Мемлекет басшысының «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты алғашқы Жолдауының басым бағыттары қызу талқылануда. Қарапайым халықтың көңілінен шыққан саяси құжат қала әкімдігінің мәжіліс залында өткен қалалық актив жиынында да қолдау тапты.

Арайлым Бақытжанқызы Суреттерді түсірген Юрий КИМ

Жиын барысында Президент Жолдауындағы алға қойылған міндеттер пысықталып, оларды жүзеге асырудың жолдары кеңінен айтылды. Шын мәнінде, Қазақстан экономикасы жаһандық қиындықтарға қарамастан өзінің жеке даму жолында құрмет пен беделге қол жеткізіп отыр. Алға қарай нық сеніммен жылжып келеді. Шағын бизнестің тынысын ашып, аграрлық секторға серпіліс беріп, еліміз индустриалды державаға айналып, қазақ өнімімен мақтанатын кезге жету – басты мақсат. Осындай маңызды бағыттарды қамтитын бас құжатты талқылаған қалалық актив мемлекет мүмкіндіктерін зерделеген Жолдауды талдау емес, орындау маңыздырақ дегенге тоқталды. Жиынға облыс әкімінің бірінші орынбасары, Тараз қаласы бойынша ақпараттық топтың жетекшісі Бекболат Орынбеков, Президент Жолдауын түсіндіру жөніндегі облыстық, қалалық ақпараттық топтардың мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары, оқу орындары мен денсаулық сақтау мекемелерінің басшылары, қала әкімдігі бөлімдерінің басшылары, үкіметтік емес ұйымдар мен ұлттық мәдени орталықтардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Алдымен сөз алған қала әкімінің орынбасары Кенжебек Олжабай саяси құжаттағы негізгі бөлімдерге кеңінен тоқталды.

– Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асырудың өзегі ретінде бес міндет белгіленді. Бірінші міндет – заман талабына сай тиімді мемлекет. Екінші міндет – азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Үшінші міндет – қарқынды дамыған және инклюзивті экономика. Төртінші міндет – әлеуметтік жаңғырудың жаңа кезеңі. Бесінші міндет – қуатты өңірлер – қуатты ел. Мемлекет экономикасын реформалау қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртусыз мүмкін еместігін ескере келе, Президент ең алғашқы қадамды мемлекет тұрақтылығының негізін қалайтын «Мықты Президент – ықпалды Парламент – есепті Үкімет» формуласынан бастауды мақсат етіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруға назар аударды. Елбасы төрағалық ететін «Nur Otan» партиясы бүгінде халықтың шынайы саяси күшіне айналғаны баршамызға мәлім. Осы мақсатта алдағы уақытта мемлекеттің саяси тұрақтылығын нығайту жолында Президент көппартиялықты, саяси бәсекелестік пен пікір алуандығын арттыруды ұсынды. Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтарына айналмақ. Сондықтан әкім аппараты мен бөлім басшылары азаматтардың мәселелерін заң аясында әділ, сапалы және уақтылы шешіп, облыс әкімі аппараты мен Президент Әкімшілігіне жүгінуге мәжбүр еткізбеуі қажет. Мемлекет басшысы Ата Заңымызға сәйкес азаматтардың өз ойын еркін айтуға құқығы бар екендігін баса айтты. Осы ретте, қалалық ішкі саясат бөліміне қолданыстағы заңнама аясында бейбіт акциялардың өткізу тәртібін және наразылық шараларын өткізу орындарын қайта бекітуді қарастыруды тапсырамын. Президент «Ел бірлігі – оның әралуандығында!» принципінің негізінде барлық этникалық топтардың тілі мен мәдениетін жалғастыра келе, қазақ тілінің рөлін күшейтуге шақырды. Қазақ халқының мемлекет құраушы ұлт ретіндегі рөлін бекемдеп, этносаралық татулық пен дінаралық түсіністікті қалыптастыру маңызды міндет екендігін атап өтті. Белсенді азаматтық қоғам құру үшін үкіметтік емес ұйымдардың беделін арттырып, оларға жаңа міндеттер жүктеу мақсатында жақын арада «Азаматтық қоғамды дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы» қабылданатын болады, – деген Кенжебек Мамашбайұлы «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында биылғы жылы атқарылатын жобалар туралы да кеңінен айтты.

Сондай-ақ жиында жарыссөзге шыққан Тараз мемлекеттік педагогикалық университетінің ректоры, облыстық ақпараттық топтың мүшесі Ержан Әмірбекұлы, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының Жамбыл облыстық филиалының директоры Бақытжан Исақов, «Nur Otan» партиясының Тараз қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанәділ Оспанов, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» акционерлік қоғамының Жамбыл облыстық филиалының директоры Әбдіманат Еспаев пен «Освобождение Юг» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дәурен Бағжанов Жолдау аясында қойылған міндеттерді талқылап, өз ойларын ортаға салды. Спикерлер өз саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы уақытта іске асатын негізгі бағыттар туралы айтып, көпшілікті жұмыла жұмыс істеуге шақырды. Ал жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Бекболат Серікбекұлы: «Ел Президенті жариялаған Жолдаудағы айқындалған міндеттерді орындау – баршамызға ортақ іс. Президент бас құжатта мүлдем жаңа экономикалық жүйені қалыптастыру арқылы демократиялық-құқықтық мемлекетті дамыту керектігін атап өтті. Сонымен қатар бүгінгі күні қоғамдық институттарды нығайту жолында нақты тапсырмалар берілді. Осы айтқандарды жүзеге асыра отырып, біз өмір сапасы мен болашаққа деген сенімімізді елеулі түрде өзгертетін боламыз. Алдағы уақытта мемлекет дамуына бағдар болатын басты құжаттағы тапсырмаларды бірлесе атқаратын боламыз», – деді.

0 replies

Leave a Reply

Want to join the discussion?
Feel free to contribute!

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған