маңыздылығына ерекше көңіл бөлінеді. Әсіресе, техникалық мамандықтардың құндылығы мен тұрақтылығы, олардың елдің дамуы үшін қажеттілігі айқын көрінеді.
Жұмысшы мамандар – бұл тек қолымен жұмыс істейтін адамдар емес, олар – өз ісінің нағыз шеберлері, нақты дағдылар мен білімдерді меңгерген, техникалық прогрестің және өндірістің қозғаушы күші болып табылатын тұлғалар. Олардың еңбекке деген көзқарасы, жауапкершілігі мен шығармашылығы, қоғамның әлеуметтік-экономикалық өмірінің маңызды бөлігі болып табылады. Олар күнделікті өмірде көрінбейді, бірақ олардың еңбегі біздің тұрмысымыздың сапасын анықтайды.
Бұл жыл жұмысшы мамандықтарына деген құрметті қайта ояту, жастарды осы салаға тарту және сол арқылы ұлттық экономиканы дамыту үшін ерекше мүмкіндіктер ашады. Жұмысшы мамандықтарын жоғары бағалау – бұл мемлекеттің болашағына құйылатын инвестиция. Өйткені, жаңа технологиялар мен дағдыларды меңгерген, кәсіби шеберлігі жоғары мамандар қазіргі әлемде бәсекеге қабілетті болудың негізгі кепілі.
Жұмысшы мамандығының мәртебесін көтеру – қоғамда еңбек адамының қадірін арттыру, оның кәсіби біліктілігін шыңдау, жұмысшы қарым-қабілетін жан-жақты бағалау арқылы жүзеге асатын сан салалы үдеріс. Бұл мақсатпен Жамбыл жерінде жүйелі жұмыстар жоспарланған. Мәселен, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында облыс көлемінде 120-дан аса шара қаралған. Оның ішінде облыстық білім басқармасының енгізген 50-ге жуық іс-шарасы да бар. Олардың барлығының мақсат-міндеті жұмысшы мамандықтарын дамытуға, жас түлектердің жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталып отыр. Нәтижесінде, Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледж студенттері үшін 2 жатақхананың құрылысын жүргізу, 6 салалық хаб, 2 жаңа мамандық, «Автомобиль құрастыру» мамандығы бойынша шетелдік білім беру ұйымының филиалын ашу, сондай-ақ «1С» сертификаттау орталығын құру көзделген.
Сондай-ақ өңірде «Жаңа мамандықтардың атласы» жобасы іске қосылды. Бұл бастама өнеркәсіп, тау-кен, ауыл шаруашылығы, құрылыс, туризм салаларында пайда болатын жаңа, сұранысқа ие кәсіптер мен мамандықтарды жүйелеуге және талдауға мүмкіндік береді.
Биыл колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында №10 Шу және Қаратау құрылыс-техникалық колледжін күрделі жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамаға мемлекеттік сараптама жасалған.
2024-2025 оқу жылы 70 мамандық бойынша 7 486 орынға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінді. Оның ішінде 455 студент кәсіпорындарға қажет мамандық бойынша оқуға қабылданды. Осы ретте колледждер мен жұмыс беруші кәсіпорындар арасында 109 келісімшарт жасалғанын айта кету керек. Сонымен бірге 13 жұмыс берушінің есебінен 26 студент білім алуда.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Біз түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсетуіміз қажет. Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең әуелі адал еңбекті бағалаған абзал. Бұл да – Мемлекет басшысы жүктеген маңызды міндеттердің бірі.
Жұмысшы мамандықтар жылына орай Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев алғашқылардың бірі болып еңбек адамдарына құрмет көрсеткен еді. Аймақ басшысы әуелі Байзақ ауданының тұрғындары, ерлі-зайыпты Әкімжан Байгобеков пен Шолпан Саматқызының шаңырағына барды. Ерлі-зайыпты бүгінде «Байзақ Су» КМК-де оператор болып жемісті қызмет атқаруда. 5 ұл-қызды тәрбиелеп өсірген қарапайым отбасы адал еңбектің берекесіне бөленуде.
Облыс әкімі арнайы ат басын бұрған Меркі ауданы, Сарымолдаев ауылының тұрғыны Құсанбек Сақбаев бүгінде бейнеттің зейнетін көрер жаста. Ол әр жылдары жүргізуші, шопан, бақташы болып еңбек еткен. Кезінде қой қырқудан ел чемпионы атанған қария жас ұрпақ үшін нағыз еңбек адамының үлгісіндей десек, қателеспейміз.
Бұдан бөлек, Ербол Шырақпайұлы Тараз қаласының тұрғындары – «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-нің жұмысшысы Ерболат Ошақбай мен «Жамбыл Су» МКК-де электромонтер болып еңбек ететін Руслан Есеевті де мерекемен құттықтады. Еңбек өтілдері 20 жылдан асатын олар облыс орталығының коммуналдық қызметіне барынша атсалысып, тұрғындар игілігі үшін аянбай еңбек етуде.
Аймақ басшысы өз сөзінде талмай жұмыс істеп, көпке үлгі болып, өз ісінің маманы атанған еңбек адамдары қандай құрметке де лайық екенін айрықша атап өтті.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков те жұмысшы мамандарды назардан тыс қалдырмады. Шаһар басшысы әуелі «Таразтрансэнерго» мекемесінің бақылаушы монтері Жасдәурен Жайлауовтың шаңырағына бас сұқты. Жасдәурен Сабидиллаұлы аталмыш мекемеде 9 жылдан бері еңбек етіп келеді. Сондай-ақ 4 перзентті өсіріп отырған үлгілі әке, өнегелі отағасы. Бұдан кейін қала әкімі «Таразэнергоорталық» мекемесінің қазандық машинисі Руслан Сапарбековтің үйіне аялдады. Осы мекемеде 10 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Руслан Мұратұлы 5 баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отыр.
Бақытжан Әмірбекұлы да еңбек адамдарына деген құрмет ешқашан аласармайтынын және оларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Бүгінде көне шаһарда адал еңбегімен абырой асқарына көтерілген азаматтар аз емес. Солардың қатарында ағайынды Болат пен Қанат Дәуіттердің шоқтығы биік. Бір отбасының қос бірдей егіз ұлы Жамбыл гидромелиоративті-құрылыс институтының «Сумен жабдықтау» мамандығын тәмамдаған соң су саласының дамуы жолында аянбай тер төгіп келеді. Айталық, Қанат Шаманбердіұлы 2002 жылдан бері «Жамбыл Су» мекемесінің №2 су құбыры өндірістік учаскесінде жұмыс істеп келе жатса, сыңары Болат 2001 жылдан бері аталмыш мекеменің №3 учаскесінде қызмет атқаруда. Ал олардың әкесі Шаманберді Дәуітұлы осы «Жамбыл Су» кәсіпорнын табаны күректей 15 жыл абыроймен басқарған.
– Президентіміздің жұмысшы мамандықтарға айрықша көңіл бөлуі – өте құптарлық қадам. Халқымызда «Еңбектің наны тәтті» деген аталы сөз бар. Осының өзі еңбекқор жандарға деген зор құрметтің белгісі екені даусыз. Енді осы баянды бастама тек жалаң ұран, жалынды сөз жүзінде ғана қалып кетпей, кешенді жоба-жоспарлар жүзеге асырылатынына сенім мол. Сананы тұрмыс билейді демекші, ең әуелі жұмысшы мамандық иелерінің әлеуметтік жағдайына баса назар аударылуы қажет. Осы арқылы олардың өз жұмыстарына деген құлшыныстарын арттыруға болады. Ал бұл өз кезегінде еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты түбегейлі қанағаттандырады, – дейді Болат Шаманбердіұлы.
Жалпы, елімізде бүгінде 2 миллион 300 мың адам 2 мыңнан астам жұмысшы мамандық бойынша еңбек етуде. Қазіргі таңда жұмыс істеп жатқан қазақстандықтардың 52 пайызы кәсіби немесе техникалық білім алғандар және осы саладағы мамандарға сұраныс біздің елде жыл сайын артып келеді екен. Мәселен, былтырғы жылдың өзінде еңбек нарығында 270 мың бос жұмыс орны ұсынылған. Әсіресе, жұмысшы мамандарға өндіріс орындарында, ауыл шаруашылығы, транспорт салаларында сұраныс жоғары.
Жоғарыда атап өткеніміздей, Жамбыл жерінде саналы ғұмырын адал еңбек пен тынымсыз тірлікке арнаған жандар аз емес. Иә, бүгінде біздің түсінікте белгілі бір дәрежеге, мансапқа, байлыққа қолы жеткен адамдарды ғана «еңбек адамы» деп қарайтын секілдіміз. Ал шын мәнісінде қызметі көзге көрінбейтін, халық арасында жүрген қаншама жан бар. Тек бір адамдарда ой еңбегі басым болса, енді біреулері керісінше физикалық тұрғыдан көп қимылдап, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек етіп жүреді.
Осындай жанның бірі – Абдула Рахмешовтің «ЖамбылРемСервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде еңбек етіп жүргеніне 31 жыл болған. Аталған кәсіпорындағы еңбек жолын 1984 жылдың 1 ақпанында бастаған Абдула Орынбайұлы әуелі вагон құрастыру цехының бригадирі болып қызмет істеген.
Айте кетер жайт, 1924 жылы вагон жөндеу депосы болып құрылған бұл мекеме өткен жылы ғасырлық тойын атап өтті. 100 жылдық тарихында талай белесті бағындырған кәсіпорында еңбегі еленіп, құрметке бөленген қаншама жан қызмет еткен. Мәселен, 1986 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен темір ұстасы Александр Бутроменко «Еңбек айбыны үшін» медалімен, 6-разрядты механикалық құрастыру жұмыстарының слесары Виктор Гефель еселі еңбегі үшін III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденімен марапатталған. Жұмысына деген адалдығы одақ көлемінде мойындалып жатқан азаматтармен қызметтес болған А.Рахмешов тек жанкешті еңбек қана ұшпаққа шығаратынын анық аңғарған.
Осылайша 37 жылдан асқан жалпы еңбек өтілінің едәуір бөлігін вагон жөндеу ісіне арнаған Абдула Орынбайұлы кәсіпорында өзін жауапты және жоғары білікті маман ретінде көрсеткен. Нәтижесінде жұмыс барысында технологиялық процестерді жақсартуға және өндірісті дамытуға қосқан үлесі үшін басшылық тарапынан бірнеше мәрте марапатталған.
Бір мекемеде 30 жылдан астам табан аудармай қызмет етуінің арқасында өнім сапасын бақылаудың жаңа әдістерін енгізуге белсенді қатысып, жабдықтың тоқтап қалуын қысқартуға және еңбек қауіпсіздігін арттыруға ықпал еткен. Ұзақ жылдар бойы жинаған мол тәжірибесі мен кәсіби біліктілігінің арқасында ол әлі күнге дейін вагон жөндеу кәсіпорнының дамуына үлес қосып келеді.
Иә, қандай да болсын мамандық иесі үшін өз ісінің майталманы болу – басты мақсат. Ол ізденуді, оқуды, маңдай тер төгуді қажет етеді. Тиісінше, адал қызмет еткен жанның еңбегі еленіп, түрлі жетістікке, марапатқа, құрметке лайық болатыны сөзсіз. Бұл ретте бар ғұмырын еңбекке арнаған А.Рахмешов – әріптестерінің ортасында сыйлы. Осыдан болар, Абдулла Орынбайұлын әріптестері өз ісіне мығым және еңбекқор адам ретінде сипаттайды.
Ел Президенті: «Бірінші маңызды мәселе, біз еңбекқор болуымыз қажет. Қоғамымызда еңбек адамы бірінші орында тұруға тиіс. Шын мәнінде, барлық жетістіктің бастауы – адал еңбек және іскерлік. Табысқа жетудің жалғыз жолы – өз кәсібінің шебері болу және ерінбей еңбек ету», – деген болатын. Сондықтан барша еңбек адамы қоғамның бар құрметіне лайық.
