Жамбыл облыстық қоғамдық-саяси газет

Дала демократиясының жаңа дәуірі

0 225

 Ұлттық құрылтай жанданғалы елдегі әлеуметтік-экономикалық мәселелер шешім тауып келеді. Жыл өткен сайын тақырып аясы кеңіді, айтылатын салмақты ой ұлғайды. Алқалы жиында назарда болған кемшілікті түзету заң шеңберінде бекіп, қоғамның оң бағытқа бет алғанын байқаймыз. Осы орайда бүгінге дейін өткен Құрылтайлардың маңызды тұстарына көз жүгіртіп көрмекпіз.

 Ескі үрдіс – есті жол

Халық жер-жерде айтылған ой-пікірдің бір ортада талқыланғанын қалағаны бар. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген ұстанымнан туса керек, талқы мен ұсыныстың саяси алаңын көп күтті. Себебі бұған дейін өңірлердегі қоғамдық кеңестер, азаматтық қабылдау жүйелі жүргенімен, елдік мәселені жалпыға бірдей жария қылуға қауқарсыз еді. Қоғам үні аймақтан әрі аспай, тіпті елордаға жеткен «даттың» еленбей қалатыны көп-тін.

Міне, Мемлекет басшысы осы олқылықты шешу үшін 2022 жылы Ұлттық құрылтай құруды ұсынды. Аты ескі болғанымен, заты заманға сай жаңа құрылымның мақсат-міндеті айқындалып, үш жыл қатарынан алқалы жиын үзілген емес.

– Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтің біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруы тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады. Қазіргі қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады, – деді Президент Жолдауында.

Бұл – ескі мен жаңаны жалғаған бірегей шешім десек болатындай. Бабалар тәжірибесінде тағдыршешті таңдау мен күрмеулі кедергі алқалы жиында талқыланған. Алтын орданың құрылуына Талас құрылтайы себеп болды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы тұсауын кесіп, кейінгі құрылтайда автономия статусын жариялағаны тарихтан мәлім.

Берідегі дәстүр де есте. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, яғни 1992 жылы Қазақтардың Дүниежүзілік құрылтайы өтті. 33 мемлекеттен келген қазақ егемен елдің іргесін кеңейтуді көздеді. Содан бері шетелдегі қандастардың басын қосқан құрылтай тоқтаған жоқ. Жиынның шалғайдағы қандастардың атамекенге оралуына айтарлықтай ықпал еткенін ешкім жоққа шығара алмас.

2022 жылы Мемлекет басшысының Жолдауынан кейін саяси жүйе өзгеше сипатқа көшті. Конституциялық реформалар, билік құрылымы өзгерді. Бастысы, жаңа ғасырда жанданған Ұлттық құрылтай тарихи тамырымен біте қайнасқан болатын. Алғашқы Құрылтай – ұлт ордасы Ұлытауда, кейінгі кеңес – түркі әлемінің бесігі атанған Түркістанда, өткен жылы – Сарайшық маңындағы Атырауда ұйымдастырылды. Биыл Құрылтай Көкшетау өңірінде өткізілмек.

Құрылтай – құр баратын жиын емес, көптің ойын жалқының тілімен жеткізетін жер. Байқасақ, әуелгіде мән-маңызына дендей қоймаған кеңес мүшелері кейін ашыла түскендей. Мысалы, Ұлытауда өткен алғашқы жиында 42 ғана ұсыныс түскен. Ал Түркістанда – 106, Атырауда – 149 ой-пікір айтылыпты, яғни уақыт өте кеңес құрамы мен мәселені жеткізу моделі жетіле түсті деген сөз.

