Қалалық қоғамдық-саяси газет

Дала төсіндегі дүбірге дайындық қалай?

0 2  067

Көктем шуағы еніп, жер сызы кетісімен, дала төсінде көктемгі егіс жұмыстарына дайындық басталады. Осылайша егістік жерді тазалау, жер жырту, тұқым себу, суару жұмыстары рет-ретімен жасалып, шаруалар мол өнім алуға кіріседі. Биылғы қолайлы ауа райы әулиеаталық шаруалардың егіс науқанын ерте бастауға себеп болуда.
Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тікелей бақылауында.

– Көктемгі дала жұмыстары сапалы әрі уақытылы жүргізілуі тиіс. Барлық қажетті қаражат қаралған. Мемлекеттік қолдау әр ауылға, шаруаларға жету маңызды. Былтыр ауыл шаруашылығы құрылымдарына 60 млрд теңгеге қолдау көрсетілген болса, биыл оның көлемі 100 миллиард теңгеге ұлғайып отыр, – деген болатын аймақ басшысы.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, даланы дәнге толтыру үшін өңірде 770,4 мың гектар алқапқа дақыл егу жоспарланып, жыртылуы тиіс 104 мың гектардың қазіргі таңда 44,5 мың гектары жыртылып, 107,9 мың гектар алқапта өңдеу жұмыстары қызу жүріп жатыр екен. Айталық, егістік алқаптарында дәнді бұршақты дақылдарды 398,3 мың, майлы дақылдарды 72,2 мың, қант қызылшасын 10,4 мың, картопты 11,8 мың, көкөніс дақылдарын 44,8 мың, бақша дақылдарын 16,8 мың және мал азығы дақылдарын 216,2 мың гектарға орналастыру межеленген. Сондай-ақ, 45,3 мың гектарға жаздық масақты дақылдар себілсе, 4,9 мың гектарға көп жылдық шөп, 3,3 мың гектарға көкөніс, 290 гектарға майлы дақылдар, 187 гектарға картоп және 2,1 мың гектарға пияз дақылы егіледі деп күтілуде.
– Ағымдағы жылғы көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін ақпан-сәуір айларына жалпы 15,5 мың тонна дизель отыны бөлінді. Ал оны шаруашылықтарға тарату үшін облыс бойынша 14 оператор анықталып, 1 литр үшін тарату бағасы 204-214 теңге арасында бекітілді. Мұнай өндеуші зауыт пен таратушы операторлар арасында келісім шарт жасалып, тиеп-жөнелту жұмыстары жүргізілуде. Операторлар тарапынан ақпан, наурыз айларына тиісті көлемге 100 пайыз қаражат төленді Бүгінгі таңда, 9,8 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны облысымызға жеткізіліп, 5,4 мың тоннасы облыс шаруларына таратылды. Сондай-ақ көктемгі дала жұмыстарына қажетті 95,6 мың тонна тұқым көлемінің, бүгінгі күнге 76,8 мың тоннасы бар. Бұдан бөлек аймақтағы аттестатталған шаруашылықтарда 2 913 тонна сатылатын жаздық дақылдардың, оның ішінде жаздық арпаның «Бәйшешек», «Вакула» және «Арна» сорттарының элиталық, I-II репродукциялары және картоп дақылдарының «Артемис», «Латона» тұқымы пайдаланылмақ. Сонымен қатар қант қызылшасы дақылын 10 400 гектарға егу жоспарда тұр, – дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрби Жігітеков. Бұған қоса басқарма тарапынан шаруаларға қажетті жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Шаруашылық басшылары 50 пайыз қаражатты өз есебінен, қалған 50 пайыз қаржыны субсидия есебінен жабуы үшін тыңайтқыш жеткізушілермен мониторинг күнделікті жүргізілуде. Осыған байланысты «ҚазАзот» ЖШС «КAZ Chemicals Trading House» ЖШС және «Қазфосфат» ЖШС-ы зауыттармен меморандум жасалған. Облыс бойынша көктемгі дала жұмыстарына 6 883 дана ауыл шаруашылығы техникаларын қатыстыру жоспарланған. Бүгінгі таңда аудандарда ауыл шаруашылығы техникаларын жөндеу жұмыстары жүргізіп, көктемгі дала жұмыстарына дайындық 100 пайыз дайын екен.
Осылайша жамбылдық шаруалар көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындалуда. Дала төсі қызу еңбектің дүбіріне айналатын күн де жақын.

Жұматай Көксубайұлы

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.