Расында, қандай жұмыс істесең де оған ең әуелі жауапкершілік керек. Ыждағаттылық, төзімділік пен сенімділікті жаныңа серік етпесең істеген ісіңнің олқы тартып кететіні бар. Қомақты табысқа жету үшін таймайтын табандылық, кәсібіңнің шебері болуың маңызды. Ол дүние кейбіреуге уақыт өте келеді, енді біреу көздегеніне танбас талапшылдығының арқасында жетеді. Бүгінгі кейіпкеріміздің еңбекқорлығы – көпке үлгі. Терін төге жүріп темірді теріше илейді.
Берік Өтепбергенов еңбек жолын 2005 жылдан бастаған. 2005-2009 жылдары «Қамқор» ЖШС-де 4-дәрежелі электргаздәнекерлеуші болып еңбек етсе, 2009-2014 жылдар аралығында «Бином» ЖШС-де электргаздәнекерлеуші болып қызмет еткен. 2014-2015 жылдары «Корпорация» ЖШС-де 4-дәрежелі электргаздәнекерлеуші, 2015-2019 жылдар аралығында «Таразтрансэнерго» МКК-да 6-дәрежелі электргаздәнекерлеуші болып жұмыс атқарған. 2020 жылдың наурыз айынан бастап «Таразтрансэнерго» МКК-да №2 аудандық ішкікварталдық жылу жүйесінің №3 учаскесінде 6-дәрежелі электргаздәнекерлеуші болып қызмет етіп келеді.
Берік Темірбайұлы – өз ісін терең білетін, жауапты, талап қоя білетін, ісіне мұқият және кәсіби білікті қызметкер. Жұмыс кезеңінде өзін білікті, адал, қойылған міндеттерді сапалы орындайтын маман ретінде көрсетті. Қойылған міндеттерді орындау кезінде күш және уақытын ұтымды пайдалануды қамтамасыз етеді. Өзіне талапшыл, өз маманына шебер ұйымдастырушы. Мекемедегі қоғамдық жұмыстарды атқаруда белсенді атсалысады.
«Еңбек адамды қашанда бақытқа бөлейді» деген сөз бекер емес. Адал еңбектің арқасында әр адам өз бақытын табады. Өзіне ғана тиесілі, өзіне ғана лайық жолмен жүріп, тірлік етеді. Б.Өтепбергенов қызметінде өзінің тікелей міндеттерін орындаумен ғана шектелмейді. Ол жас буын әріптестеріне қолдау білдіріп, тәлімгерлік етеді. Білім беру мен тәжірибе алмасудың маңыздылығына назар аудара отырып, ол өзінің кәсіби құпияларымен бөлісуден ешқашан бас тартқан емес. Бұл бағыттағы жұмысы мекемедегі жас мамандарға өз ісіне бейімделуге және кәсіби тұрғыда өсуге көмектесіп келеді. Оның қолдауының арқасында жаңадан келген жастар жұмысын тезірек игеріп, айтарлықтай жетістіктерге жетуде.
Мемлекет басшысы: «Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқаруға тиіс. Сонда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.
Халқымызда «Жұмыстың көзін тапқан байлықтың өзін табады» деген сөз бар. Кәсібіне адал әрі жауапкершілікпен қараған адам қашанда лайықты бағасын алады. Бұл түсінікті қоғам санасына сіңіру қажет. Азаматтарға құрметті атақ берудегі түпкі мақсатымыз да – осы. Бұған дейін мұғалімдерге, дәрігерлерге және мәдениет қайраткерлеріне осындай атақтар беріле бастады. Бұл – өте жақсы бастама, оның аясын кеңейту керек», – деп, еселі еңбегімен елдің өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет қашанда жоғары болуы қажет екенін айтқан болатын.
Тараз қаласында Мемлекет басшысының бұл ұстанымына толықтай сай келетін, көне шаһардың көркейіп, гүлденуіне көп жылдар бойы үлес қосып келе жатқан, алайда көзге түсе бермейтін мамандар жеткілікті. Соның бірі – Жанар Пірімжанова.