Ұлтты ұйыстырған Ұлытау

Орайы келгенде Ұлттық құрылтайда қандай мәселелер көтерілгенін тарқатып көрейік. Ұлытаудан бастасақ, ұлттық мүддеге жолығамыз. Онда Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесімен жалғасты бастамаларды сөз етті. Әсіресе, митингілер туралы демократиялық заң, партиялық сайлау тізіміндегі әйелдер мен жастардың үлесін айтқан. Жаңа технологияларды қоғам игілігіне пайдалану әрі әрбір адамның ұсынысын жеткізу үшін «Quryltai» мобильді қосымшасын әзірлеу идеясы да маңызға ие.

Алайда Ұлытаудағы жиыннан туындаған ең басты шешім 25 қазан – Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтару болғаны анық. Тәуелсіздік күнінің мәнін түсірмей, жаңа датаға басымдық беруді жұрт құптады. Мемлекет басшысы қос мерекенің ара-жігін ажыратып, қай тұстан жаңашылдық көру керегін меңзеген еді.

– Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде аталып өтуі керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осылайша, 2022 жылы Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» заңға түзету енгізіп, қазақстандықтар Республика күнін қайта тойлауға мүмкіндік алды.

Қазіргі «еңбек адамы» ұғымының бастауы да Құрылтайға тиесілі. Алғашқы отырыста еңбекке баулу, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты тың ойлар ортаға тасталып, әлемдік еңбек нарығындағы үрдістер талданғаны мәлім. Сол кезде айтылған ұсыныстар аясында биылғы жыл «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланды. Құрылысшылар, геологтерге, кеншілерге мемлекетік наградалар табысталды. Еңбек күні бекітіліп, кәсіби мерекелерді атап өтуге ерекше мән беріліп жатыр.

Ұлытауда қанша жыл түйіні тарқамаған латын әліпбиіне көшу мәселесі сөз болған. Президент асығыс қадам жасауды жөнсіз деп бағалады. Латын әліпбиіне көшудің лингвистикалық негіздемесін жетілдіріп, қазақ тіліне арналған орфографиялық қағидаларды қайта қарағанда ғана жобаға қолдау болатынын бүкпесіз жеткізді.

Түркістан төрінде: мемлекеттік награда, шекаралас аймақ, жаңа тарих…

Ұлттық құрылтайдың екінші отырысы киелі Түркістанда өтті. Мұндағы тақырып алдыңғымен шамалас: құндылықтарды дәріптеу, мемлекеттік нышандарды жетілдіру, маңызды институттардың жұмысын жүйелеу, креативті индустрияны дамытудың жай-күйі бар.

Сол жолы Президенттен Республика күні қарсаңында мемлекеттік марапаттар әзірленетінін білдік. 2023 жылы «Ел бірлігі» атты жаңа награда мереке қарсаңында белгілі азаматтарға табысталып, кейін тарихи тұлғалардың атымен аталған ордендер жарыққа шықты.

Түркістандағы Ұлттық құрылтайда тарихқа ерек мән берілгені байқалады. Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне ұлттық тарихи-мәдени ескерткіш мәртебесі, «Ясауитану» ғылыми орталығын құру, Археология институтын жаңғырту, жеті томдық жаңа тарихты жазу ұсынылды. Қазір бұл идеяның біршама бөлігі бітуге таяу.

Жиында жастардың рухани азығы мен тән саулығы назардан тыс қалмаған. Құрылтайдан кейін «Балалар кітапханасы» атты жаңа жоба дүниеге келді, тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар қалыптасты. Оған қоса, Мемлекет басшысы нашақорлықпен күрестің кешенді жоспары әзірленетінін айтып, есірткімен күрес жұмысын реттейтін арнаулы құжат бастау алды.

Құрылтайда жекелеген мәселелер ғана емес, тұтас өңірлердің тағдыры шешілгенін көрдік. Ұлттық құрылтайда шығыс шекарадағы Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қалпына келтіру туралы шешім қабылданды. Тақырыпты жер тұтастығы мәселесімен қабыстыра білген Президенттің «шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз» деуі мемлекет ұстанымының нық екенін білдіргендей.

Атырауда не айтылды?

