Қалалық қоғамдық-саяси газет

Депутаттар референдум маңыздылығын түсіндіруде

0 411

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынғаны белгілі. Осы орайда референдумды өңірлерде түсіндіру бойынша «AMANAT» партиясы жүйелі жұмыстар жүргізуде.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, республикалық штаб мүшелері Мейрамбек Төлепберген, Гүлдара Нұрымова және Назиля Раззақ Жамбыл облысына арнайы іссапармен келіп, өңірдегі еңбек ұжымдарымен кездесіп, саяси реформалар мен референдумның мазмұнын түсіндіруде. Мәселен, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық штаб мүшесі Назиля Раззақ Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдумды түсіндіру мақсатында Тараз сервис және технология колледжінің студенттерімен кездесті. Жиында республикалық штаб мүшесі студенттерге биыл 5 маусымда республикалық референдум өтетінін хабарлап, оның мақсаты саяси, құқықтық жүйемізді жетілдіру, конституциялық реформа жасау екенін ұғындырды. Сонымен қатар депутат Конституциялық реформа ел дамуының жаңа кезеңі басталғанын көрсететінін тілге тиек етіп, Конституциядағы 98 баптың 33-і өзгертілетінін атап өтті.
Шарада ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық штаб мүшесі Назиля Раззақ өзгерістер мен толықтырулар азаматтардың өткір де өзекті мәселелерін шешіп, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тікелей көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлықпен және азаматтық қоғамға жат құбылыстармен күресіп, әділетті өмір сүруге мүмкіндік беретінін баса айтты.
Келесі кезекте республикалық штаб мүшесі Мейрамбек Төлепберген «Насихат» бастауыш партия ұйымының мүшелерімен кездесті. Басқосуда депутат референдумға қатысу әрбір азаматтың парызы, саяси науқан еліміздің болашағын айқындауға бағытталған шара екенін жеткізді.
Сондай-ақ өңірге іссапармен келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, республикалық штаб мүшесі Гүлдара Нұрымова Талас ауданында болып, орталық аурухананың ұжымымен кездесу өткізді. Басқосуда депутат Президент ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу әрбір қазақстандықтың азаматтық борышы екеніне тоқталды. Сондай-ақ Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізу еліміздің саяси дамуына маңызды қадам екендігі және жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейтінін тілге тиек етті.
Ақпараттық-түсіндіру тобының жұмысы аудандарда жалғасуда.

Жұмаш Жолболдыұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.