Қалалық қоғамдық-саяси газет

Ең алғашқы махаббат басталады партадан…

0 1  187

Енесей мен Еділді шатастырып картадан,
Ең алғашқы махаббат басталады партадан.
Күндей таза көңілі, қардай аппақ парақтан,
Ең алғашқы махаббат басталады сабақтан, – деп Нәби Аймұратовтың орындауында шырқалған ән ерекше сезімге бөлейді. Сәби сезім, кіршіксіз таза пейіл, бала махаббат – әркімнің жүрегінде болған құбылыс. Бірақ ол сезімді тұнық күйінде сақтап, махаббатының шыңына жеткендер аз ғана.

Біздің кейіпкерлеріміз – Бану Нұрманалиева мен Айбар Назарбеков. Алты жасар Банудың есінде қалғаны – Айбар мен Айхан есімді егіз ұлды ажырата алмай жүретіні. Олар параллель сыныпта, қарама-қарсы кабинетте оқитын. Жетінші сыныпта Бану Айбардың сыныбына ауысады.
– Мен бала жүрекпен бәрін сездім. Айбар менен көз алмай, ғашық көзбен қарап отыратын. Жалт қарасам, жанарын тайдырып әкететін. Бірақ ол кезде кішкентай едік. Жақын келіп, тіл қатқан емес. Көктем айы еді. 9-шы сынып аяқталатын кезде бір сыныптасым келіп: «Айбар сені ұнатады. Қызы болуға қарсы емессің бе?», – дегені есімде. Мен сондай бір асау жүрекпен сыныптасымның бетін қайтарып тастадым. 9-сыныптан кейін Айбар басқа жаққа кетіп қалғанымен, біз жасаған отырыстарға келіп тұратын. Одан кейін сыныптас ретінде ғана сөйлесіп жүрдік. 11-сынып оқып жүрген жылы туған күнімді жасадым. Айбар екеуміз вальс билеп жүрдік. Ол маған: «Менің сүйіктім боласың ба?», – дегені сол: «Иә», – деп жауап бердім. Ол уақытта махаббаттың не екенін аса түсінбеуші едім. Алайда ұнайтын. Араға уақыт салып мен оны тани бастаған соң, ер мінезіне, адами болмысына қатты ғашық болдым, – дейді Бану.
2005 жылы мектеп бітірген ғашықтар университет қабырғасында жүріп те жұптары жазылмады. Оларды көрген сыныптастары қатты қызығатын. Кейін жоғары оқу орнын қатар бітірген соң, Айбар Астана қаласына жұмысқа кетеді. Бану Тараз қаласында қалғанымен, жүрегін жігітімен бірге беріп жіберген еді.
– Қызғанатыны соншалықты, бір жерге барар болсам, мен одан сұранып жүретінмін. Телефонды 5 минут көтермей қалсам, қызғана бастайды. Ренжімесе екен деп айтқанын істеймін. Бірақ сол қызғанышының өзі қандай әдемі еді?! Анам ауылдас баланы ұнатып жүргенімді білген соң: «Қызым, бір ауылда, іргесі тиіп тұрған жерден қиын емес пе? Ертең сөз болса, лезде жетіп барады. Қиналып қалмайсың ба? Үйленген соң, жаманын жасырып, жақсысын асыр. Екі үйдің ортасында өсек тасымайтын бол», – деді. Бес жыл жүрдік. Ортасында келіспей, ренжісіп те қалған кездеріміз болды. Бірақ қатты жақсы көргендіктен, сезімді сақтап қалдық. 2010 жылы, сәуір айында телефонмен: «Мамыр айында менің үйімдегілер саған қарға бау тағады», – деді. Арада уақыт өтті. Мен тағатсызданып, күнін сұраймын. Ол «үйде дайындық жүріп жатыр» деп, ашық айтпайды. Сосын менің анам Айбардың анасымен сөйлесіп, құдалар тәтті шайда кездесті, – дейді Бану.
Сөйтіп, сыныптастардың 2010 жылдың шілде айының 25 жұлдызы күні ұзатылуы, ал 30 шілде күні үйлену тойы болады. Бүгінде олар Айзере, Ерасыл, Ясмина атты екі қыз, бір ұл сүйген бақытты шаңырақ.
Бәйшешек те бүр жарып, бұзып-жарып сең, тоңды,
Ең алғашқы махаббат болу керек ең соңғы!
Болар бәлкім қамалы, болар бәлкім қақпасы,
Ең алғашқы махаббат – махаббаттың патшасы, – деген ән бұл шаттыққа толы шаңырақтың әнұранына айналғалы қашан!

Құралай Сейсенбекқызы 

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.