Сөзсіз, былтыр Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың тақырып ауқымы алабөтен. Қоғамдағы қателіктен бастап бизнестегі бағытқа дейін қамтылды. Мысалы, жиында ата-бабасына арнап ескерткіш орнату көбейгені, дәстүрлі емес діни ұстанымдағы азаматтардың құндылықтарға көзқарасы ашық сыналғанын ұмытпадық.

– Соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар – бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы да жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек, – деді Президент.

Құрылтайда лудоманияға шалдыққан қазақстандықтардың саны 400 мыңға жуық екені алғаш айтылды. Құмар ойын үшін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған жандардың тағдыры кеңес мүшелерін бейжай қалдырмаған болатын. Кейін онлайн ойындарға қатысты арнайы заң қабылданып, сала оңала түсті.

Жалпы Атыраудағы жиынның көмегі ерекше көп болғанын жоққа шығара алмаймыз. Дәл осы үшінші кеңестің аясында 300-ге жуық мәселе талқыланып, 40 бөлімнен тұратын арнайы жоспар қабылданды. Сол жылы Мемлекет басшысы тұрғын үймен қамтуға арналған жоба жүзеге асатынын сүйіншілегеннен кейін «Наурыз» бағдарламасы ашылды. Мұның барлығы – халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға қосылған тамшыдай үлес.

 Құрылтай тарқатқан түйін

 Бүгінге дейін Ұлттық құрылтайдың бастамасымен бірқатар заң қабылданыпты. Атап айтсақ, әйел құқығы мен бала қауіпсіздігін күшейту туралы заң, вейп саудасына тыйым салу, мемлекеттік наградалар мен ономастика туралы заң қабылданған. Бұл қатарға вандализм мен ойын бизнесін шектеу туралы құжат қосылды. Оған қоса, есірткі өндіруді және сатуды ұйымдастырғаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған түзетулерді атап өткен жөн.

Бұдан өзге өзгеріс жетерлік. Мысалы, Шығыс Қазақстан облысы мен Абай облысында жаңа аудандар құрылуы – Ұлттық құрылтайдың жемісі. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығына «Ұлттық» мәртебе берілуі, «Қазақстанның халық жазушысы» атағы қайта жарыққа шығуы да оң нәтиже санатында.

Бурабай баурайындағы баянды басқосу

Абылайдың ақ Туы тігілген Көкшетау төрінде өткен биылғы басқосудың да халыққа берері мол болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиында сөйлеген ө сөзінде елдің жаңғыруы, салық реформасы және цифрландыру мәселелеріне ерекше тоқталды. Бұл тақырыптар – жай ғана өзекті мәселелер емес, олар елдің болашағын айқындайтын стратегиялық бағдарлар.

Бүгін Қазақстан жаңа мүмкіндіктер мен сын-қатерлер дәуіріне аяқ басты. Мемлекет алдында заманауи өзгерістерге бейімделіп қана қоймай, әлемдік өрлеудің алдыңғы қатарынан орын алу міндеті тұр. Президенттің айтуынша, уақыт күтпейді – бізге үлкен шешімдер қабылдайтын кез келді. Ұлттық құрылтай осы жолда маңызды шешімдер қабылданатын алаңға айналды.

Құрылтайда көтерілген басты мәселелердің бірі – салық жүйесінің жаңғыруы. Президент мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін толық орындау үшін тұрақты қаржыландыру қажет екенін айтты. Алайда халықтың көбі экономикалық және қаржылық мәселелерді терең түсінбейді. Сондықтан бұл реформаларды қарапайым тілмен түсіндіру маңызды.

Қоғамда үлкен пікірталас тудырған мәселелердің бірі – ҚҚС (Қосылған құн салығы) мөлшерлемесін көтеру. Кейбір сындарға қарамастан, Президент мұндай қадамның экономикалық қажеттілікке негізделгенін атап өтті. Қазақстан – әлеуметтік жауапкершілігі жоғары мемлекет. Біздің бюджетіміздің жартысынан көбі әлеуметтік салаға жұмсалады. Сондықтан салық саясаты әлеуметтік әділеттілік қағидатына негізделуі тиіс.

