Қалалық қоғамдық-саяси газет

«Дипломмен ауылға» не берді қауымға?

0 158

Елімізде 2009 жылдан бастап «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жүзеге асуда. Осы уақыт аралығында жоғары оқу орнын тәмамдаған түлектердің екі қолға бір күрек табуына аталған бағдарлама едәуір септігін тигізді. Жалпы бұл бағдарлама талапты әрі шалғай елдімекендерде тапшы мамандық иелерін жұмысқа тартуды көздейді. Яғни білім беру, денсаулық сақтау, агроөнеркәсіп, әлеуметтік қамтамасыз ету, мәдениет және спорт,ветеринария бойынша университтерді тәмамдаған жастар бағдарлама шеңберінде жұмысқа жіберіледі. Соған сай оларға мемлекет тарапынан арнайы әлеуметтік төлемдер беріліп, тұрғын үймен қамтамасыз етіледі.

Бүгінде облысымызда байыпты бағдарлама қалай жүзеге асуда? Облыстық білім басқармасының мәліметінше жыл сайын мектептердегі педагог кадрлардың жетіспеушілігіне арнайы мониторинг жүргізіліп тұрады екен. Мәселен, 2021-2022 оқу жылында 103 маманға, оның ішінде орыс сыныбына бастауыш мұғалімі, ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия пәндерінің мамандарына қажеттілік туындаған. Сонымен қатар білім мен ғылым саласында серіктестікті дамыту, тікелей және өзара ынтымақтастық орнату, түлектердің жұмысқа орналасуына көмек беру мақсатында Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті мен М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеттері арасында арнайы меморандум да жасалған. Құжат аясында бітіруші түлектерді ауыл мектептеріне тарту жұмыстары бойынша жоғары оқу орындарының басшыларымен тығыз байланыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ аудандық білім бөлімдері де мектептердегі маман тапшылығын шешу мақсатында оқу жылының аяғында жоғары оқу орындарына сұраныс беріп отырады екен.
Бүгінде аудандық, қалалық білім бөлімдерінен алынған мәліметтерге сәйкес, өткен оқу жылында 358 жас маман «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауылдық жерлерге жұмысқа қабылданып, еңбек етіп жатыр. Олардың 155-і көтерме жәрдемақы, 32-і тұрғын үй алу үшін жеңілдетілген несие алған. Сонымен қатар соңғы үш жылда, яғни 2019-2022 жылдар аралығында білім мекемелеріне 1164 жас маман қабылданған.
Аталған бағдарламаның игілігін көргендердің бірі – Айшуақ Боранбай. Ол бүгінде Шу ауданы, Ермұхан Бекмаханов атындағы мектеп гимназиясында математика пәнінен сабақ беруде.
– Мен аталған бағдарлама жайлы 9-сынып оқып жүрген кезімде естідім. Сол сәттен бастап өзімді іштей дайындай бастадым десем болады. Сөйтіп жоғары оқу орнын тәмамдаған соң құжаттарымды әзірлеп, тест тапсыру арқылы қазіргі жұмысыма орналастым. Көп күтпей-ақ баспаналы болдым. Яғни, мемлекеттің қолдауымен Төле би ауылынан 2 бөлмелі үйге қол жеткіздім. Қазір мемлекеттен алған 4 167 000 көтерме қаржыны 0,01 пайыз мөлшерімен қайтарып жатырмын. Мұның өзі үлкен демеу. Жастарға осындай мүмкіндік сыйлаған еліміздің басшыларына алғысым шексіз, – дейді жас маман.
Осылайша баянды бағдарлама өзінің жемісін беріп отырғанын аңғару қиын емес. Қалай десек те бағдарлама жұмыссыздық мәселесін түбегейлі шеше алмаса да жастардың жігерін жанып, алға ұмтылуына сеп болуда. Бір жағынан ауылдардың екінші тынысын ашып, көркеюіне де тамшыдай үлес қосуда. Ал ауылдың гүлденуі мемлекетіміздің қарыштап дамуына жол ашады.

Әмина Ескермес,
Тараз өңірлік университетінің 3-курс студенті

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.