Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дертке дауа, жанға шипа «Айша бибі»

0 308

«Айша бибі» шипажайы жамбылдықтарға ғана емес, күллі қазақстандықтарға жақсы таныс. Аталған емдеу нысаны Тараз қаласынан 25 шақырым жерде Әулиекөл елді мекенінде, оңтүстік батысында батпақты-минералды кіші Ақкөл көлінің жағасында орналасқан. Бұл көлдің батпағының емдік қасиеті өте зор. Әсіресе буын ауруларына тиімділігімен бағаланады. Судың құрамында барлығы 34 пайдалы минералдар мен микроэлементтер бар екен.

1984 жылы Жаңа Жамбыл фосфор зауыты пайдалануға берген ғимарат кейін психоневрологиялық үй-интернат ретінде жұмыс істеген.


2015 жылы «Денсаулық» бағдарламасының аясында денсаулық сақтау басқармасына қайтарылып, «Айша бибі» санаторийі атауымен қайта құрылған. Облыс бюджетінен күрделі жөндеуден өткізу үшін 520 миллион теңге, ал материалдық-техникалық жабдықталуы үшін 354 миллион теңге бөлініп, қайта құрылған. «Айша бибі» санаторийінің күрделі жөндеу жұмыстары және жабдықтаулары толығымен аяқталған соң, 2017 жылдың 1 қыркүйегінде салтанатты түрде ашылып, жұмысын бастады. Сол кездегі облыстың әкімі Кәрім Көкірекбаев пен денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұлов санаторийге ең соңғы үлгідегі заманауи медициналық аппараттар мен жабдықтар алынуына көп үлесін қосты.


2018 жылдың желтоқсан айының 4 жұлдызынан бастап, «Айша бибі» санаторийі «Техстройпроект – 2017» ЖШС сенімгерлік басқаруына беріледі. Атқарушы директоры қызметін қазіргі таңда Қуаныш Бектаев атқаруда.
120 төсектік шипажайда емдеу және физиотерапия бөлімшелері жұмыс істейді. Бұл шипажай әлемді дүрліктерген пандемия кезінде және одан соң мекеме ковидтен кейінгі науқастарды оңалту орталығы ретінде жұмыс істеп, мыңдаған пациенттердің індеттен сауығына септігін тигізді.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» облыстық филиалының директоры Лаззат Алимова жуырда шипажайды аралап көріп, емделушілермен әңгімелесіп, олардың емдеу орны туралы пікірлеріне құлақ түрді. Сондай-ақ ол сақтандыру қоры қаражатының есебінен емделіп жатқандар мен әлеуметтік көмек ретінде ем алушылардың тиісті ем-домы мен шипасына сәттілік тілеп, әрқайсысымен емен-жарқын әңгімелесті. Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі ашылғанына 5 жыл толған орталық жұмысына табыс тілеп, басқарма атынан қызметкерлерге алғысын жеткізді.

Жұматай КӨКСУБАЙ

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.