Тоқаев бизнесті бөлшектеу арқылы салықтан жалтару тәжірибесіне ерекше тоқталды. Бұл әділетті бәсекелестікке нұқсан келтіріп, адал кәсіпкерлерді әлсіретуде. Осыған байланысты заңнамадағы осындай кемшіліктерді жою және салық саясатының әділеттілігін қамтамасыз ету үшін Парламент пен Үкіметке шұғыл шаралар қабылдау тапсырылды.

Сонымен қатар, салық режимдерінің санын қысқарту, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру және тиімсіз салықтық жеңілдіктерден біртіндеп бас тарту көзделіп отыр. Бұл шаралар экономика дамуына серпін береді.

Құрылтайда өңірлік саясатқа ерекше назар аударылды. Президент соңғы үш жылда ауыл әкімдерінің құрамы 72 пайызға жаңарғанын, ал 2024 жылдан бастап барлық аудан әкімдері халықтың тікелей сайлауымен анықталатынын айтты. Бұл – жергілікті басқару жүйесінің ашықтығын арттыруға жасалған үлкен қадам.

Биыл нақты секторды дамытуға 8 триллион теңге бөлінсе, алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 триллион теңгеге жетеді. Өңірлерде жаңа экономикалық өсім нүктелері қалыптасып, кәсіпкерлік пен инфрақұрылымға ерекше көңіл бөлінбек.

Президент орталық пен батысты байланыстыратын жаңа тасжолдың салынатынын мәлімдеді. Бұл жоба көлік қатынасын жақсартып қана қоймай, шекара маңындағы өңірлердің экономикалық өрлеуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Арқалық әуежайын қайта жаңғырту туралы шешім қабылданды.

Бұл туралы Президент: «Мен Үкіметке Астанадан Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне тура шығатын автокөлік жолының құрылысын бастауды тапсырдым. Жаңа күре жол орталық және батыс аймақтардың арасын 560 шақырымға қысқартады. Бұл – тұтас Торғай өңірінің дамуына тың серпін беретін ауқымды жоба.

Бұдан бөлек, Арқалықтағы әуежайды қалпына келтіріп, жаңа аэровокзал салған жөн. Бұл жоба ішкі көлік қатынастарын едәуір жақсартады. Сондай-ақ орталық аймақтағы ауыл шаруашылығы жерлерін игеруге және мал шаруашылығын дамытуға тың серпін береді. Елімізде машина жасау, металлургия, мұнай-химия, агроөнеркәсіп және көлік-логистика салаларында мұндай жобалар аз емес, – деді.

Ауыл-аймақты дамыту – елдің тұрақты дамуы үшін маңызды фактор. Осыған байланысты өңірлік даму стратегиясы қайта қаралып, аймақтар арасындағы теңсіздікті жоюға бағытталған жаңа шаралар әзірленбек.

– Алдағы төрт жыл ішінде елімізде жыл сайын 200-ге жуық инвестициялық жоба іске қосылып отырады. Осы арқылы біз мемлекеттің жаңа индустриялық қалыбын жасап, көлік-транзит әлеуетін нығайта түсеміз.

Біздің мемлекетімізге ірі инфрақұрылымдық жобалар өте қажет. Ауқымды жобалар аймақтардың экономикалық мүмкіндігін арттырады. Мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға ықпал етеді.

Жалпы айтқанда, ірі жобаларды жүзеге асыру – еліміздің осы аймақтағы көшбасшылық рөлін арттыратын бірден-бір жол. Біз 2022 жылы жаңадан үш облыс құрып, осы аймақтардың дамуына күшті серпін бердік. Бұл ақыры дұрыс шешім болды. Әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер едәуір артты, инвестиция келе бастады. Соның арқасында жергілікті тұрғындардың тұрмыс сапасы да жақсара түсті, – деген Мемлекет басшысы Үкімет жаңа облыстардың ахуалын бақылауда ұстап, оларға көмектесу қажеттігін баса айтты.

Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің дамуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді. Бұл тек мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырып қана қоймай, экономиканың да жаңа деңгейге шығуына ықпал етеді.

Тоқаев бұл мәселеге жеке бақылау жүргізетінін атап өтті. Қазіргі таңда Қазақстан АҚШ, БАӘ, Қытай сынды елдермен бірлесіп цифрлық инновацияларды енгізуге жұмыс істеп жатыр. Астана Smart City жүйесіне көшуді жоспарлап отыр.

Президент цифрлық активтер индустриясын дамыту қажеттігін де айтты. Криптовалюта нарығын реттеуді оңтайландырып, инвестицияларды тартып, салық түсімдерін арттыру қажет.

Еліміздің цифрлық егемендігін нығайту мақсатында ұлттық деректер орталықтарын құру, инфрақұрылымды кеңейту және жасанды интеллект технологияларын мемлекеттік басқаруда кеңінен пайдалану көзделген.

Мемлекет басшысы еліміздегі туризм саласының да ахуалын назардан тыс қалдырмады. «Жергілікті жердегі республикалық және халықаралық іс-шаралар өңірлердің туристік әлеуетін арттыруға ықпал етеді. Биыл Таразда өтетін «Достастық жәрмеңкесі» осындай жобаның бірі болмақ. Жәрмеңкеге көптеген елдің қолөнершілері мен ауыл шаруашылығы мамандары шақырылды. Бұл іс-шара серіктес елдермен экономикалық байланысымызды одан әрі күшейтеді. Сонымен қатар ең көне сауда және мәдениет орталығының бірі – Тараз қаласының беделін арттыра түседі, облысқа жаңа инвестиция тартуға және туристердің көптеп келуіне септігін тигізеді.

Жалпы, әр аймақта жұртшылық асыға күтетін әрі дәстүрге айналған осындай маңызды мәдени-туристік іс-шаралар өтіп тұрады. Оны негізінен демеушілердің қаражаты есебінен ұйымдастырған жөн. Іс-шараларды жыл бойы жалғасатындай етіп біркелкі бөлу, бренд ретінде қалыптастырып, жарнамалау қажет.

Әрбір оқиға бұқаралық ақпарат құралдары арқылы көрсетіліп, ел ішінде және шетелдерде жұрт назарына ілігуге тиіс.

Мұның бәрі адамдардың аймақтарға қызығушылығын арттырып, туризмді дамытуға мүмкіндік береді, – деген Қ.Тоқаев туризм – бизнес пен экономиканың тұтас саласы болғандықтан білікті мамандар даярлау жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.

Осылайша, бұл ұлттық құрылтай   тағы да Қазақстанның ауқымды өзгерістер жолында тұрғанын көрсетті. Жүргізіліп жатқан реформалар – әділетті, мықты және технологиялық дамыған мемлекет құруға бағытталған.

Қазақстан жаңа дәуірге қадам басып келеді – бұл даму, өзгеріс пен өрлеу кезеңі. Президент нақты айтты: біз бүгін болашақтың іргетасын қалаймыз. Біздің ертеңгі күніміз бүгінгі шешімдерімізге байланысты.

Еліміз өзгеріп келеді – жаңа инфрақұрылым салынып, экономика дамып, цифрлық технологиялар енгізілуде. Бірақ бұл өзгерістер жалғасын табуы үшін бізге күш, бірлік және қажырлы еңбек қажет.

Қазақстан – бұл біздің ортақ үйіміз. Біз оны өзіміз, балаларымыз және болашақ ұрпақ үшін тұрғызып жатырмыз. Әрбір азамат осы ұлы іске өз үлесін қосуы тиіс. Өйткені, елдің жетістігі – әрбіріміздің жетістігіміз.

Еркін Шамшадин,

журналист

Пікір қалдырыныз

Your email address will not be published.