Жанар Кенжеғұлқызы еңбек жолын 1986 жылдан түрлі салада жұмысшы болып бастаған. Ал 2017 жылы «Жасыл Ел-Тараз» ЖШС-не демалыс орындары мен көше тазалығын сақтау учаскесінің жұмысшысы болып жұмысқа қабылданды. Сол уақыттан бері аталған қызметте табан аудармай еңбек етіп келе жатқан ол өз ісіне адалдығымен көпке үлгі болып келеді. Әсіресе, жас мамандардың одан үйренері көп.
«Жанар Пірімжанова жұмысына жауапты, адал, кез келген істі тиянақты атқарады. Кәсіпорын ұжымындағы әріптестер арасында құрметке ие. Мекеменің қоғамдық өміріне белсенді қатысады. Айналасына, өзіне жауапкершілікпен қарап, кәсіпорынның дамуына үлес қосып келеді», – дейді ол жайлы әріптестері.
Ел Президенті айтқандай, түрлі саладағы мамандарға, қатардағы жұмысшыларға құрмет көрсету – аса маңызды. «Бәсекеге қабілетті экономикасы бар озық ел боламыз десек, ең алдымен, адал еңбекті бағалаған абзал… Еңбегінің мемлекеттік деңгейде бағалануы барша кәсіп иесіне ерекше шабыт береді, еңбек адамның абырой-беделін көтереді», – деуі осының айқын айғағы.
Су – өмір нәрі, тіршілік тірегі. Сусыз өмір жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауында: «Су ресурсы – еліміздегі өзекті мәселелердің бірі. Әсіресе, судың сапасы және оның халыққа қолжетімді болуы аса маңызды болып тұр. Жыл өткен сайын халқымыздың саны да, экономикамыз да өседі. Бұл – қалыпты құбылыс», – деген болатын. Сондықтан бұл салада еңбек етіп жүрген қызметкерлердің еңбегі ерен.
Бұл тұрғыда «Жамбыл Су» кәсіпорнын ерекше атап өткеніміз абзал. Жарты миллионға жуық тұрғыны бар Тараз қаласындағы су және кәріз жүйесінің 80 пайызы «Жамбыл Су» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің теңгерімінде. 1952 жылы құрылған кәсіпорын осы мерзімде талай даму мен дағдарысты кезеңдерді өткізді. Міне, осы мекемеде 40 жылға жуық табан аудармай еңбек етіп келе жатқан Любовь Журавлеваның орны бөлек.
Любовь Николаевна 1987 жылы сол кездегі «Горводоканал», қазіргі «Жамбыл Су» мекемесінің машинисі болып жұмысқа орналасқан. 1989 жылы №1 телім хлорлау қондырғысының операторы болып ауысып, бүгінге дейін осында қызмет етіп келеді.
– Жұмысым өзіме ұнайды. Сондықтан саналы ғұмырымның 40 жылға жуық уақытын су шаруашылығына арнағаныма бір сәтке де өкінген емеспін. Әрине, әр саланың өз қиындығы бар. Дегенмен, ұжымның ауызбіршілігі арқасында соның барлығын еңсеріп келеміз. Әсіресе, соңғы бірер жылдың бедерінде «Жамбыл Су» мекемесіне айрықша көңіл бөлінуде. Соның нәтижесінде материалдық базамыз жаңа техникалармен, заманауи аппараттармен толығуда. Ел Президентінің өз Жолдауында су шаруашылығына екпін түсіруі жұмысымызға тың серпін беріп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашып отыр, – деп ағынан жарылды Л.Журавлева.
Иә, адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Қолынан келгенін аянбайтын әр адамға әр кез сый-құрмет көрсетілуі тиіс. Президенттің: «Қарапайым еңбек адамына деген құрметті арттырып, ел сүйсініп қарайтындай жағдай жасау қажет» – деп атап өтуі өте орынды. Нәпақасын маңдай тер, адал еңбектен тауып жүрген кейіпкеріміздің ісі көпке үлгі. Ауыр еңбектің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.
Еркін САЙЫН